Ақтаңдақтар ақиқатыБасты ақпарат

Қуғын-сүргін құрбандары ұмытылмайды

Еліміздің жүрегі – Астана қаласында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия құрылған. Астаналық комиссия құрамында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институты, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалы, Астана халықаралық университеті, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің жетекші ғалымдары, Астана қаласының біріккен музейлер дирекциясының, Астана қаласы мемлекеттік архивінің қызметкерлері бар. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері – Астана қаласының мемлекеттік архиві мекемесі ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы Ғазиза ИСАХАН – Астана қаласы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия мүшесі, топ жетекшісі.

– Қазан төңкерісінің аласапыран құйыны, әс­кери коммунизм саясаты, еріксіз ұжымдастыру, малынан айырылған елдің алапат аштыққа ұшырауы, 37-нің қырғыны, одан кейінгі соғыс, міне, түгел термелемей-ақ, бас-аяғы 20-30 жыл ішіндегі осы трагедияның бәрі Ақмола өңірінде ерекше көрініс алды емес пе?

– ХХ ғасыр – қазақ халқы үшін тауқыметі мол, қарама-қайшылығы көп зерттеуді, зерделеуді қажетсінетін тарих үзігі. Ұлт үлкен империяның қатыгез тәжірибесінің (экспериментінің) құрбаны болды. Тоталитарлық жүйенің саясатынан миллиондаған жазықсыз жан жапа шекті, жүздеген мың адам атылды, асылды, түрмеге қамалды, босқыншылыққа ұшырады, атамекенінен айырылды. Ұлттық болмысты сақтауға жан-жақтан қыспақ жасалды. Бұрын-соңды болмаған ашаршылықтан халықтың 49 пайызы қырылды, зия­лылар қуғындалды, тілге, әдебиетке тосқауыл қойылды. Екі рет әліппе ауыстырылды. Ұлт ғасырлар бойғы дағдысынан айырылды. Алаш қайраткерлері, одан соң дін өкілдері, одан соң бай-кулактар, олардың ағайын-туысы, тіпті қарапайым халық қуғынға ұшырады. Бұл – жалпыға белгілі жағдай. Біздің мақсатымыз осы оқиғалардың салдарын зерделеумен айқындалды. Яғни халық жадын тарихи шындық негізінде қалыптастыру мақсатында кеңестік режимдегі қуғын-сүргіннің ауқымын анықтау, құрбандардың толық тізімін жасау, азаматтардың жазықсыз атылған, жерленген орнын анықтау, арнайы архивтердегі құпия құжаттарды құпиясыздандыру, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң жобаларын дайындау жұмысын үйлестіруде, ұйымдастыру бағытында мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсе қызметкерлерінің, кеңсе басшысы, заңгер-ғалым Сабыр Қасымовтың еңбегі ерекше. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның жұмыс тобын құру жұмысынан бастап әрбір өңірге, әрбір зерттеушіге, әрбір архивке қажетті жадынама әзірлеу, ғылыми-әдістемелік көмек көрсету, бағыт беру, семинар өткізу, қат-қабат жұмыстар жүргізілді.

Нәтижесінде қуғын-сүргін бойынша 2 млн 400 мыңнан аса құпия құжат құпиясыздандырылды, 3 млн-нан астам қуғын-сүргін құрбаны мен зардап шеккендер анықталды, 2 заң жобасы әзірленді. Ғалымдардың зерттеуі бо­йынша сотқа тартылғандар – 115 мың, атылғандар 25 мың болған еді, бұл цифр күн сайын өзгеруде. Жобалық кеңсенің соңғы мәліметі бойынша 311349 саяси қуғын-сүргін құрбаны ақталып отыр.

– Бір бұл ғана емес, бұған дейін де саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссиялар болғанын білеміз.

– Ғалымдар ақтау саясатын кеңестік, посткеңестік деп екіге бөледі. Кеңестік кезеңнің өзі «Хрущевтің жылымығы» мен «Горбачевтің қайта құруы» болып тағы бөлінеді.

Астана қаласының мемлекеттік архивінде 1920-1930 жылдардағы саяси қуғын-сүргін мәселелеріне қатысты Ақмола өңіріндегі мемлекеттік билік, мемлекеттік басқару, ішкі істер, заң, сот, прокуратура, басқа да мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйым­дардың құжаттары сақталған. Бұл жинақта архив құжаттарының тамшыдай бір бөлігі ғана жарияланды

КСРО-да контрреволюциялық қылмысы үшін лагерь, колония, түрмеде жазаға тартылғандар мен жер аударылған адамдардың ісін қайта қарау туралы орталық және жергілікті комиссиялар құру туралы КОКП ОК Президиумының қаулысы 1954 жылы 4 мамырда қабылданды.

Орталық және жергілікті комиссиялардың жұмысы 1954-1956 жылдары жүргізілді, комиссия жазаны жеңілдету, босату туралы шешімді аса сақтықпен, жалтақтап қабылдады. 1955 жылы 31 желтоқсанда құрылған «Поспелов комиссиясы» атауымен белгілі партиялық комиссия партия, мемлекет қайраткерлері мен әскери басшыларға қарсы қуғын-сүргін туралы мәселелерді қарастырды. Алғаш рет мемлекеттік деңгейде ресми тұлғалар Сталиннің өз халқына жасаған қылмысын әшкереледі.

Хрущевтің «жылымығы» аздаған демократиялық процестерге жол ашқанмен, оның көпшілігі жарым-жартылай әрекет болды.

30-40-жылдары және 50-жылдардың басындағы қуғын-сүргінге қатысты материалдарды қайта зерделеу жөніндегі КСРО ОК саяси бюросы жанынан 1988 жылы құрылған комиссия жазықсыз қудаланғандарға байланысты тарихи әділдікті қалпына келтіруді талап етті.

Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған сәттен бері саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде екі комиссия жұмыс жасағанын білеміз. Оның алғашқысы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1991 жылғы 12 қарашадағы қаулысымен құрылған академик Манаш Қозыбаев бастаған комиссия Қазақстан Орталық атқару комитеті мен КАКСР Халық комиссарлары кеңесінің 1928 жылғы 27 тамыздағы «Бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы», 1928 жылғы 13 қыркүйектегі «Аса ірі және жартылай феодал байларды тәркілеу мен жер аударуға қарсы әрекет жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық туралы» және 1930 жылғы 19 ақпандағы «Жаппай ұжымдастыру аудандарында ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құруды нығайту жөніндегі және кулактар мен байларға қарсы күрес жөніндегі шаралар туралы» қаулыларын зерделеп, зерттеп, 1993 жылы аталмыш қаулылар халыққа қарсы, халықты жаппай қуғын-сүргінге ұшыратқаны жөніндегі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төралқасы комиссиясының қорытындысын жариялады. Комиссияның қорытындысы мен шешімі Жоғарғы Кеңестің отырысына және қарауына енгізілмегендіктен, толық жүзеге аспады.

Екінші комиссия 1997 жылы депутат Сабыр Қасымовтың бастамасымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қаулысымен құрылған еді. Дегенмен 1993 жылғы 14 сәуірде қабылданған «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңында саяси қуғын-сүргін материалдары мемлекеттік құпияға жатпаса да, арнайы архивтердің құпия қорындағы құжаттар сол баяғы жабық күйінде қалды. Сол себепті саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау процесі толық аяқталмады, тарих ғылымындағы «ақтаңдақ беттер» де ашылмай қалған еді.

Нәтижесінде қуғын-сүргін бойынша 2 млн 400 мыңнан аса құпия құжат құпиясыздандырылды, 3 млн-нан астам қуғын-сүргін құрбаны мен зардап шеккендер анықталды, 2 заң жобасы әзірленді. Ғалымдардың зерттеуі бойынша сотқа тартылғандар – 115 мың, атылғандар 25 мың болған еді, бұл цифр күн сайын өзгеруде. Жобалық кеңсенің соңғы мәліметі бойынша 311349 саяси қуғын-сүргін құрбаны ақталып отыр

– Жуырда саяси қу­ғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия материалдарының негізінде жобалық кеңсенің ұйымдастыруымен дайын­далған көптомдық (31 том) жарыққа шықты. Көптомдықтың 23 томы Астана қаласының өңірлік комиссия мүшелері әзірлеген «Ақмола өңірі – архив құжаттарында (ХХ ғ. 20-40 жж.)» құжаттар мен материалдар жинағы шығып, архивтік құжаттарға тарихшы ғалымдар мен қалың көпшіліктің қолы жетті. Сол туралы толығырақ айтсаңыз.

– Бұл жинаққа Ақмола өңірінде сол кезеңдегі қоғамның шынайы келбетін ашатын 222 құжат топтас­тырылды. Жинақты құрас­тыруда саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия бекіткен зерттеу мен зерделеу жұмысының негізгі бағыттары басшылыққа алынды.

Құжаттар жинағына ХХ ғ. 20-40-жылдарындағы Ақмола өңірінің қоғамдық-саяси өмірі мен дәстүрлі шаруашылығындағы түбегейлі өзгерістер, халық өкілдерінің азаттық жолындағы күресі мен қызметі, әскери-саяси жағдай, ашаршылықтың салдары, тәркілеу кезінде мал-мүлкінен айырылған адамдардың жанайқайы мен шетел асуға мәжбүр болған босқындардың таралу аймағын көрсететін архив материал­дары топтас­тырылған. Сондай-ақ саяси науқандар мен жаппай қуғын-сүргінге қатысты бұйрықтар мен нұсқаулықтар, қаулы-қарарлар мен шешімдер, қуғынға ұшыраған жергілікті тұрғындардың арыз-шағымдары мен талаптары, ресми баяндау жазбалары, статистикалық мәліметтер және саяси құқығынан айырылған адамдардың тізімі енгізілген.

Астана қаласының мемлекеттік архивінде 1920-1930 жылдардағы саяси қуғын-сүргін мәселелеріне қатысты Ақмола өңіріндегі мемлекеттік билік, мемлекеттік басқару, ішкі істер, заң, сот, прокуратура, басқа да мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың құжаттары сақталған. Бұл жинақта архив құжаттарының тамшыдай бір бөлігі ғана жарияланды.

Жинақталған құжаттар мен материалдар Қазақстан Республикасы Президенті архиві (Алматы қ.), Қазақ­стан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві (Алматы қ.), Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архиві (Петропавл қ.), Қазақ­стан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы мемлекеттік архиві (Астана қ.) және Астана қаласының мемлекеттік архивінде сақталған қор негізінде жүйеленді. Париждегі Мұстафа Шоқай архивінен 1924 жылы эмигранттық басылымда жарияланған Ақмола өңіріндегі ашаршылық туралы жазылған мақаласы енгізілді. Сонымен қатар, қуғын-сүргінге ұшыраған түрлі санаттағы адамдардың жергілікті билік өкілдеріне жазған арыз-шағымдары мен талаптары, сот үкімдері араб әрпінен кириллицаға түсірілді.

– Маған жинақтың құ­рылымы ұнады. Елдегі өзгерістер кезең-кезеңімен сатылап жинақталғандықтан, қарапайым оқыр­ман сол жылдардың нәубетін бірден түсіне алады.

– Жинақ 3 тараудан тұрады: 1. Алаш қозғалысы және кеңестік биліктің қоғамды трансформациялау үрдістері. Бірінші бөлімде 78 құжат берілген:

Ақмолалық Алаш зиялылары, Ақмола облыстық, уездік және болыстық қазақ съездері, әскери коммунизм саясаты, Ақмола өңіріндегі ашаршылық, босқыншылық, кеңестік саясатқа қарсы көтерілістер, сайлау құқығынан айыру шаралары, діннен елді бе­зіндіру, діни орталықтарды жабу туралы мәліметтер беріледі.

Екінші тарау – «Саяси науқандар және оның салдары» (№79-179) атты бөлімде бай-кулактарды тап ретінде жою саясаты (байларды тәркілеу, жер аудару), халықты бір-біріне айдап салу, таптық жік туғызу, қырқыстыру, жерді, шабындықты бөлу, ауылды кеңестендіру жайлы айтылады.

Астық, ет дайындау науқаны, оған қарсылық танытқан адамдардың жазалануы, тергеу-сот процестері, бандалық топтар, ұжымдастыру науқаны туралы құжаттар қамтылған.

«Кеңестік биліктің қуғын-сүргін саясаты» (№180-222) деп аталатын тарауда партиялық тазалау­лар науқаны, дін өкілдерін қудалау, Қазақстан жеріне күштеп жер аударылған халықтар тағдыры, ГУЛАГ лагерінде жәбірленушілер, Екінші дүниежүзілік соғыс­та Еуропа елдеріндегі қазақстандық тұтқындар туралы құнды құжаттар жарияланған.

Еліміз тәуелсіздік алған соң, тарихи ақтаңдақтар қайта қаралып, жоғымызды түгендеп, құпия құжаттар ашылды, өткенімізді зерделеу басталды. Өрт орнындағы күлден қайта тірілген Феникстей Алаш арыстарының есімі қайтадан елге оралды, ұлт-азаттық күрес көсемдерінің өмірі мен шығармашылығын зерттеп, зерделеп, жарыққа шығару арқылы ұлттық санамыз да биіктей түсті. Алаш арыс­тарының рухына тағзым етіп, ұрпақтар жадында қалдыру мақсатында игілікті істер жасалып жатыр, көшелерге, мектептерге есімі берілуі, фильмдердің жарыққа шығуы, мемлекеттік деңгейде, ЮНЕСКО көлемінде мерейтойларының аталып өтуі – осының бәрі келер ұрпақ үшін тағылым, біз үшін мұның бәрі – қуғын-сүргін құрбандары алдындағы парыз, ұлт алдындағы ­жауапкершілік.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button