Құқық

«Қулардың» құрығы ұзын

Қазір мессенджер арқылы әртүрлі хаттар жиі келеді. Өзін Бангкок азаматы ретінде таныстырған Виктор Ли сондай хаттың бірін жолдады. Енді хабарының мәтінін талдайтын болсақ, кез келген адамды елітіп, еріксіз айтқанын орындауға итермелейді.

– Сізбен байланысуға мәжбүр болдым. Commerce International Merchant Bank Bangkok Thailand (CIMB) банкінің қызметкерімін. Бангкок қаласында алтын бизнесімен айналысқан марқұм Гентьян Байгенже есімді азамат 2009 жылдың 26 сәуірінде 12 миллион доллар депозитке ие болды. Өкінішке қарай, Гентьян COVID-19 вирусынан қайтыс болды. Нақтысын айтқандай, 2020 жылы 17 наурызда Германияның Берлин қаласында іссапар кезінде қайтыс болды. Гентьян мырза бірде-бір Next of Kin/Heir туралы айтқан жоқ және шот ашылған кезде туыстары табылмады, ол үйленбеген және балалары да болмаған, – деп ойын ширатып, шарықтата түседі.

Әрі қарай құрығын ілмекті ойластырып, өз ұсынысын жазады:

– Банк басшылығы Гентьяннің қайтыс болғаны туралы әлі білмейді. Оның шотына жауапты болғандықтан, менің хабарым ғана бар. Енді сізді шоттың жақын туысы/мұрагері ретінде тану үшін бірлесе жұмыс істеуді сұраймын. Сізге біздің банктің маманы есеп шот береді. Қаржыны 50 пайыздан тең бөлеміз. Құрметпен, Виктор Ли мырза. Электрондық пошта: leevictor558@gmail.com, – деп шарттарын ұсынып, электронды мекенжайын көрсетеді.

Іші-бауырына кіріп, тегін ақша береміз деп тұрған банк қызметкеріне сенесіз бе, сенбейсіз бе? Көп адам алаяқтықтың осы схемасына алданып, жер шұқып қалады. Себебі хаттың мәтіні мұнымен бітпейді. Өзін банк қызметкері ретінде таныстырған екінші адам: «Сізбен бірлесе жұмыс істегеніміз үшін қуаныштымыз. Бізге екінші деңгейлі банктің есеп шотын жіберіңіз. Операция кезінде код келеді. Кодты жіберуіңізді сұраймыз» деп хабарлама жібереді.

Мессенджермен хат жолдаған адамдар мұнымен шектелмейді. Өзін Айгерім Медетбекова деп таныстырған адам: «Сіздің профиліңізді жаңа ғана көрдім және сіз маған сәйкес болуыңыз мүмкін деп ойладым. Аустрияда тұрамын. Бауыр ісігімен ауырамын. Дәрігер аз өмір сүретінімді ескертті. Күйеуімнен 4 жыл бұрын айырылдым. Иелігімде жылжымайтын мүлік компаниясы бар. Банк шотымда 550 000 еуро тұр. Бұл қаржыны игілікке жұмсайтын лайықты және адал адамға бергім келеді. Өлмес бұрын қаржыны адал адамға садақа бергім келеді. Маған сенуіңді сұраймын, байлығымды бергім келеді» деп хабарлама жіберіпті.

Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?! Осындай оңай жолмен келетін қаржыға сеніп, өзінің құпия кодын, алданып жатқан адамдар аз емес. Бұл туралы Полиция департаментінің Ерекше маңызды істер бойынша аға анықтаушы, полиция капитаны Бауыржан Рыстиннен сұрадық.

– Алаяқтың құрығы ұзын. Олар тез және оңай ақшаға уәде береді. Қазір адамдар әлеуметтік желі арқылы көп алданады. Сондықтан әлеуметтік желіде ақпараттық-түсіндіру жұмысын қолға алдық. «Instagram» (police_astana), хаус чаттар (WhatsApp) арқылы алаяқтық және қаржылық пирамиданың негізгі ерекшелігін түсіндіретін материалдар орналастырып, жариялаудамыз, – деді Полиция департаментінің өкілі.

Дереккөздерінде қазақстандықтардың 15 пайызы әлеуметтік желіде алданады. Ал Identity Theft Resource Center (ITRC) мәліметінше, 2019 жылы әлемнің бірнеше елінде 1579 дерек бұзылып, шамамен 179 миллион жазбаға әсер етті. Бір күнтізбелік жылда деректердің бұзылуы 44 пайызға артты. Нәтижесінде 147,9 миллионға жуық адам алаяқтардың құрбаны болды.

2016 жылы атышулы оқиға тіркелді. Алаяқ әлеуметтік желі арқылы адамдардың сеніміне кіріп, миллионға жуық адамның дерегін ұрлап, өз ойын жүзеге асырды.

2023 жылдың шілдесінде жаңа әлеуметтік желі Threads іске қосылды. Алаяқтар жеке және төлем туралы ақпаратты жинау үшін Threads әлеуметтік желісіне адамдардың қызығушылығын пайдалана бастады. Алаяқтық жаңа әлеуметтік желіге тіркелетін адамдарға Threads сөзі бар клондық сайтты ұсынады. Сөйтіп, жеке мәліметін, соның ішінде төлем туралы ақпаратты жинайды. Одан кейінгі операция түсінікті. Өзін банк қызметкері ретінде таныстырған адам картаңыз блокталғаны туралы қоңырау соғады немесе хат жібереді. Психологиялық көндіру әдістерін қолданып, қажетті деректерді алып, манипуляциялы әрекет орындайды.

Тағы бір танымал алаяқтық схема – интернет арқылы сату және сатып алу. Мәселен, автокөлікті сатып алу схемасын қарастырайық. Сіз қажетті хабарландыруды табасыз. Онда сіздің арманыңыздағы көлік тиімді бағамен ұсынылады. Сатушы: «көлік шұғыл сатылып жатыр, сондықтан бағасы төмен, қазіргі уақытта бұл көлікті алғысы келетіндер көп» дейді. Содан кейін келісімді растау үшін ақша аударуды талап етіп, аванстық төлем жасауды ұсынады. Ақшаны аударғаннан кейін телефон нөмірі қолжетімсіз болады.

Міне, әлеуметтік желіні адамдар белсенді қолданған сайын алаяқтық схема бірге дамуда. Сондықтан бейтаныс адамдарға жеке деректерді мүлде беруге болмайды. Өйткені алаяқтардың құрығы ұзын.

 

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button