Мәдениет

Құс жолында жоқ қараған ақын

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының тұңғыш лауреа­ты, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әбубәкір Смайыловтың «Құс жолында біреу жүр жоқ қараған» атты кітабының таныстырылымы өтті.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жарық көрген бұл жинаққа ақынның соңғы жылдары жазған азаматтық поэзиясы мен лирикалық өлеңдері енген.

Ақын кітабының тұсаукесер салтанатына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, белгілі журналист, көптеген отандық телехикаяның авторы Арман Сқабылұлы, ақын, журналист Әділбек Қаба, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әділбек Ыбырайымұлы, жазушы, әдебиеттанушы, кинодраматург Айгүл Кемелбаева, сондай-ақ ақынның жауынгер достары мен қорғаныс саласының өкілдері, бір топ зиялы қауым қатысты. Кеш тізгінін «Түркістан» газетінің бас редакторы, белгілі ақын Бауыржан Бабажанұлы ұстады.

Іс-шара барысында ақынның достары артта қалған жылдарды еске алып, жылы естеліктер айтты. Ал қазақ халқының бесігі ақыннан босамаған ел болғанмен, таланттардың таланттысы аз екенін, санаулы ақындардың санатындағы сойы мен ойы бөлегі де осы Әбубәкір Смайылов екенін айтқан Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан ақынның поэзиясы хақында сөйлеп, авторға шығармашылық табыс тіледі.

– Бұл – жай ғана кітаптың тұ­саукесері емес, қазақ өлеңінің мерейтойы. Әбіш ағамыз – кешегі 90-жылдардағы Жұматай Жақыпбаев сияқты классик ақындардың көзін көрген, өзі де сол топалаң жылдарда топтан адаспай, қазақ поэзиясының көшінде жүрген ақын. Бастапқыда ағамызды лирик ақын ретінде танығанымызбен, бұл кісі кейін азаматтық поэзия­ның ірі өкіліне айналды. Оған қасындағы жүрген достарының, әскери салада қызмет атқарған кездерінің де әсері болса керек. Өйткені бұл кісінің курстастарының қай-қайсысын алып қарасаңыз да сүт бетіндегі қаймақтай жандар болды. Міне, сол қатардан бүгін ортамызда жүрген Арман Сқабылұлы, Әділбек Қаба, Айгүл Кемелбаева, Серік-Аббас-Шах болсын, дүниеден өтсе де, өлмейтін сөз қалдырып кеткен кешегі Табылды Досымов болсын – бәрі де осы кісінің қатарластары. Бір сөзбен айтқанда, ағамыз қоғамда болсын, әскери бағытта болсын өзінің азаматтық позициясынан айнымай, қай кезеңде де өз үнін естіртіп жүрді. Әрі бұл кісінің азаматтығы да адам сүйсінерлік. Ханның қасында жүрсе де, қараның қасында жүрсе де, өзінің қазақы болмысына көлеңке түсірмей, ағаны ағадай, ініні інідей сыйлап жүретін азаматтың бірі. Сондықтан мұндай ақындар, ағалар қай кезеңде де қоғамға керек. Мұзға салсаң қарғалдақ боп өніп шығатын, тасқа салсаң қарағай боп жарып шығатын Әбубәкір сияқты ақын ағаларымыздың шығармашылық жолы да, тағдыр жолы да қашанда ашық болсын! – деді депутат.

Кешегі Фариза Оңғарсынова сияқты классик ақындарымыз «…Әбубәкір – парасатты ақын. Мен Әбубәкірдің қыжылы мен қышқыл мұңы көп өлеңдері оқырманды елдік намыс пен жусанның иісіндей ұлттық болмыспен қоректендіреді деп ойлаймын және оның ақындық болашағына үмітпен қараймын» деп баға берген ақын кешінің соңы автордың өз өлеңін оқумен түйінделіп, жаңа кітабы елге таратылды.

Шапағат ӘБДІР

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button