Басты ақпаратҚала мен Сала

ҚҰРЫЛЫСЫ КІДІРМЕЙТІН ҚАЛА

Қаржылық дағдарыс жағдайына қарамастан, елорда әкімдігі қала тұрғындарын баспанасыз қалдырмайды. Қажет болса, қала халқының игілігі үшін ала таңнан тынбай еңбек етіп жүрген құрылысшыларға да уақытша болса да, баспана салып беруге дайын. Кеше
қала әкімдігінде Құрылыс басқармасының мамандары арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысының жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті.

????????????????????????????????????

Арендалық баспана көбейеді
Құрылыс басқармасының басшысы Талғат Рысбековтің айтуынша, 2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту бағдарламасы іске асырыла бастаған күннен бастап бүгінге дейін барлығы
4 056 пәтерден тұратын 16 тұр­ғын үй кешені пайдалануға берілген. «Бүгінге дейін пайдалануға берілген пәтер­лердің жалпы ауданы 215,5 мың шаршы метр болып отыр. Оның 158,33 мың шаршы метрі, яғни 2 927 пәтер тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы болса, 27,0 мың шаршы
метр болатын тағы 672 пәтер жас отбасыларға арналған арендалық тұрғын үй бағыты бойынша берілді. Қалғаны жалпы кезекте тұрғандарға арналған арендалық баспана бағыты бойынша алып отыр. Сонымен қатар, биыл аталмыш бағдарлама аясында тағы 801 пәтер пайдалануға берілетін болады. Келер жылы да 1800 баспана тапсыру жоспарланып отыр» дейді Астана қалалық Құрылыс басқармасының басшысы Талғат Рысбеков.
Бүгінде жалпы қала бойын­ша тұрғын үй кезегінде тұр­ғандардың саны 43 мыңға жуықтаған. Басқарма мамандары мәселені шешу мақсатында елорданың Құрылыс басқармасы Қазақстанның тұрғын үй құ­рылыс жинақ банкі жүйесі арқылы несиелік және жергілікті атқарушы органдар есебінен кезекте тұрғандарға арналған арендалық баспана жобасын қолға алып отырғанын мәлім етті. Биылдың өзінде осы жоба негізінде жалпы ауданы 53,13 мың шаршы метр болатын 984 пәтерлік 3 көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы басталыпты. Бұл пәтерлердің 530-ы Астанада жергілікті атқарушы органдар қатарынан кезекте тұрған азаматтарға бөлінсе, 311-і Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесі негізінде халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына арнап салынып отыр. Қалғаны қарапайым тұрғын үй кезегінде тұрған еңбек азаматтарына үлестіріледі. Аталған тұрғын үй кешендерін тапсыру мерзімі 2017 жылға жоспарланған. Бұл жоба да 2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде іске асырылмақ. «Бүгінгі күні 2 тұрғын үй кешенінің құрылысына жобалық-смета­лық құжаттама әзір тұр. Сонымен қатар, құрылысшыларды да баспанамен қамту мәселесін қойып отырмыз. Қалада құры­лысшылар тұратын тұтас бір аудан керек. Ол жерлерде құрылысшылар үшін уақытша жатын орындар салынады. Өйткені құрылысшылар қазір негізінен салынып жатқан нысандарда тұруға мәжбүр. Бүгінде санитарлық қызмет мамандары ол орындардың заң талаптарына сай немесе сай еместігін тексеріп жатыр. Егер ұсынысымыз қабылданатын болса, мемлекеттен еш шығын кетпейді. Жобаға инвесторлар тартылады. Құрылысшылар қалада әрлі-берлі қаңғымайтын болады. Кешке дейін жұмыстарын істеп, таңертең қайта жұмыс орындарына оралады. Бұл қылмыстық ахуалға да оң әсерін беретін болады» дейді Құрылыс басқармасының басшысы.

Апатты үйлер азайды
Арнайы баспасөз мәсли­ха­тында Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ержас Айтуғанов қаладағы апатты үйлер мәселесінің де рет-ретімен шешіліп жатқанын айтты: «Бірнеше жылдан бері апатты үйлер мәселесімен «Елорда даму» компаниясы айналысып келеді. Пилоттық жоба негізінде қолға алынған бұл бастама өз нәтижесін беріп отыр. «Елорда даму» пилоттық жобаны іске асыру
шеңберінде 5 204 пәтерден тұратын жалпы ауданы 375 мың шаршы метр 44 тұрғын үйді пайдалануға тапсырды,
оның ішінде жалпы құны 12,6 млрд теңгені құрайтын 1 638 пәтер ақысыз негізде коммуналдық меншікке бері­леді. Ағымдағы жылғы 9 айда тапсырылған 1 849 пәтер­дің
1 049-ы пәтер осындай апатты үйлерден көшірілген тұр­ғындарға тиесілі».
Жиында, сонымен қатар, үлескерлер мәселесі, өз ісіне жауапсыз қарайтын мердігерлер және олармен күрес жайы сөз болды. «Қаржы жетеді, құрылыс жұмыстарының дер кезінде тапсырылуына кей жағдайда жауапсыз мердігерлер кедергі келтіріп отыр. Тендер кезінде сан түрлі амал тауып жеңіп алады да, артынша міндеттелген шаруаны орындамай кетеді. Зиянын қарапайым халық пен мемлекет шегеді. Авторлық және техникалық бақылау қыз­меттері бар. Құрылыс саласы күнделікті бақылаудан еш түскен емес» деді Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ержас Айтуғанов. Түйіндеп айтқанда, Астана құрылысы кідірмейтін қала болып тұр.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button