Сұхбат

Қыдырәлі БОЛМАНОВ: ҰЛТТЫҚ БРЕНД ЖАСАРДА «ЖАУҒА САЛМА ЖАЛҒЫЗДЫ»

IMG_8884

– Қыдырәлі Нұртайұлы, «Бал-бала» компаниясын құрардағы мақсаттың ширегі болса да орындалды ма?

– Атақты жапон жазушысының бала тәрбиесі жөнінде жазған кітабы бар. Үш жасына дейін бала бойында әдеттерді қалыптастырып, санасына өзінің тілі менен төл мәдениетімізді құйып үлгермесең, әрі қарай бала тұлдыр боп өседі. Айналып келгенде, тамырынан ажырап қалады. Яғни, ертең ұрпағымыздың барлығы шетелдік фильм мен мультфильм кейіпкерлеріне еліктеп өсер болса, күй атасы Құрманғазыны да, қара сөздің мәйегін түсінген Абайды да, жалпы, оның тілін де жатсынатыны ешкімге құпия емес.

Шетелдің ойыншықтары қайбір мәдениетке үйретеді, қайбір тілге үйретеді, қазақтың қайбір өнегелі дүниесіне үйретеді?! Түк те жоқ. Сондықтан да бүгінгі уақытта қазақы ойыншықтың қаншалықты қажет екенін айтпай-ақ түсінуге болар. Компанияны құру өте күрделі жолдан өтті. Ең алдымен нарықты, маркетингтік зерттеумен айналысудан бастадық. Отандық ойыншықтар елімізге қажет пе? Сипаты қандай болады? Қандай материалдан жасалуы керек? Бастапқыда қанша түрін шығарамыз? Кейін қанша түрі пайда болады? Қалаларға жеткізілу жағы қалай жүргізіледі? Кеңсені қай жерден ашуымыз керек? Алдымызда осы сияқты көптеген сұрақтар мен уақыт күттірмейтін мәселелер тұрды. Бел жазбай еңбек етуіміздің арқасында барлық мәселелер өз шешімін тапты.

«Бал-бала» деп атауымыздың өзі отандық бренд жасауға лайықтап таңдалған ат. Естір құлаққа жағымды, мағыналы сөз. Оны өзім таптым. Ойыншықтар жасау жөнінде идея келгеннен бастап оны жасап шығарғанға дейінгі аралықта өлшеусіз көп уақыт, ұйқысыз түндер өтті. Ойыншықтардың сан түрлі үлгілері әзірленіп, қайта-қайта сүзгіден өтті. Өз ісінің шебері деп танылған технолог мамандармен әр ойыншықтың қалай сөйлейтіні, қалай қозғалатыны, ән айтып, би билейтінін жөнінде ақылдастық. Жасалған материалдардың қасиеттерін зерттеу де біршама еңбек пен уақытты қажет етті.

Ойыншықтарымыз Гонконг пен Гуанчжоу қалаларында жасалады. Бүкіл әлемді өзіне тартып алудың қамын бұл елдер әлдеқашан санап, есептеп, жоспарлап қойған. Мысалы, бір ойыншық жасау үшін бірнеше қала жұмылдырылады. Біреуі жұмсақ ойыншық жасаса, енді біреулері олардың дыбыс шығаратын динамиктерін жасайды, біреулері киімін тігеді, тағы бірі қосымша бөлшектерін жасайды. Қажетті шикізатпен, технологиямен толық жабдықталған. Әлем ойыншықтарының 95%-ы Қытайда құрастырылады.

– «Бал баланы» қазір қалыптасқан бренд десек болатын шығар. Көп үйдің тілі былдырлаған баласы сіздердің қуыршақтарыңызды қызықтап отырғанын көз көрді. Өнім түрін көбейтесіздер ме?

– Өздігінен қимылдап, ән айтып, би билейтін қуыршақтарымызға кішкентай бүлдіршіндеріміз елітіп, қимылын қайталайтынына, тіпті, өлеңіне шейін жаттап алатынына көзіміз жетті. Сондықтан, қолда бар сатылымдағы ойыншықтармен тоқтап қалмай, әрдайым жаңасын іздейміз. Қазір біз «Интерактив» компаниясымен біріге жұмыс істеп жатырмыз. Шығарып жатқан дүниелеріміздің көбісі – кітаптар. Бірақ, бұл кітаптар жәй кітаптар емес, керек жерін қаламмен нұқып қалсаңыз сөйлеп береді. Осы технология тәсілімен «аудармашы тілашар» жасалды. Онда орыс, ағылшын, қазақ тілдерінде тұрмыстың түрлі жағдайларында қолданылатын сөздердің барлығы дерлік жинақталған. Осы сияқты балаға арналған бесік жыры, ертегілер, ноталарымен бірге жазылған қобыз үні, домбыра әуендері жеке-жеке кітап болып шығарылды. Қолдануға өте ыңғайлы, ұғынықты. Құлаққап киіп тыңдауға, дауыс күшейткіш колонкаларға қосуға болады. Бұл кітаптарды «Бал баланың» фирмалық дүкендерінде жақын арада сатылымға шығарғалы отырмыз.

– Алдар Көсе, тапқыр Тазша бала, қыран-топан күлкіге батыратын Күлекеш және өзге де кейіпкерлердің сөздерін кім жазады? Әрине, егер коммерциялық құпия болмаса.

– Дыбысын студияда өзіміз жазамыз, мәтіннің талаптарға сәйкестігі қадағаланады. Мысалы, соңғы шығарған ойыншықтарымыздың бірі – «Ақылды қонжық» баламен әңгімелеседі, оның қойған оннан астам сұрақтарына жауап береді, ән, тақпақ айтып, бүлдіршінге санауды да үйретеді. Бұл ойыншықты жасауға бір жарым жыл уақытымыз кетті, бірнеше мәрте сыналды. Содан кейін ғана сатылымға шықты.Сізге өтірік, маған шын, әр ойыншық осындай күрделі сатылардан өтеді.

Ойыншықтарымызға Қазақстанның барлық қалаларында сұраныс бар. Өзге қалалармен салыстыратын болсам, Астанада көбірек өтеді.

– «Отандық ойыншық деген дырдай аты бар. Ендеше, неге оны Қазақстанда шығармайды?» дегендерге айтар уәжіңіз қандай?

– Бүгінгі таңда біз түгіл Америкаға да, Еуропаға да зауыт ашып, шаруаны дөңгелетіп кету екіталай. Оған өте қомақты қаржы керек. Әрі зауыт ашып, төл ойыншығымызды шығарған күннің өзінде бағасы Қытайдан жасап әкелгеннен бәрібір қымбат болады. Бұл елде осы тектес зауыттардан аяқ алып жүре алмайсыз. Бірақ, сапалылары санаулы. Сапа сертификатынсыз жұмыс істейтін зауыттарға ұрынып қалмас үшін сенімді серіктес табуға айдан аса уақыт кетті. Жүздеген зауытты аралап, таныстық. Бала денсаулығына зияны жоқ таза шикізатты пайдаланатын, сертификаты сенімді зауытты табу оңай болған жоқ.

Әсілі, кез келген істі бастау ниетке байланысты. Ұлтына, еліне жұмыс істемеген адам жайылып жүрген сиыр сияқты. Шөпті тек өзіне ғана орады. өзі үшін ғана күйсейді Мысалы, мен «Бал баланы» істеудің орнына соған салған өлшеусіз уақытым мен ақшамды жарнамасы жаһанға жайылған «Тачкиге» салсам, қазіргіден де табысты болар ма едім, бәлкім… Бірақ мәселе «ұлтым үшін, қазақ үшін не бере алам?» деген сұраққа келгенде тосыласың.

Қазақстанға қырық мемлекеттен ойыншық келеді екен. Олардың ішіндегі ең алпауыттары, былтырғы есеп бойынша, Америкадан – 74 млн, Қытайдан – 50 млн, Ресейден – 12 млн долларға ойыншық сатып алған екенбіз. Қып-қызыл қаржы сыртқы сыңсып кетіп барады. Ал, ұсақтары қаншама. Осыншама қаржы шығарып сатылып алынған ойыншықтар қаншалықты сапалы, қаншалықты қауіпсіз, баланың дамуына, ақылды болып өсуіне қаншалықты пайдалы? Жауабы қиын сұрақ.

Ата-ана шіркін, шет елден ағылып жатқан ойыншықтарды аларда сертификат сұрап, сапасын тексермейді, баласының санасы немен ластанып жатқанына мән бермейді. Кейін опынады.

– Жалғыз «Бал-бала» Қазақстан балаларын толық қамти ала ма? Тағы да кәсіпкерлер шығып, осы іспен айналысса, оларға бәсекелес ретінде қарайсыз ба, әлде...

–Мәселе былай ғой. Кезінде домбыраны кеңінен насихаттау керек болды. Мен «Ұлытауды» құрып, жарты әлемге таныттым. Қазір көбісі домбыраға ден қойды, топ құрады, электрдомбыра жасайды. Ең бастысы, мен қалың жұртты, қазақты домбыраға үйірсек болуына түрткі болдым. Бүгінде үш жүзден аса адам «Ұлытаудың» форматында домбырамен айналысады. Әрі қарай да аясы кеңейе бермек. Яғни, үлгі жасалды, үлгі алды. Сол сияқты «Бал баланы» «бісміллә» деп бастап едік, мультфильм, ойыншық, көрнекі құрал сияқты ірілі-ұсақты жобаларды қолға алған жанашыр азаматтар қатары толыға бастады. Ендігі мақсат – нарықта арыстанша арпалыса жүріп, шетелдік сапасыз, пайдасыз өнімдерді тізе қоса ығыстырып шығару.

Нарықтағы ең бірінші қиындық сол – сауда алпауыттарымен бетпе-бет келу. Шынтуайтында, кейде өз елімізде емес, шет елде жүрген сияқтымыз. «Бал-бала» жасап жатқан дүниелер мемлекеттің идеясы, мемлекеттің ұстанымы, мемлекеттің идеологиясы, мемлекеттің мәдениетіне ұласса нетті. Біз соның оңтайлы жолдарын тауып іс жүргізіп отырмыз. Өкініштісі, мүддеміз әр түрлі болғанмен, біз де шет елден келіп жатқан зауыттармен бірдей салық төлейміз. «Қанша батыр болса да, жауға салма жалғызды, Қанша шешен болса да, дауға салма малсызды» деген емес пе ата-бабамыз. Сондықтан осындай күрделі, жауапты іс басталғаннан кейін оны әрі қарай алып кетуге жалқының күші жетіңкіремейтінін түсінуіміз керек.

Айжан ҚАСЫМОВА,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button