Жаңалықтар

Қымыз саудасы­ қызып тұр

Қазақтың ұлттық тағамдары қуатты болып келеді.

Өткен жылы Лондон олимпиадасында отандастарымыздың қанжығасы майланып­ жатқанда, бәріміздің басымызға бір ой келген:­ «Қазы-қарта жеп, қымыз ішкен қазақстандықтар!»
Расында да, спортшыларымыз өздерімен бірге қазы-қарта ала кеткенін айтқан. Өзге елдің құнарсыз тағамына тоймайтынын білген соң, қамданғандары еді…

Жалпы қазақтың кең дастарханын қазысыз елестету қиын. Қанша жерден бай болсаң да, ішер асыңда қазы болмаса – тірлігіңнің қуатсызданғаны.

Қазір, Аллаға шүкір, қазы-қарта, жал-жая секілді қазақтың ұлттық тағамдарын зерттеген тағам­тану­шы­ларға «ұлтшылсың» деп, айып тағатын кеңестік кезең емес. Тәуелсіздік алысымен бәріміз тіліміз бен ділімізді, салт-дәстүрлерімізді түгендей отырып, ұлттық тағамдарымызға да ден қойғанымыз рас.

Бауырсағымызды – қырғыздар, қымызымызды немістер меншіктеп, сауда сөрелеріне шығара бастаса да, қазақ ұлттық тағамдарынан бас тартуға құлықты емес. Ірімшік, құрт, май, қазы-қарта, жал-жая, іркіт, қымыз, қымыран, боза секілді ертеде ата-бабалары тұтынған сусындар мен ас-ауқатқа аңсары ауған ел қайтсін енді?! Эскпорттап, әзірге сыртқа шығармаса да, өзі өндіріп, тұтынуға талпына бастады.

Ұлттық тағамдардың дастарханымызға толатын кезі негізінен – ұлттық мереке күндері. Ал, Наурызда тіптен мұндай өнімдерге сұраныс шарықтау шегіне жетеді.

Кеше ғана қаламыздағы бірнеше сауда орталығын аралап көрдік. Кәдімгі қайнатылған ірімшіктің бір килосы 1800 бен 2000 теңге аралығында, құрт – 1500-2000 теңге, шұбат – 650-800, қымыз 600-700 теңге шамасында сатылып жатыр. Қазы-қартаның бағасы қашаннан қымбат. Сүт өнімдері сатылатын павильонға барып, әншейінде бос тұратын сөрелерге көз салдық. Қазақтың ғасырлардан жеткен ғажап тағамдары толып кетіпті. Сау­да­герлер қандай жоғары баға қойса да, тапсырыс беріп отырып, қалталылар ұлттық тағамдарымызды алып жататынын айтады. Ал Наурыз мерекесі таяғанда, олардың қатарына тұрмысы төмен азаматтар да қосылады екен.

Иә, жұрттың бәрі Ұлыстың ұлы күнін тойлағанда ата дәстүрден ұялса да, әйтеуір дастарханын ұлттық ас мәзірімен көмкеруге тырысады.

Ешқандай қоспасы жоқ, табиғи өнім әлдеқайда пайдалырақ. Осындайда бірер күн болса да, нәрлі аспен ауқаттанған бала-шаға үшін қуанасың. Әйтпесе, бүгін шәйға қатар сүтіміздің де қоспасы көп, жасанды өнім екенін кім жасырып жатыр?

Сонымен, базарда бабалар сарқытындай төл тағам түрлерінің саудасы тіптен қызып тұр.

Сөмкесін аққа толтырған замандастарға қарап тұрып қуанасың. «Шіркін-ай, Наурыз секілді той күнде болса ғой» деп тілегің келеді.

Нәзира БАЙЫРБЕК,
n.bairbek@astana-akshamy.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button