Басты ақпарат

Қымбатшылық қайдан пайда болды?

Қазір елде заттың бағасы күннен күнге өсіп, халық та, Үкімет те әуелгіде біршама дағдарып қалды. «Ертең не болады?» деген сұрақ әрбір жанның көкейінде көлеңкеленіп тұр. Расында, айтып айтпай не керек, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың шектен тыс өсуі қалтасы таяз халыққа оңай соқпайды.

[smartslider3 slider=1415]

Болар іс болды. Ендігі жерде «қателік сенікі, менікі» деп ақталудың қажеті жоқ. Қайта бұл мәселені қалай шешіп, халықты осы тығырықтан қалай алып шығамыз деген мәселеге көңіл аударған дұрыс.

Ауруды емдеу үшін, алдымен тура диагноз қою керек. Сосын соған сәйкес емдеу шараларын алу қажет. Онда бұл қымбатшылық деген ауру қайдан пайда болды? Алдымен осы сұрақтың жауабын табайық.

Кез келген қымбатшылық аяқ астынан пайда болмайды. Ол да құдды өсімдік құсап, себілген тұқымнан өніп шығады. Мен бұл қымбатшылықтың тұқымы осыдан 6-7 жыл бұрын себілген деп қараймын. Кейін оның қау­лап өсуіне коронавирус және алпауыт елдер экономикасындағы талас-тартыс тыңайтқыш болды.

Бағаның өсуіне біріншіден, әлем экономикасы драйвері  болған еліміздің ең үлкен сауда серігінің бірі, бізді 70-80% күнделікті тұтыну тауарларымен қамдап тұрған Қытай тауарларының бағасы өсуі мен  Қытайдың «Бір жол – бір белдеу» инвестициялық жобасы себеп болды. Қытай бұл 71 мемлекетті шарпыған ұлы жоба үшін, соңғы 7-8 жыл ішінде ақша массасын бұрын болып көрмеген деңгейде ұлғайтты. Ұлғайғаны соншалық, Қытайдың ақша массасы қазір бүкіл Еуроодақ пен Жапонияның ақша массасының қосындысынан асып түсті. Бұл жобаның зат бағасын қымбаттатып, таяу он жылдың ішінде инфляцияға апарып соғатындығы жөнінде Қытайдың және әлем экономистері баяғыда-ақ дабыл қаққан болатын. Міне, қазір ол өз нәтижесін беріп отыр. Инвестиция – экономика дамуының қозғаушы күші. Бірақ зат бағасын өсіретін де – қозғаушы күш. Қытай өзінің ұлы жобасын жүзеге асыру үшін өзінің ішкі нарығына да, сыртқы нарығына да триллиондап инвестиция салды. Бұл инвестиция қаржысының көп бөлімі өзінің ақша массасын арттыру арқылы келген. Қытай басшысы «Бір жол – бір белдеу» жобасын алға қойғаннан кейін, яғни 2015 жылдан бастап Қытайдан Қазақстанға салынған инвестицияның орташа жылдық өсу қарқыны 22% құрап, 2018 жылы инвестиция 1,5 миллиард АҚШ долларына жетіп, 2017 жылмен салыстырғанда 37,6% өскен. 2015 жылмен салыстыр­ғанда 78,6% өскен.  Қытай ақша массасының өсуіне, және шикізат бағасының өсуіне байланысты Қытай тауарларының өзіндік құны қымбаттап, оның да бағасы күннен күнге шарықтады. Мұндайда Қытай ұсақ тауарларына 80% тәуелді болып отырған Қазақстанның тауар бағасының өсуі – бұлтартпас ақиқат.

Екінші, коронавирус факторы. Пандемия бүкіл әлемнің экономикалық тәртібін бүлдірді. Экономикалық қалыпты қатынастар үзілді. Жолдар тосылды. Өткелдер ұзын сонар кезекке тап болды. Шикізат та, тауар да өз уағында жете алмай, транспорттық шығындар көбейіп, тауардың өзіндік құны артты. Сонымен бірге тауардың тапшылығы артық сұраныс пайда қылды. Құрлық порттарындағы кептелісті айтпағанда, бұрын-соңды кептеліс болып көрмеген теңіз өткелі Суэц каналында ұзын-сонар кезек пайда болды. Сауда кемелері шығындарының артуына байланысты тасымал ақысы бұрынғыдан 300%-тен артық өсті.

Үшінші, батыстың Ресейге салған үздіксіз санкциясы Ресей экономикасын есеңгіретіп, ақшасын құнсыздандырып, бұл инфляцияға алып келді. Ресей тауарларының бағасы да еселеп өсті. Біздің ең үлкен сауда серігіміз және бір экономикалық одақта бірге тұрған өзімізден 10 есе үлкен экономикалық тұлға инфляцияға тап болғанда біздің одан шет қалумыз тіптен мүмкін емес!

Төртінші, АҚШ факторы. АҚШ пандемияға байланысты экономикасын ынталандыру үшін доллардың пайыздық мөлшерін 0%-ға дейін түсірді. Бұл ақша мен тауардың айналымын тездетіп, әлемде сауда қайта қыза түсті. Айналымның тездеуі сұранысты қауырт арттырып, энергияның және шикізат бағасының өсуіне алып келді. Энергия мен шикізат бағасы көтерілгеннен кейін тауар бағасының өсуі – табиғи құбылыс.

Бесінші, өз еліміздің ақша массасының шектен тыс артуы мен мамандардың біліксіздігі. Былтыр пандемияның елімізде өршуіне байланысты, ­Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыссыз қалып, табысынан айырылғандар мен күн көрісі қиын табысы төмен отбасыларға деп ілгерінді-кейінді 6 триллион теңге ақша бөлді. Бұл ақшаның бір бөлігі ұлттық қордан бөлінсе, бір бөлігі ұлттық банктен ақша массасын арттыру арқылы бөлінді. Бұл ақшалардың айналымға түсуі, нарықта алдымен азық-түлік бағасы мен жылжымайтын мүліктің бағасын өрлетті. Сәйкесінше бірте-бірте басқа тауарлардың бағасы көтерілді. Бағаның үздіксіз өсуінің алдын алуда дұрыс әдіс ойлап табылған жоқ. Үкімет тек үлкен супермаркеттерге тауар бағасын арзандатып сатуға субсидия берумен шектелді. Іс жүзінде бұл шараның айтарлықтай қайтарымы болған жоқ. Осылай баға күннен күнге өсті. Сонымен елімізде жаппай қымбатшылық етек алды.

Ербосын  НҰРМҰХАНҰЛЫ, жеке кәсіпкер

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button