Құстар кейіптеген қоғам бейнесі
Астанадағы «Қанаттылар» инклюзивті театрында көрнекті жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабековтің «Құстар фестивалі» музыкалық спектаклінің премьерасы өтті. Қойылымның қоюшы режиссері – мәдениет саласының үздігі Нұрфат Вахитов.
Аталған шығарма осыдан 32 жыл бұрын жазылса да, өзінің өзектілігін жоғалтпады. Спектакльде қоғамдағы теңсіздік, әлсіз бен мықтының арасындағы тартыс көрініс береді. Туынды заман өзгерсе де, адамзаттың пиғылы өзгермейді деген ойға жетелейді. Бізді қоршаған ортадағы әлсізге деген әлімжеттік, мықтыға деген мақтаулар бір сәтке де тоқтамағанына көз жеткізеді. Спектакльде адам баласы өзіне тән осалдық пен бойындағы көрсеқызар мінезін баса алмауы, білімді мен білімсіздің қалтасының қалыңдығына немесе күшіне қарап мақталуы құстар бейнесінде көрініс табады. Қойылымда құс төресі бүркіттен бастап, бұлбұл, жапалақ, тоты, сауысқан, қарға, тауыс, көкқұтан, т. б. құстардың кейпінде қоғамның шындығы бейнеленеді.
«Шығарма желісі бойынша құстардың арасында ән байқауы ұйымдастырылады. Қазылар алқасының төрағасы бүркіт елді ынтымаққа, бірлікке шақырады. Оның айналасында түрлі іс-әрекет өрбіп, бүркіттің қол астындағы сауысқан, жапалақ, тотылар қитұрқылыққа барады. Содан қазіргі қоғам бейнесі ашылып, мәдениеттің құлдырауы көрінеді. Осы пьесаны қоюдағы мақсатымыз – өзіміздің кем-кетігімізді түзеу, жақсыға сүйініп, жаманнан жирену. Театр өнерінің негізгі мақсаты да сол» дейді спектакльдің қоюшы режиссері Нұрфат Вахитов.
Қойылымда бұлбұл тұрып, қарға мен әтеш тартысқа түседі. Қарға өзінің құлқыны үшін әтештің балапанына әлемжетік көрсетеді, дауысы жоқ болса да, қазылар алқасын сатып алғысы келіп, оларға қолындағы барын беріп, ән байқауында жеңіске жеткісі келеді. Әтештің де әрекеті соған саяды. Яғни қойылым сыбайлас жемқорлықты, жең ұшынан жалғасуды да сынайды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ