Мәдениет

«Қылкөпірде» – қазақ қасіреті

ХХ ғасырда қазақ басынан талай нәубет өтті. Бұл туралы өткен ғасырдың соңына қарай, жылымық кезең туғанда айтылып, жазыла бастады. Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрлан Оразалин 30-50 жылдардың тарихи шындығын «Қарақазан ғасыр» атты драмалық дастанына арқау етті. Осы туындының ықшамдалған нұсқасы «Қылкөпір» атауымен елорданың «Жастар» театрының сахнасына жол тартты. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.

[smartslider3 slider=1199]

ХІХ ғасырдың ортасында Махамбет Өтемісұлы Баймағамбет сұлтанның алдында қасқайып тұрып, «Қара қазан, сары бала қамы үшін қылыш сермедік» деген сөз айтты. Бұл кезеңде қазақ әлі бодандық бұғауын толығымен кимеген еді. Қазан төңкерісінен кейін ұлтымыз қитұрқы саясаттың құрбанына айналды. Ұжымдас­тырудан соң ашаршылыққа ұрындық. Одан кейін саяси қуғын-сүргін кезеңі келді. Тың игерудің зардабы да аз болмады.

Нұрлан Оразалиннің драмалық дастанында осының бәрі қамтылған. Ақынның шығармасы желісімен сахналанған спектакльдің өне бойында да шарасыздық байқалады. Иә, ХХ ғасырда толқулар, бұлқыныстар болғанмен, қазақ негізінен, саясаттың дегеніне көнді. Шаңырақ – қастерлі ұғым. Ұлтымыз оны әрдайым биікте ұстап, қастерлеген. Ал шаңырақтың ортада жайрап жатқаны жақсылықтың нышаны емес. Сахнадан соны көрдік.

Жалпы қоюшы режиссер сәтті шешімдерді қолданған. Сахна шымылдығы ашылғанда арқан сүйреткен адамдар шыға келеді. Бұл көрініс әйгілі суретші Илья Репиннің «Еділдегі бурлактар» картинасын еске түсіреді. Біздіңше, режиссер сол арқылы ұлттың басына түскен ауыртпалықты меңзеген.

Нұрқанат Жақыпбайдың айтуынша, қойылым арқылы жалпыадамзаттық құндылықтар мәселесі де қозғалады. Қазір тобырлық мәдениет туралы көп айтылады. Спектакльде қолданған әндер де осы ойға жетелейді. Сәкен Сейфуллиннің «Жас қазақ марсельезасы» өлеңі сол заман тынысынан хабар береді. Қойылымда басты орындардың бірі ана мен бала қарым-қатынасына берілген.

Режиссермен қатар хормейстер Әнел Сіргебаева мен костюм суретшісі Алтынбек Ермұханның еңбегін, сценографияны атап өту керек. Ал актерлер біртұтас ансамбльді құрады. Ешқайсысын бөле-­жара атай алмаймыз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button