Жаңалықтар

Қуыршақтай қызың жүр, қуыршаққа сыйынып

Сенім. Таңды таңға жалғап тұрған осы бір сезім екеніне, бәлкім, сенбессіз, бірақ, солай. Білсек, адамның адамға деген сүйіспеншілігіне арқау болған да – сенім; достықтың тұғыры болған да – сенім; аққу-махаббаттың қанаты болған да – сенім; кіршіксіз адалдықтың тірегі болған да – сенім. Себебі, адамның жақсыдан екеніне сенгендіктен жақын тұтамыз, досыңның сатпайтынына, сертінен таймайтынына сенгендіктен, өмір сапарына серік етеміз, жарыңның адалдығына сенгендіктен де сезіміңе селкеу түспейді. Енді бір сәт әлемді сенімсіз елестетіп көріңізші – хаос! 

Сенімнің ең ұлысы Аллаға деген сенім – иман. Ұлы болатын себебі – ешкім көзбен көрмеген құдіретті Жаратушының барына, ешкім пайғамбарлық берілген сәтіне куә болмаған Алланың елшісіне (с.а.с) және Құранның көктен түскен Хақтың кітабы екеніне риясыз сенуде. Өкінішке қарай, жер бетінде мұндай сенімнен ада адамдар да аз емес. Атам қазақ бәрінен де сондайлардан сескеніп, «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген екен. Атеисттердің әңгімесі бөлек, бұдан да сорақысы – Алладан басқаға Тәңір деп табыну, хақ сенімнен адасу. Яғни, пұтқа, жан-жануарларға, тау, өзен-су, ағаштарға, адамға (перғауын заманында ол да болған) т.б. сыйыну. Бұған Алладан басқа кез келген нәрсеге құдайлық сипат беру де жатады. Мәселен, Алланың әйелі, баласы бар және олар да тілектерді қабыл етуші деу. Осындай адасушылықты ислам дінінде серік қосу (ширк) деп атап, ең ауыр күнә қатарына жатқызады. Шариғат бойынша, Алла тағала серік қосқан пендесін кешірмейді.

Құдайға шүкір, қазақ әу бастан ислам дінін ұстанады. Яғни, біз ежелден ақидадан адаспаған қауымбыз деуімізге болады. Бүгінде дініміз қанат жайып, жайнамазда тізе қосқан жастарымыздың саны артып келеді. Осыған тәубе етіп, өзіңді сонау пайғамбар заманынан ақиқат дінді қабылдаған елдің ұрпағы санаудың өзі қандай ғанибет сезімге бөлейді десеңші?!

Осындай жайма-шуақ оймен мамыражай өтіп жатқан бір күні төбемнен жай түскендей болды.

Бір ағамыздың үйіне барсам, үйде жеңгеміз бен кішкентай қарындасымыз ғана бар екен. Қонақасы ішіп кетіңдер деп бәйек болған соң, отағасын күтіп, кешке қалдық. Оны-мұны сұрасып, әңгіме қызған шақта биыл төртке толған Ділдә ойнап жүрген түкпір үйден тарс еткен дыбыс шықты. Жалма-жан жетіп барды жеңгеміз. Төрде тұрған қыш құмыра құлап, быт-шыты шығып шағылыпты. Ділдә тұр «Өзі құлап қалды» деп.

Бұл үйде балаға ұрсатын адам Темір ағамыз екен. Мамасы жай ғана «Бәлем, әкең келсін, сыбағаңды береді» деді де қойды.

Асығып күн де еңкейді. Бізге енді-енді үйірсектеп, «нау немене, нау немене» деп жүрген Ділдә жым-жырт. Бір кезде домофон безектеп қоя берді. Трубканы көтерген жеңгеміздің: «Темір ағаларың да келді» дей бергені сол-ақ екен, Ділдә төргі үйге тұра қашты. Біз жымиысып, «әкесінен қорыққан түрін» дестік. Артынан алдап ертіп келейін деп кірсем… О, тоба!!! Төсектің басына шалқайта отырғызған қуыршаққа сыйынып отырған кішкене қыздың үстінен түстім: «Қасиетті будда, мені әкеме ұрысқыза көрме» дейді күбірлеп. «Қой, бұның не? дегенімде, – Ананди де солай істейді ғой! – деп қойып қалды. Кейін барып түсіндік, «Қазақстан» телеарнасынан көрсетілетін Үндінің «Келін» телехикаясындағы Анандиді айтып отыр екен. Қуыршақ құдайына сыйынып жатқанын өзіміз де талай көргенбіз, бірақ мән бермеппіз ғой.

Біз жоғарыда айтқан серік қосудың «фундаменті» осылай қаланады. Ал, сенімі теріс жан өзіне де, ата-анаға да, Отанға да адал бола алмайды. Ендеше, елге экраннан тиген жауға қалай қарсы тұруымыз керек? Әлде бізге бәрібір ме? Мен бұған бей-жай қарай алмадым. Сіз ше?

Ербол ЖАНАТ
Erbol.Zhanat@astana-akshamy.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button