Қала мен Сала

ҚЫЛМЫСТЫҢ АЛДЫН АЛУ ҚИЫН БОЛЫП ТҰР

kriminal_2

Жақында Астана қалалық прокуратурасында ұрлық, алаяқтық, тонау, қарақшылық және бопсалау секілді қылмыстық әрекеттерге қарсы атқарылып жатқан шаралардың жай-күйіне арналған отырыс болып өтті. Сондай-ақ, жиын барысында осы жылдың алғашқы алты айында орын алған қылмыстық әрекеттер жөнінде әңгіме қозғалды.

Астана қалалық прокуратурасының қызметкерлері елордада күннен күнге қылмыс санының артып келе жат­қа­нына алаңдаушылық білдіріп, дабыл қағуда. Олардың айтуынша, құқық қорғау органдарының жұмысы көңіл көншітерлік деңгейде емес. Себебі, ашыл­­май қалған қылмыстардың саны көп болып тұр. Соның ішінде биылғы алты айда тіркелген қылмыстардың ең көбі – ұрлық. Ол туралы Астана қа­ласы прокуратурасының аға проку­роры Әнуар Қуанәлиевтің өзі баян етті.

«Өкінішке қарай, Астана қаласында жасалған қылмыстардың ең көбі ұрлық-қарлық боп тұр. Иә, бұған қарсы құқық қорғау органдары барынша жұмыс жасап жатыр. Алайда, қылмыстың күрт артуына байланыс­ты бұл қарекеттері жеткіліксіз деп санап, осы мәселені талдау үшін алқа мәжілісін өткізіп отырмыз» деді ол.

Нақты деректер бойынша, жыл басынан бері Астанада ұрлыққа қатысты 9807 қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе артық. Ал, алаяқтық бойынша 2310 жағдай орын алса, азаматтар 44 мәрте қарақшылық шабуылдың құр­банына айналған екен. Керісінше, былтырғымен салыстырғанда бопсалау едәуір азайған. Бүгінгі күні құқық қорғаушылардың құрығынан құтыла алмай, әшкере болған қылмыс­тардың ішінде ұрлықтың 5,4 пайызы, алаяқтықтың 13,8 пайызы, бұза­қы­лықтың 63,5 пайызы, тонаудың 26,9 және бопсалаудың 15 пайызы ғана ашылып отыр.

Бұл жөнінде Астана қаласы проку­ратурасының басқарма басшысы Данияр Ермеков былай дейді:

«Қылмыстық істер қала бойынша үш ауданда бірдей көбею үстінде деуге болады. Шыны керек, олардың 50 пайыздан көбі ашылмай жатыр. Олардың ішінде алаяқтықпен айналысқандарды ұстау көбіне қиындық тудырады. Себебі, алаяқтар оған алдын ала арнайы дайындалып, азаматтарды алдау арқылы ақшаларын қолды етуге тырысады».

Прокуратура қызметкерлерінің айтуынша, қарақшылық пен тонауға қатысты қылмыстық іс шағым түскен күні бірден қозғалмай, кейін тергеуалды тексеру мерзімін қасақана ұзарту сияқты заңсыздықтар орын алып отырған екен. Мамандарға сенсек, бұл өз кезегінде қылмыстың ашылуына үлкен кедергі келтіреді.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button