Басты ақпаратҚоғам

Қымбат қарыз

Әлем бойынша америкалықтар қарызға белшесінен батқан халық деп саналады (бізді танымайды ғой, әйт­песе тізімнің басынан табылар едік). Рас, америка халқы үшін мансабының басталуы мен дайындықтың өзі несие алудан басталады, өйткені университеттерде білім ақылы және қымбат. Бірақ, қарапайым америкалықтар бүкіл өмірінде бір несиесін жауып, екіншісін алып жатса да, ондағы банктер клиентін дәл біздегідей қинамайды.

Үлгі керек болса…

Өйткені онда банктер клиенттер үшін қатал бәсекелестікке түседі және халықты өздерінің несиелік желілеріне тартуға тырысады. Мысалы, олар несиелік картаны шығарған кезде «3 айда 3 мың доллар жұмсаңыз және сіздің шотыңызға 500 доллар сыйақы түсетін» бонустар ұсынады. Немесе басқа банктен бір жарым жылға дейінгі бастапқы кезеңге жеңілдікпен немесе тіпті нөлдік мөлшерлемемен несиені қайта қаржыландыруды ұсынады екен. 1-50 мың АҚШ доллары мөлшеріндегі әдеттегі тұтынушылық несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелер 6-8%-дан басталады. Несие мерзімі – 5 жылға дейін. Біз түгілі ақша санау білетін немістер де қарыз алады. Неміс банк мамандары қауымдастығының мәліметтері бойынша, 1-5 жылдық кезеңдегі тұтынушылық несиелер бойынша орташа мөлшерлеме Германияда 4,8% құрайды. Қытайда тұтынушылық несие мөлшерлемесі – 3-4%, мұнда банктер клиенттердің төлем қабілеттілігін бағалауда өте адал. Арнайы экономикалық статистика дерекқорының есебіне сәйкес, 2019 жылдың желтоқсанына қарай Қытайдың жалпы үй қарыздары елдің номиналды ЖІӨ-нің 55,8% құраған, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 3,7% көп. Демек, тиімді.
Енді ипотека бойынша әлемдегі ең төменгі несие мөлшерлемелеріне келсек, Финляндиядағы ипотекалық несиелер өздерінің азаматтары үшін 2-2,5 пайыз, шетелдіктерге де қолжетімді, бірақ сәл жоғары – жылдық мөлшері 3-3,5%. Жапонияда инфляция өте аз, ипотеканың орташа ставкасы 1,2% құрайды. Швейцарияда «өмірлік ипотека» термині кең қолданылады. Мұндай несие 100 жылға дейінгі мерзімге беріледі және заңды түрде ол мұрагерлік болып табылады. Үйді несиеге сатып алудың орташа ставкасы жылына 1,4-1,6% құрайды.

Депутаттың ұсынысы

Депутат А.Перуашев дүние­жүзілік банктің мәліметтері бойынша, биылғы жылы кедейлік шегінен төмен өмір сүретін қазақстандықтардың саны бір жарым есеге (800 мың адамға) көбейіп, 2,3 миллионнан асқанын, бұл республиканың әрбір сегізінші азаматы кедейлік шегінде өмір сүретінін келтіреді. Депутаттың айтуынша, өткен жылы 106 млрд теңгеге жуық сомаға аз қамтылған азаматтардың банктік берешектері есептен шығарылған болса, бүгінде бұл мәселе тек шиеленісе түскен, өйткені оның себептері жойылған жоқ. «Оның екі себебі бар: біріншісі банктердің өте жоғары пайыздары, оларды Ұлттық Банк пен Қаржы нарығының агенттігі базалық мөлшерлемелерді төмендетпей және мемлекеттен 20%-дан несие беруді қолдауды ашық талап етуі. Екінші себеп – Қаржы министрлігінің төлемге қабілетсіз отбасылардың баспаналары мен әлеуметтік кепілдіктерін сақтап, несие берушілерден қорғауға мүмкіндік беретін жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды қабылдауға құлшынысының болмауы» дей келе депутат Азат Перуашев жағдайды шешу үшін парламенттен барлық ипотекалық, тұтынушылық несиелердің шекті пайыздық мөлшерлемелерін ақылға қонымды деңгейге, 7-8% дейін төмендету бойынша шаралар қабылдауды сұрады.

Айырмашылық жер мен көктей

Несие мөлшерлемесіне қатысты мәселені Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев та бұған дейін көтерген болатын. Ол, әрине, кәсіпкерлер мүддесін қорғайды, олардың бизнесі жүру үшін несиелік мөлшерлеменің тиімді болғанын қалайды. «Кәсіпкер Қазақстанда да бар, Испания­да да бар. Бірақ, біздегі несие 14%-бен, ал Испанияда 1,5%-бен есептеледі. Несиеге қол жеткізуді реттейтін ақша-несие саясатын өзгерту керек, ол ақша ұсынысын кеңейтуге бағытталуы керек, сондықтан мөлшерлеме төмен болсын деп бұл мәселені бірнеше рет көтердік. Сондықтан бәсекелесуге мүмкіндік беретін қалыпты пайыздық мөлшерлеме 5,6% болуы керек деп санаймыз» дейді ол.

Жылдам несие қамыты

Онлайн-несие қызметін ұсынатын компаниялар заңды айналып өтіп, қазақстандықтарға жоғары пайыздық несие береді, комиссия алып, жоғары айыппұлдар салады. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов бұған наразы.
«Төтенше жағдай мен карантин жағдайына байланысты ақшасын жоғалтқан көптеген азаматтар тұтынушылық несие алуға мәжбүр. Мұны микроқаржы ұйымдары, ломбардтар, үйден шықпай несие ұсынатын барлық онлайн компаниялар пайдаланады. Ақпаратсыз, тез, лезде алуға болады, мұндай азғыруға интернеттің де септігі тиіп отыр» дейді депутат. Аманжан Жамаловтың айтуынша, «компания несие сомасының 56 пайызын құрайтын» үшінші тарапқа қарыз алушының мәліметтерін тексергені үшін төлем алады. 100 мың несие сомасына есептесек, «жылдам шығару» қосымша қызметі 27 150 теңгені құрайды. Сонымен бірге, сол келісімде негізгі қарыз бойынша кешіктірілген төлем сомасының 1 пайызы мөлшерінде және қарызды өтеу құнын бұзған әрбір жағдай үшін 3 мың теңге мөлшерінде, әр кешіктіруге бір реттік комиссия белгіленеді және әрбір кешіктірілген күн үшін сыйақы төленеді. Яғни мұндай несиелерде, ең алдымен, несие ұйымдарының қызметтері үшін төлемдер, несие берушінің шығындары, тұрақсыздық айыбы, сыйақы, содан кейін ғана негізгі қарыздың мөлшері жойылады. Яғни банктен қарыз алсаң, өз қарызыңнан бөлек осының бәрін төлеуге міндетті болып шыға келесің деген сөз. «Бұл адам ешқашан қарызын төлей алмайтындай және айыппұл мен өсімпұлды үнемі төлей алмайтындай етіп жасалған. Мұндай жағдайда қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің енжар болып қала беретіні таңқаларлық» дейді депутат.
Естеріңізде болса, биылғы жылдың 10 наурызында базалық мөлшерлеме 9,25%-дан 12%-ға дейін көтеріліп, 3 сәуірде 9,5%-ға дейін төмендетілгені белгілі. Ұлттық Банк мұны өз тарапынан несиелеуді ұлғайтудың тиімді шарасы деп түсіндірді. Ал Аманжан Жамаловтың мамандығы экономист болғандықтан, мұның мәнін басқаша есептейді. Базалық мөлшерлеме, оның пікірінше, несие бойынша пайыздық мөлшерлемені анықтамайды және теңгенің айырбас бағамына әсер етпейді. «Сондықтан базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендетуді бастаған жөн, пайыздық мөлшерлеме арнасының жұмысын қамтамасыз еткенде барып базалық мөлшерлеме несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемеге әсер етеді және несиелеуді қалпына келтіреді. Үкімет пен Ұлттық банк экономиканы қаржыландыру инфляцияны тежеуден гөрі жоғары басымдылық екенін біртіндеп түсінетін кез келді» дейді Жамалов.

Сарапшы сенбей отыр

Halyk Finance аға талдаушысы Жансая Кантаева мемлекеттік қолдау басым болатын ипотека нарығында несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелердің өсуі мүмкін дейді. «Баспана-Хит бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі тұрғын үй нарығына бағытталған несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелер өсуі мүмкін. Себебі осы бағдарлама бойынша несие мөлшерлемесі базалық мөлшерлемеге байланған. Егер басқа несиелік өнімдерді қарастыратын болсақ, олар бойынша ставкаларда айтарлықтай өзгерістер болады деп күтпейміз. Менің ойымша, жекелеген банктер тұтынушылық несие бойынша өз ставкаларын көтереді, өйткені олар бизнестерінің кірістілігін ұстап тұрулары керек. Бірақ несие мөлшерлемесінің өсуі әлеуеті нарықтағы жоғары бәсекелестікпен шектеледі. Ұлттық банктің мәліметтері бойынша тұтынушылық несиелер бойынша орташа алынған ставкалар 2020 жылғы 1 ақпанда 21,4%-ды құрады. Бұл көрсеткіш қысқа мерзімде 3-4% өседі деп күтеміз. Корпоративтік несиелер бойынша ставкалар да өседі, өйткені олар бөлшек несиелер сияқты, банктік қаржыландыру құнына байланысты» деп пікір білдіреді ол. Сонымен, әл-әзірге біз күткен төмен пайыздық мөлшерлеменің көлеңкесі де көрінбейтін секілді-ау, ал сіз не түсіндіңіз?

Жеңілдік болар еді

Соңғы кездері несиенің пайыз­дық мөлшерлемесін төмендету мәселесі үлкен мінберлерден көтеріле бастады. Егер шынымен де шешімін тапса, бұл қара халық үшін жеңілдігі бар игілік болар еді. Ал әзірге халық пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары болса да несие алудан бас тартар емес. Айналамыздағы қанша адамнан сұрап-білгенімізде бәрінің дерлік қарызы бар болып шықты, бірі баспана алған, бірі ұлына той жасаған, бірі… Ала береді және онысын арқа еті арша, борбай еті борша болып жүріп, бірнеше есе қылып қайырады. Ал егер жаман айтпай жақсы жоқ, қарызын мерзімінен кешіктірсе не қайтара алмаса, онда әңгіме басқаша. Өйткені «қарыз ал да қатын ал, қатының қалар қасыңда» деген ежелгі мақал бұл күнде жүрмейді. Банк нағашың емес…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button