Қоғам

Құтқарушы болу – ердің ісі

Елордадағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде Абылайхан Кенжеғұлов есімді жас құтқарушы қызмет істейді. Еңбек жолын бастағалы небәрі үш-ақ жылдың жүзі өтсе де, ол өз жұмысының қыр-сырын түгелдей меңгеріп алған. «Біздің мамандығымыз мүлтіксіз тиянақтылықты талап етеді. Оның үстіне, егемендіктің төл құрдасы болу екі есе жауапкершілікті жүктейді екен» дейді кейіпкеріміз.

012

Абылайхан 1991 жылдың 23 жел­тоқсаны күні дүниеге келген. 2009 жылы Көкшетау техникалық институтына курсант ретінде қа­был­да­нып, аталмыш оқу орнын 2013 жылы бітіріп шығады. Содан бері Астанадағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері.
– Бүгінде менің қарамағымда 20-ға жуық маман бар. Олардың бәріне бас-көз болып, міндеттерін қалтқысыз қадағалау оңай шаруа емес. Әсіресе, төтенше жағ­дай кезінде бір-бірімізді ыммен тү­сінісіп, барынша сауатты қимылдауға тырысамыз. Төккен тердің ақталғанын қарапайым тұрғындар тарапынан айтылатын жүрекжарды алғысты естігенде ұғынамыз. Жалпы, құтқарушылардың миссиясы – парыз бен адамгершілік ұғымдарын әрқашан қатар алып жүру ғой, – деп ағынан ақтарылады Абылайхан.
Қаһарманымыздың есінде қалған ең елеулі оқиға 2014 жылы болыпты. Астанадағы Шәкәрім Құдайбердіұлы көшесінде орналасқан 16 қабаттық тұрғын үй өртеніп жатыр деген суыт хабарды ести салысымен, құтқарушылар лезде жетіп барады. Қараса, жоғары қабаттарда тұратын кісілер төмен түсе алмай жанталасуда. Дереу мамандар автосатыларын әзірлеп, әлгі адамдарға қол ұшын созуға ұмтылады. Абылайхан 14-қабатқа өрмелеп шығып, пәтердің терезесін сындырса, іште көздері жәутеңдеп бірнеше бүлдіршін отыр екен. Бірін көтеріп, бірін арқалап, арнайы баспалдақ арқылы жерге түсіреді.
– Бір адамның өміріне арашашы болғаныңды сезінудің өзі үлкен бақыт! – дейді кейіпкеріміз сол сәтті ойына алып. – Қызметің қоғамға шынымен пайда әкелсе, бұқараның қауіпсіздігіне титімдей үлес қосса, демек, дұрыс жолда жүрсің деген сөз. Бұл орайда менің расымен жолым болды.
Құтқарушылар тек өрт ортасынан табылады деп ойласаңыздар, қате­лесе­сіздер. Мысалы, Абылайхан бастаған бір топ маман осы уақытқа дейін небір тосын шақыруларға аттаныпты. Балалары бас­тарына құмыра киіп, қайта шығара алмай қалған немесе кілтін үйге ұмытып кетіп, есігін аша алмай әуреге түскен тұрғындар дереу осы қызметке жүгінеді. Ол ол ма, саусағына сақина кептеліп қалған әйелдер де құтқарушыларға теле­фон соғатын көрінеді. Сондай-ақ, бұл қаһармандар сынап төгілген жерді де түгелдей залалсыздандырады, ағашқа өрмелеп төмен түсе алмай қалған мысығыңызды да қолыңызға табыстайды, құдыққа құлап кеткен итіңізді де өзіңізге қайтарады. Қысқасы, нендей қауіпке де тойтарыс беріп, халықтың жайлы тұрмысын күзетеді.
Әңгіме барысында Абылайханның бойынан көшбасшылық, ұстамдылық және нағыз батырға тән қажыр-қайратты байқадық. Жас инженердің бөлім командирі деңгейіне көтерілуі, «ІІІ дәрежелі құтқарушы» төсбелгісімен марапатталуы, «Газ-түтіннен қорғау қызметіндегі үздік бөлім» сайысында жыл сайынғы жеңісі осы қасиеттерінің арқасы екені даусыз. Алдағы шақта да тау-тау жетістіктерімен әріптестерін, жақындарын, отбасын талай қуанта­тынына сеніміміз мол.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button