Құтқарушылар қауіпсіздік ережесі туралы үндеу жасады

Астана қаласы ТЖД «Қазгидромет» РМК деректері бойынша Астана қаласында 13 ақпанда бұрқасын болады. Оңтүстік-батыстан жел соғады, күші 15-20, күндіз екпіні 23-28 м/с болуы мүмкін. Осыған байланысты елордалық ТЖД қауіпсіздік ережесі туралы үндеу жасады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Астана қаласы ТЖД қатты жел және бұрқасын кезінде жарақат алмау үшін азаматтарға қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады:
– Қыс мезгілінде сақтық шараларын сақтыңыз. Дауылды ескертулерді қадағалау және ауа райы нашарлаған жағдайда алыс жолға шықпау.
– Жеке көлікпен жолға шықпаңыз. Егер қажет болса, қоғамдық көлікті пайдаланыңыз және маршрутыңызды алдын ала жоспарлаңыз.
– Көшеде абай болыңыз. Боран мен жел көруді қиындатуы мүмкін, жолдар тайғақ болады. Жылы киім, тайғақтан қорғайтын аяқ киім киіңіз.
– Жылыту жүйесін тексеріңіз. Үйіңізде жылыту дұрыс жұмыс істейтініне және отын жеткілікті екеніне көз жеткізіңіз.
– Көшеде ұзақ тұрмаңыз – аяз бен жел үсік шалуға себеп болуы мүмкін.
Төтенше жағдайлар кезінде «101» және «112» нөміріне хабарласыңыз.