Басты ақпарат

Қуыршақ театры тартымды ма?

Балалар жылына орай елордадағы Қуыршақ театрының тынысымен таныстық. Осы өнер ошағында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай режиссер Мейірім Арғынбаева­ның жетекшілігімен «Мультфильм еліне саяхат» атауымен премьера өтті. Театрмен танысу барысында мәдени мекемеде ашылғаннан бері жұмыс істейтін актриса, мәдениет саласының үздігі Салтанат ИШАНБЕКҚЫЗЫМЕН театрдың өткені, бүгіні мен келешегі туралы әңгімелестік.

[smartslider3 slider=3143]

Қуыршақ театры 2008 жылы «Жастар» театры­­ның жанынан ашылып, кейін 2010 жылы бөлініп шықты. Содан бері жеке отау болып жұмыс істеп келе жатыр. Сол кезді еске алған Салтанат Ишанбекқызы: «Алғашқы сәтті қойылымдар қатарына Қазақстанның өзге қалаларында көрсетіліп, «Қыз Жібек» эпосы желісі бойынша қойылған «Махаббат туралы аңызды» айта аламын. Театр қабырғасында қойыл­ған ерекше қойылымдар қатарына Айжан Салаеваның «Менің салған суретім» қойылымын жатқызамын. Бұл – Қазақстан бойынша тұңғыш сахналанған сөзсіз, тілсіз, тек қана әуен мен қуыршақтың әрекеті арқылы берілетін ерекше қойылым. Күрделілігі сонша, бір қуыршаққа үш адамнан түседі. Өмірдің пайда болуын, әр нәрсенің жұбы бар екенін көрсетеді. Ал адамзатқа келгенде ата-ананың ұрпақ үшін бірге болу маңызын насихаттайды, отбасыны басты назарға қояды. Келесі бір ерекше қойылым Роза Мұқанова­ның Семей полигоны зардабы туралы жазылған «Мәңгілік бала бейнені» көріп, көзіне жас алмай ешкім шықпайды» деді актриса.

Қуыршақ театры басқа театрлардай емес, жыл бойы, яғни 365 күн жұмыс істейді. Қазір осы өнер ошағында балалар туған күнін атап өтеді, балабақшамен қоштасып та жатады. Осы күндері театрда жаңа бағыттағы қойылымдар 3D экран арқылы қойылады.

«Бүгінде шетелдік экранизацияға еті үйренген балаларды таңғалдыру оңай шаруа емес. Үлкен театрға баратын адам – кішкентайынан театр сүйген, барып көрген бала. Өнерге жақын бала – сезімтал, білімді, болашақты ойлайтын бала. Театр көріп өскен бала «қайтсем біреудің кәмпитін не ойыншығын тартып аламын» демейді, керісінше, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін өнер арқылы ажыратып өседі. Біздің басты міндет – барлық жақсыны балаға, өскелең ұрпаққа беру» дейді Салтанат Ишанбекқызы.

Бір үлкен мәселе бар, бұл – ғимараттың тарлығы. «Балалар сыймай жатады, театрымызда көрерменге жағдай жасалмаған. Театр директоры Тоғжан Хасанғалиеваның арқасында «Құралай» фестивалі дүниеге келді. Оның маңызы – тәжірибе алмасу. Театрымызға 40 мемлекеттен шетелдік келеді, әрқайсысы өзінің жеке дара қойылымын қояды. Бір жылдары Италия елі сахна мүмкіндігін ескеріп, қойылымын видеоға түсіріп алып келді. Ғимараттың тарлығына байланысты Қ.Қуанышбаев театрын жалдаған кездер де болды. Бұл үлкен мәселеге айналып отыр. Осы жылды Балалар жылы деп бекер атамаған болар, бұл мәселе өз шешімін тауып, бізге жаңа ғимарат салынса, нұр үстіне нұр болар еді» дейді ол.

Салтанат Ишанбекқызы қуыршақ жасау мәселесі туралы да айтты. «Жан-жақтан қуыршақ алдыртамыз, бағасы өте қымбат. Көркемдік жетекшіміз Құралай Халекетқызы өзінің жеке қуыршақтарын театрға ойнатуға жиі беріп отырады. Себеп – қуыршақтар тапшы. Шетелдік театр өнері әртістерінің арасынан Ресей елінің шеберлігіне тәнтімін. Қуыршақтары отырып алып, үстел басында еркін, шынайы карта ойнап отырады ғой. Не деген шеберлік десеңізші?! Олар үлкен драмалық қойылымдарды Қуыршақ театрына әкеліп қояды. Осыған қызығып, біраз уақыт Ресейге суретшілерді жіберіп, оқытып алып келсек деген ниетіміз мемлекет тарапынан қолға алынбай отыр. Жастарды Ресейге апарып қуыршақ жасау өнерін оқытып-үйретсе, олар қайта келіп, соны біздің театрда жүзеге асырса қандай тамаша болар еді!» дейді актриса.

Қазір осы театрда режиссерлік өнер жақсы дамып келе жатыр. Құралай Ешмұратова Қазақ ұлттық өнер университетінде «Қуыршақ әртісі» деген бөлім ашты. Биыл Серік Мақұлбековтің курсын, Құралай Халекетқызының «Қуыршақ театрының режиссері» бөлімін бітірейін деп отырған түлектер бар. «Ендігі кезекте, қуыршақ жасайтын мамандар болса, тіптен гүлденіп кетер едік. Драматургияға келсек, Қуат Ежембек «Ер Төстік», «Наурызбектің хикаясы», «Атамның өсиеті» атты туындыларын жарыққа шығарып жатыр. Еркін Жуасбектің «Тоба» атты туындысын қойып жатырмыз» дейді актриса.

Салтанат Ишанбекқызы Қуыршақ театрына қызмет етуге келген адам – драманы да игеруі керектігін, техниканы да, әнді де айтып, биді де билеу қажеттігін, қуыршақпен бірге ойнап, дауыс ырғағын келтіре алуы керектігін айтады.

«Көрермен қызығушылығы артып отыр. Толығымен репертуарды жатқа білетін, жаңа қойылымдарды асыға күтетіндер де бар. Біз қазақ және орыс тілдерінде қойылым қоямыз. Бірақ орыс тіліне көп келетін – өзіміздің қаракөз қазақ балалары, сонысы қиындау. Ата-ананың таңдауы орыс тілі болып отыр. Мысалы, «Ер Төстіктің» орыс тіліндегі қойылымына көп келеді. Ең қызығы, басқа ұлт өкілдері қазақ тіліне көп келеді. Өздері ағылшын тілінде сөйлейді. Шетелдік бір отбасы бар. Балаларын сағат 12-дегі қойылымға алып келіп, кешкі 4-тегі қойылымнан кейін алып кетеді. Сонда барлық қойылымға билет сатып алады, қазақшасына да, орысшасына да. Бұл біздің мәдениетімізге деген қызығушылықтың нышаны деп түсінемін» дейді актриса.

Елімізде балдырғандардың эстетикалық тәрбиесімен айналысатын Қуыршақ театрлары көп емес. Соның бірі де, бірегейі де – елордадағы өнер ошағы. Театр тынысымен танысқан соң, ұжымға мәселелерінің шешілуіне шын тілектестігімізді білдіріп шықтық.

 Гүлім КӨПБАЕВА, Е.Бөкетов атындағы
Қарағанды университетінің студенті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button