Басты ақпаратҚала мен Сала

Құрылысы қарқынды қала

Елорданың құрылысы ешқашан бәсеңдеген емес. Қала халқының саны көбейген сайын қызмет көрсету де арта береді. Балабақша, мектеп, емхана жетіспеушілігін жою мақсатында қолға алынған құрылыс жобаларының әлі күнге дейін жалғасуы – соның дәлелі. 

KBB_1340

Тұрғын үй салу тоқтамайды
Биыл Астана қаласында барлық қаржыландыру көздері есебінен жалпы ауданы 964 254 шаршы метрді құ­райтын 8 564 пәтер пайда­лануға берілді, бұл өткен жыл­дың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 25,8 пайызға артық.
Жасыратыны жоқ, күйіп тұрған мәселенің бірі – бас­пана. Бас қалада баспанасыз тұрғындар көп. Мемлекеттік қордан тұрғын үй алуға мұқ­таж жандардың қатары 40 мың­нан асады. Алайда оны шешудің жолдары қала билі­гінің назарынан тыс қалған емес. Биыл «2008-2010 жыл­­­дарға арналған Тұр­ғын үй құры­лысын дамыту» бағ­дарламасы бойын­ша қал­ған объекті­лердің құры­лы­сын аяқтау жоспарда бар. Яғни, Сарайшық көшесі мен Жұ­мабаев даңғы­лының қиы­лы­сында орын тепкен жалпы ауданы 21,8 мың шаршы метр болатын 310 пәтер және Ті­лендиев даңғылындағы көп пәтерлі тұрғын үй кешені. Осы нысандар уақытылы тапсырылса, мыңда­ған адам қоныс тойын тойлайтын болады.
Елордалықтардың игілі­гіне айналған байыпты бағ­дар­ла­маның тағы бірі – Аймақ­тар­ды дамытудың 2020 жылға дейінгі жобасы. Бағдарламаны жүзеге асыру басталғалы бері қалалық басқарма жалпы ауданы 192,2 мың шаршы метр болатын 3 653 пәтерлік 15 тұрғын үй кешенін пайдалануға берген.
Дәл қазіргі таңда бағдарлама шеңберінде жалпы ауданы 46,3 мың шаршы метр болатын 803 пәтердің құрылысы жүргізілуде.

Балабақша бой көтереді
Бас қаланың бүлдіршіндері үшін балабақша мәселесі жыл сайын шешімін тауып келеді. Бекітілген «Балапан» бағдарламасы аясында өткен жылы 2200 орынға арналған 9 балабақшаның құрылысы аяқталған болатын. Бұл – үлкен жетістік. Қаладағы бала­бақша құрылысы мұнымен тоқтамайды. Биыл да жаңа балабақшалар бой көтереді. Құрылыс басқар­масының мәлі­метіне сүйенсек, наурыз айына қарай «Көктал-2» ауданында тәулік бойы жұмыс істейтін 240 орындық мектепке дейінгі санаториялық мекеме мен №8 «Рябинка» балабақшасына жапсарлас салынған 60 орындық ғимарат іске қосылады.

Әуелгі кезекте әлеуметтік нысандар
Қала әкімдігі әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігін халықтың көптігімен тіке­лей байланыстырады. Астана­лық­тардың саны артқан сайын оларға көрсететін қызмет сапасы да жақсы болуы тиіс.
Баршаға белгілі, кезінде мектеп оқушылары үш ауысыммен де оқыды. Қуантатыны, бұл мәселе де өз шешімін тауып, артта қалды. Былтырдың өзінде 4700 орынға арналған жалпы білім беретін 4 мектептің құрылысы аяқталған болатын.

   Маман пікірі

  • Ербол Байсаматов, Астана қаласы Құрылыс басқармасының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің басшысы:
    – Биыл 600 орындық жалпы білім беретін мек­­теп, 800 орындық екі кә­сіп­­тік техникалық мектеп және 375 орындық кор­рекциялық мектеп-интер­нат ашылады. Бұдан бөлек, осы жылы №16, 32, 37 мектептерге әр­қай­сысы 525 орындық жап­сарлас ғимарат салынады. Денсаулық сақ­тау нысандарының ішінде «Железнодорожный» тұрғын алабы­ның солтүстік-шығы­сын­да орналасқан 500 орын­дық туберкулезге қарсы диспансердің құ­рылысы аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ, сот-­психиатрия сарап­та­ма­­сының ғимараты то­лық­тай аяқталып, күніне 274 шақыру қабыл­дай­тын жедел медици­налық жәр­дем станциясын салу жұ­мысы жалғасады.

Құрылыс өнеркәсібі қалай дамуда?
Қала құрылысы туралы айтқанда, құрылыс өнеркәсібі туралы айтпасқа болмас. Елордадағы қарқынды жұ­мыстар кезінде құрылыс материалдарына деген сұранысты арттырған еді. Мәселен, қала құрылысына қажетті цемент Ақтау мен Өскеменнен, кірпіш – Семей, Павлодар, Қарағандыдан, мәрмәр тас, әрлеу материалдары Алматы және Жамбыл облыстарындағы кеніштерден жеткізілетін. Көбіне Семей, Қарағанды, Алматы зауыттарынан шықан бұйымдар мен жабдықтар пайдаланылды. Ал, ғимараттың сыртқы қаптауышы, жылу өткізбейтін және жабын материалдар сырттан әкелінді.
Бүгінде Астанада құрылыс индустриясы қанат жайды. Осы саладағы кәсіпорындардың саны біршама артты. Құрылыс материалдары өндірісінің дамуында оң өзгерістер бар. Бетон, кірпіш, ағаштан және темірден жасалған бұйымдар өзімізде де өндіріледі.
Елордалық Статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2016 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында құрылыс индустриясы кәсіп­орындарында металл есіктер мен есік босағалары, терезе және оның жақтаулары 190,3 пайыз, құрылыс ері­тінділері 150,7 пайыз өсімді құраған. Сонымен қатар, пласт­массадан жасалған есік-терезелер, қо­раптар, цементтен жасалған бұйымдар, құрылыс үшін жасанды тастан жасалған элементтер, болаттан жасалған сэндвич-панельдер, жоғары қысымды трубалар және металл конструкцияларын өндірудегі жеткен жетістіктер қуантады. Бір сөзбен айтқанда, Астанада құрылыс материалдарын шығаруда әлемдік стандартқа сәйкес келетін жаңа технология­ны енгізу және құрылыс мате­риалдарының жаңа түрлерін өндіру жо­лындағы игі қадамдар жал­ғасын таба бермек.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button