Әлеумет

Қылмыстық процестің жаңа моделі

2020 жылғы 31 желтоқсанда Қазақстанда әлемнің дамыған елдерінің үлгісі бойынша үш буынды модельді енгізе отырып, қылмыстық сала реформасы басталды. Бұл реформаның жүргізілу барысы туралы Нұр-Сұлтан қаласының прокуроры Бауыржан Мырзакеров «Астана ақшамы» газетіне берген сұхбатында баяндады.

[smartslider3 slider=1424]

– Бауыржан Қыпшақұлы, қылмыстық процестің үш буынды моделі деген не, оның мақсаты қандай екенін айтып өтсеңіз.

– Кез келген мемлекеттің дамуының маңызды көрсеткіші азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тиімділігі, қылмыс­тық процесс пен сот төрелігінің қолжетімділігі мен ашықтығы болып табылады.

2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында қылмыстық процестің әрбір кезеңінде тиімді сүзгілерді құру, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін нығайтуға бағытталған өкілеттіктерді айқын бөле отырып, қылмыстық процесті жаңғыртуға тапсырма берді.

Бұл реформаның басты мақсаты – қылмыстық қудалау органдары, прокуратура мен сот арасында өкілеттіктерді айқын бөлу.

– Аталмыш  реформа қалай енгізіліп жатыр?

– Ол бірнеше кезеңге бөлінген, бірінші кезең 2020 жылғы 31 желтоқсанда басталды, сол кезде қылмыстық қудалау органдарының негізгі шешімдері прокурормен келісіле бастады. Келесі жылдан бастап прокурор аса ауыр қылмыстар бойынша, 2023 жылдан бастап сыбайлас жемқорлық істері бойынша, 2024 жылдан бастап барлық қалған санаттар бойынша айыптау актілерін жасайтын болады.

– Сіз прокурор органдардың негізгі шешімдерін келісіп, бекітеді деп айттыңыз, олар туралы толығырақ айтып берсеңіз.. 

– Қазір прокурор қылмыстық істер бойынша адамды күдікті деп тану, күдіктінің іс-әрекетін саралау, қылмыстық құқық бұзушылықты саралау, тергеу мерзімдерін үзу туралы процестік шешімдерді келіседі, сондай-ақ қылмыстық істі немесе қылмыстық қудалауды тоқтату туралы процестік шешімдерді, қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы және бұйрықты іс жүргізуді қолдану туралы қау­лыны бекітеді. Бұл механизм прокурордың тергеудің барлық кезеңдерін, адамды күдікті деп танудан бастап, істі сотқа жіберуге немесе қылмыстық істі тоқтатуға дейін бақылауына мүмкіндік береді. Прокурордың келісімінсіз бұл шешімдер заңсыз болып саналатынын атап өткен жөн.

– Осы модельдің механизмі қалай жұмыс істейді?

– Түсінікті етіп айтсақ, полиция дәлелдемелерді жинап, шоғырландырумен  айналысады, содан кейін материалдарды прокурорға береді. Ол осы материалдарды зерттеп, оларға құқықтық баға береді, дәлелдемелер жеткілікті әрі рұқсат етілген болса, айыптау актісін жасайды, содан кейін сотта айыптауды қолдайды. Ал сот соңғы үкім шығарады.

– Шешімдерді келісу процесі қалай өтіп жатқанын айтып берсеңіз…

– Цифрлық технологиялар және қылмыстық процесті цифрландыру  реформаны енгізуді жеңілдетті. Қазір барлық шешімдер онлайн режимде келісілуде, тергеушілерге істермен прокуратураға барудың қажеті жоқ, әрбір шешім «СДТБТ» базасына енгізіледі. Сонымен қатар ағымдағы жылы елорда бойынша істердің 65%-тен астамы электрондық форматта тергелді. Бұл тергеу органдары қызметкерлері мен прокурорлардың жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік берді, ал қылмыстық процестің өзі ашық болды, яғни қазір электрондық қылмыстық істердің материалдарын бұрмалау мүмкін емес.

– Сіз реформаның алғашқы нәтижелерін қалай бағалайсыз?

– Бірінші кезеңнің өзінде жүргізілген реформаның оң әсері байқалады. Ағымдағы жылы құқық қорғау органдары 39 мыңнан астам шешім қабылдады, оның ішінде прокурорлар 29 мың шешімге келісім берді. Жіберілетін заң бұзушылықтар бірнеше есе азайды.

Мәселен, жыл басынан бері астаналық прокуратура қылмыстық процеске 400-ден астам адамды негізсіз тартуға жол берген жоқ, оның ішінде 146 күдікті бойынша саралау мерзімінен бұрын деп танылды және келісуден бас тартылды.

– Келесі жылы қылмыстық процесті реформалау аясында жаңалықтарды қалай енгізу жоспарлануда?

– Келесі жылы екінші кезеңге өту жоспарлануда, онда прокурорлардың өздері айыптау актілерін жасайтын болады. Дәл осы құжат тергеуді аяқтайды.  Алдағы кезең прокурордың дәлелдемелерді тәуелсіз құқықтық бағалау тетігін күшейтеді және айыпталушыны сотқа беру кезінде оның жауап­кершілігін дербестендіреді.

Біздің бүгінгі сұхбатымыздың соңында жалпы, іске асырылып жатқан реформа негізсіз шешімдерден және азаматтарды қылмыстық процеске заңсыз тартудан қорғайтын қуатты құқық қорғау тосқауылын жасау­ға мүмкіндік беретініне тағы да назар аударғым келеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button