Құстың үні
Жүрегім ауырады,
Наурыз туар,
содан соң сәуір әрі…
Бұрқақтары басылса бұл жалғанның –
Сырқаттары санамның сауығады.
…Жүрегім ауырады.
Ақ түтекке қарамай аңтарылып,
Тарғыл-тарғыл тастақпен
тартады жұрт.
Қарағанның түбінде қараңдаған-
Арман қалды қаңтарда қаңтарылып.
Кей түндерде әппақ түс көретін ем,
Бозторғайы Мәшһүрдің кел,
Өтінем!
Қаңтарылған арманды қаңтардағы –
Құтқарайық екеулеп жел өтінен…
Балапанды бездірсең ұясынан,
Ажырайды қаламым сиясынан.
Түнгі шаһар,
телмірем шамдарына,
Таупық берсін жаратқан,
қалғаныма…
…Үміттерді үздіккен үркітпеші –
Тұзақ тастай көрмеші, арманыма.
Жаным,
Сені жаныма жиі ертер ем,
Ағарғаның бар болса,
Құй, ертемен!
…Мына бүлік қай бүлік
кім айтады –
Мына заман қай заман,
Күй өртеген?…
Кім айтады,
қай бүлік,
мына бүлік?
Пенде түгіл ішінен тынады бұлт.
…Таңып берші,
жарасын құлынымның –
Жағып берші,
жанына шырақ – үміт!
Дара жұртта болады дана сенім,
Аңызына сыйғызған бар әсемін.
…Құстың үнін естідім
Таң алдында –
Бозторғайың сол шығар, Баба сенің!
23.01.22
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ