Елорда күні

Құжаттар жинағы көрмесі

Елорда күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласының Мемлекеттік архивінде «Тәуелсіз Қазақстан астанасының тарихы архив құжаттарында» атты құжаттар жинағының таныстырылым-көрмесі өтті.

[smartslider3 slider=3413]

 

1997 жылы бас қаламыз Алматыдан Арқа төсіне қоныс аударған кездегі әрбір тарихи құжат өзіндік мән-маңызға ие екені түсінікті. Міне, осы аса құнды деректер Қазақстан ­Республикасы архиві мен Ұлттық архивтің қорынан алынып, зерделеніп, зерттеліп, көпшілікке ұсынылып отыр.

Бұл – үлкен еңбектің жемісі. Батыстың көз сүйсінтер сәулеті мен Шығыстың ғасырлардан жеткен ғажайып жауһарларын келбеттеп, шаһар тұрғызу кейінгі өскелең ұрпаққа қалдырар үлкен мұра болса керек. Осындай игі үрдіс нәтижесінде елдің геосаяси және экономикалық орталығы болып қалыптасып, қарқынды дамып келе жатқан жаңа қаланың алғашқы кезеңі мен кейінгі өсіп-өркендеу жылдарын баяндайтын архивтік құжаттардың басылымы зерделі де зейінді бұқараның кең аудиториясын қызықтырары сөзсіз.

Құжаттар жинағына ресми материалдар – ҚР Президентінің Жарлықтары, өкімдері, қаулылары, Үкімет қаулылары, жоғары және орталық органдарды көшіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның құжаттары, ҚР Президентінің қатысуымен қаланы салу және дамыту мәселелері жөніндегі кеңестердің хаттамалары, мемлекеттік органдардың оларды орындау жөніндегі материалдары, министр­ліктердің, ведомстволардың, елорда әкімдігінің қаржы-экономикалық, инженерлік-техникалық қамтамасыз ету мәселелері туралы ақпараттары енгізілді.

Құжаттардың жеке бөлігі қаланы көгалдандыру мен мегаполистің жасыл белдеуін құру, сондай-ақ елорданың мәдени келбетін қалыптастыру мәселелерін қамтиды. Сонымен бірге жинақ Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік архивінің, ҚР Ұлттық архивінің, Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік архиві қорларынан алынған кино-фото құжаттарымен, дыбыс жазбаларымен толықты.

Тағы бір атап өтерлігі, Нұр-Сұлтан қаласының Мемлекеттік архивінде құжаттар жинағының таныстырылымына орай «Елорда архиві: фото­құжаттардағы қала тарихы» атты көрме ашылды.

Мұрағат құжаттары негізінде ұйымдастырылған көрмеде қаланың даму тарихының негізгі кезеңдері мен ел астанасы ретінде жетілуін сипаттайтын фотоқұжаттар мен тарихи мәлімет-деректер мол жинақталған. Бұл іс-шараны өткізудегі негізгі мақсат – 1832 жылы Ақмола округтік бұйрығы шыққаннан бастап бүгінге дейінгі жүріп өткен тарихи жолды көпшілікке кеңінен таныстыру.

Таңатар Төлеуғалиев

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button