Жаңалықтар

Қымбат ота тегін жасалды

«Елордада академик Н.Ж.Батпенов атындағы ҰҒТОО дәрігерлері 64 жастағы науқастың  тізе буындарына эндопротез  орнатып,  20 жылдан бері мазалаған сырқатынан құтқарды. Құны шамамен бір миллион теңгеден асатын бұл ота пациентке МӘМС жүйесінде тегін жасалды» деп хабарлайды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі.

[smartslider3 slider=3389]

Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Әуезов ауылының 64 жастағы тұрғыны Күлімхан Қонаеваның тізе буыны сыр­қаттанғанына 20 жыл болды. Ол кезде жас, күш-қуаты мол болған соң ауруға көп мән бермеген. Үй шаруашылығымен, бау-бақшамен айналысып, тыным таппайтын.

«Мен бір орында отырмайтынмын, үнемі қозғалыста болдым. Тізедегі ауырсыну бір күшейіп, бір басылатын. Сондықтан болар, дәрігерге баруға асықпадым. Жылдар өте тізе көбірек ауыра бастады, соңғы 5-6 жылда сол жақ тізем тіпті бүгілмей қалды. 2018 жылы дәрігерлер ота жасау қажет екенін айтып, порталға қойды. Бірақ ойланып-ойланып, жүрексініп жүрдім. Қазақша айтқанда, «пышаққа түсуге» қатты қорықтым және соңғы сәтте отадан бас тарттым» деп есіне алады науқас.

Жүре келе аяқтың, тізенің ауыруы жанға бата бастады. Күлiмхан Құрманғалиқызына таяқпен жүруге тура келдi, ал көлiкпен жүру ол үшiн тіпті үлкен сынаққа айналды.

«Аяғым қақсап, жанға батып, маза бермеді. Бір орында тұрып, ұзақ жүре алмадым, отырған жерімнен тұру қиын болды. Оның үстіне 93 келі салмағым бар, қозғалуым тіпті күрделене түсті. Менің бұл жағдайымды көрген балаларым ота жасатуға көндірді. Олардың барлығы елордада тұрады. Мұнда МӘМС бойынша тізеге тегін ота жасайтын ғылыми орталық барын айтты. Енді, міне, жарты жылдан кейін мен осы керемет дәрігерлердің қолына түстім. Операцияға келісім бергеніме өкінбеймін, бұрын көмек сұрамағаныма, сонша жыл қиналғаныма өкінемін» деп қосты науқас.

№7 ортопедия бөлімшесінің емдеуші дәрігері Жандос Қалеловтің айтуынша, науқаста 3-дәрежелі екі жақты деформациялық гонартроз.

«Бұл ауру кезінде жіліншік пен сан сүйегінің бір бөлігін жабатын шеміршек тіндері зардап шегеді. Ауыр салмаққа, көп жүктемелерге байланысты ауру дами береді, нәтижесінде буын бірте-бірте бұзылып, сүйектің зақымдануы, оның кейінгі патологиялық өсуі мен тығыздалуы байқалады. Жаяу жүргенде қатты ауырсынып, буындарда сұйықтық жиналады, ал кейінгі кезеңдерде аяққа тұру тіпті мүмкін болмай қалады» дейді дәрігер.

Күлімхан Құрманғалиқызының сол жақ тізе буынына эндопротез орнатылды. Операциядан кейін бір аптадан кейін, ауруханадан шықты. Ал бірнеше оңалту курстарынан кейін бұрынғыша қалыпты еркін қозғалатын болады.

МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу туралы, сақтандыру мәртебесі туралы, жарна аударымдары, немесе басқа да сұрақтар туындаған жағдайда Қордың елордалық филиалына 1406 байланыс орталығы немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, Telegram-дағы SaqtandyryBot, Қордың fms.kz сайты арқылы хабарласуға болады.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button