Жаңалықтар

«ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ» ҚЫЗЫҚТАРЫ

Бүгін Астана күні  аясында «Жерұйық» саябағында Халықаралық «Қымызмұрындық»  этнографиялық фестивалі басталды.

IMG_9407

Бабаларымыз  «сары қымыз – дертке шипа, бойға – күш» деп тегін айтпаған.

Айтулы шара аясында «Жерұйық» саябағына бірнеше ақбоз үй тігіліп, ұлттық тағамдардан тұратын мол дастархан жайылды.  Фестивальға келгендер қымыздан дәм татып, бір-бірін мерекелерімен құттықтап жатты.Елордалық Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ академиялық музыкалық драма театрының әртістері ұлттық сусынды дәріптейтін қойылым койды. Ақ сақалды қариялар бата беріп, ақ жаулықты әжелер ән салды.  Әйгілі әнші Бибігүл Төлегенова апамыз жиналғандарға ізгі лебізін білдіріп, әуезді ән шырқады. Фестивальға Қырғызстан және Ресей мемлекетінің Қалмақ, Алтай, Новосібір, Якутия, Байкөл аймағы мен Бурятиядан  келген түркі тектес ағайындар да өз өнерлерін жұртшылыққа ұсынды.

Этно ауылда жігіттер мен қыздар алтыбақан теуіп, сауық-сайран құрды. Ауылдың алты ауыз өнерпаздары да халық әндерін шырқап, көрермендерге көркем көңіл-күй сыйлады.  Балуандар мен батырлар күш сынасып, шеберліктерін көрсетті. Асық ату мен тоғызқұмалақ ойындарының көрігі қызды. Қысқасы,  ертедегі қазақы ауылдың бейнесін көз алдымызға әкелген ғажайып мерекеге көпшілік дән риза болды.

Фестиваль ертең де жалғасады.

                                                                               Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button