Мәдениет

«ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ» ҚЫЗЫҚТАРЫ

Астана күні мерекесі аясында «Жерұйық» саябағында 5 және 6 шілде аралығында «Қымызмұрындық» халықаралық этно­графиялық фестивалі өтеді.

Бабаларымыз қасиетті қы­мызды «ішсең – сусын, жесең – ас» деп тегін айтпаған. Оның емдік қасиеті де мол. Кейінгі кезде оны әлем ғалымдары дәлелдеп, анықтап жазып жүр.

14455033031756

Еліміз егемендік алғаннан кейін жаңаша өріс алып, кең түрде өтіп келе жатқан этно­графиялық мерекенің орны бөлек. Әсіресе, айтулы шара Алматы, Павлодар, Тараз, Шымкент және тағы басқа қалаларда жоғары деңгейде өткізіліп жүр.
Ал елордада болатын фес­ти­вальдің тақырыбы – ел тәуел­­сіздігінің 25 жылдығы мен «ЭКСПО – 2017» халық­ара­лық көрмесіне арналып отыр.

Шара аясында «Жерұйық» саябағына бірнеше ақбоз үй тігіліп, ұлттық тағамдардан тұратын мол дастархан жайылады. Қонақтарға қымыз бен шұбат ұсынылады. Боз талға қайнаған сары самаурыннан шай ішуге болады. Ұлттық дәстүрімізді дәріптейтін қол­данбалы өнер көрмесін тамашалайсыз. Этно ауылда жігіттер мен қыздар алтыбақан теуіп, сауық-сайран құрады. Ауылдың алты ауыз өнерпаздары да халық әндерін шырқайды.

Балуандар мен батырлар күш сынасып, шеберліктерін көр­сетеді. Ұлттық спорттың да көрігі қызады. Қысқасы, ертедегі қазақы ауылдың бей­несін көз алдымызға әке­летіндей ғажайып мереке болмақ.

Фестивальдің ашылуында қы­мызды насихаттауға ар­нал­ған театрландырылған қо­йы­лым көрсетіледі. Қатысу­шылар қы­мыз­дың тарихымен таны­сып, ұлт­тық сусын ішуден жарысады. Қымызға арнал­ған ата-баба­мыз­дың жөн-жорал­ғысы жасалады.

Оған елімізден басқа Қыр­ғызстан және Ресей елінен Қалмақ, Алтай, Новосібір, Якутия, Байкөл аймағы және Бурятиядан келген шеберлер қатысады деп күтілуде.

Этноауыл қонақтары Якутия жұртының қалыңдықты киіндіру жорасын, Байкөл аймағының өкілі Дарима Жал­санованың жылқының қылынан жасаған дүниелерін, қазақ­стандық шебер Қайролла Әбішевтің коллекциясын және Ханда Шадапованың «Байкөл маржандары» атты киім үлгілерін қызықтайды. Сондай-ақ, «Алтын дала дауы­сы» бүкілресейлік байқа­уы­ның лауреаты, қалмақ әндерін орындаушы Эврена Оргаева мен алтай хомусында ойнай­тын Виктор Игнатьевтің өне­рін тамашалайды.

Түйіндей келгенде, мереке аясында аталарымыздың байырғы дәстүрі тағы бір жаң­ғырып, жас ұрпақ қадір тұтар тағылымды дүние болмақ.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button