Басты ақпаратҚоғам

Қыр қыздарының жыршысы

Биыл – қазақ елінің әдебиет тарихында ерекше орны бар жазушы-публицист Сара Мыңжасарованың 100 жылдық мерей­тойы. Жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы жарық көрген зерттеулер мен телехабарлар оның жазушылық, аудармашылық және қоғамдық қызметі туралы біршама ақпарат береді.

ара Рахманқызы Мыңжасарова 1924 жылы 29 қазанда Ақтөбе облысында дүниеге келген. Өмірін білім беру және журналистика саласына арнаған Сара Рахманқызы аудармашы, публицист, журналист ретінде де танымал. Оның шығармалары әйелдер тағдыры, олардың ішкі әлемі мен өмірлік күресі туралы сыр шертеді.

Ол туындыларында әйелдерге тән нәзіктік пен табандылықты шебер бейнелеп, оқыр­манға таныс тұрмыстық мәселелер мен ішкі жан дүниенің күрделі тұстарын көрсетеді. Қаламгердің алғашқы еңбек жолы журналистік бағытта басталып, жазушылыққа қарай ойысқан болатын. Алматы, Талдықорған қалаларындағы республикалық газеттерде жауапты хатшы, әдеби қызметкер, газет тілшісі, газет аудармашысы қызметтерін абыроймен атқарып, журналистік жолда шыңдалды. Жазушының өмір жолын хронологиялық сатымен бағамдасақ, оның 1949 жылы журналистік қызметін Талдықорған облыстық «Сталиншіл» газетінде бөлім меңгерушісі болып бастағанын және 1952-1960 жылдары сол газеттің жауапты хатшысы, кейін «Семиреченская правда» газетінің әдеби қызметкері болғанын көреміз. Журналист ретінде шыңдала түскен Сара Рахманқызы Алматы облыстық «Коммунизм таңы» газетінің, 1960-1971 жылдары «Казахстанская правда» газетінің тілшісі болып маңызды басылымдарда қызмет етті. Осы баспасөзге қыз­мет еткен жылдар оның жазушы ретінде қалыптасуына да өз әсерін тигізгенін білеміз.

Қоғамдық қызметтерді атқару барысында өзінің азаматтық ұстанымының мықтылығын және ұлттық сана-сезімінің жоғарылығын таныта білді, сол арқылы қазақ елінің болашағы үшін көптеген бастамалардың ұйытқысы бола білді. Мәселен, 1971-1973 жылдары Байланыс министр­лігінің мерзімді баспасөзді тарату басқармасында басшылық қызмет еткен жылдары орыстілді басылымдар мен қазақтілді газеттердің таралымы арасындағы алшақтықты жойып, қазақ тіліндегі баспа өнімдерінің таралымын сан жағынан арттыруға зор үлес қосты. Газет беттеріндегі публицистикалық мақалаларында да Сара Мыңжасарованың үнемі қазақ елінің ертеңіне қызмет ететін тың да маңызды пікір айтып, халықтың рухани дүниетанымының ұлттық топырақтан үзіліп қалмауына өзіндік байламды ой қосып отырғаны белгілі.

Сара Мыңжасарованың алғашқы романын оқыған Ахмет Жұбановтың оң пікір беріп, рухани қолдау жасағаны туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының ­лауреаты, жазушы Мағира Қожахметованың естеліктерінен жақсы білеміз. Ол кісінің «Қазақтың тұңғыш романист қызы», «Сара апаны сағыну» сияқты мақалалары бар. С.Мыңжасарованың алғашқы романдарының бірі – «Қыр қыздары» (1970), бұл шығармада ауыл әйелдерінің күнделікті тұрмыс-тіршілігі, олардың еңбекке араласуы және қоғамдағы рөлі суреттеледі. «Әйел бақыты» (1981) және «Төзім шеңбері» (1984) романдарында да қазақ қоғамындағы әйелдер бейнесін көркем түрде беріп, қазақ әйелдерінің тағдырына терең үңілгенін байқауға болады. Жазушы романдарының тақырыптарынан да олардың әйел тағдырына арналғанын байқауға болады. «Қыр қыздары» романында бейнеленетін қазақ қыз-келіншектерінің іс-әрекеттері мен қоғамдық ортада өздерін ұстауы және қоғамдағы «қазақ қызы» деген пікірді қалыптастыруға әсер етуі де ерекше сипатталады. «Әйел бақыты» мен «Төзім шеңбері» романдарында сол қазақ қыздарының өсу жолын, қоғамда қалыптасу жолын көруге болады. Сара Рахманқызының өз әкесінің анасымен ерте ажырасып кетіп, оны жалғыз анасының бағып-қағып өсіруі, білім беруі бұл романдардың сюжетіне әсер еткен сыңайлы. Жазушы романдарында бейнелеген әйелдердің қаһармандық, батырлық, жанкештілік қырларымен бірге олардың жан дүниесінің аса нәзіктігі де қатар өріліп отырады. Өз анасының басынан кешкен тірі жесірлік пен жалғыздық болашақ жазушының санасында жастайынан қатталғанын да байқамау мүмкін емес.

Аудармашы ретінде вьетнам жазушысы Нгумен Ванның «Буйвол» повесін, ­абхаз жазушысы Иван Папаскиридің «Әйел намысы» романын және басқа да көптеген шығармаларды қазақ тіліне аударған. Сонымен бірге, шетел әдебиетінің ертегілері мен балаларға арналған шығармаларын қазақша сөйлетіп, жас жеткіншектерге шетелдік туындыларды таныстырғанын да ерекше атап өтуге болады.

Сара Мыңжасарова өзінің алғашқы романы – «Қыр қыздарында» қазақ әйеліне тән ерекше мінезді, атап айтсақ, төзімділік пен көнбістікті, қайраттылық пен нәзіктікті қатар алып, жалпы қазақ әйелінің адамдық тұлғасын жасайды.

Жазушының «Өмір тынысы» повесі Ғазиза Ахметқызы Жұбановаға арналған. «Әйел бақыты» романы «Қыр қыздарының» жалғасы сияқты болып шыққан. Онда «Қыр қыздары» романының қысқартылған тараулары қосылып, толық нұсқасы берілген. Романның негізгі желісі 1917 жылға дейін теңдік ала алмаған қазақ әйелдерінің қиын тағдыры және өмірдегі қиындықтарды жеңудегі олардың батылдығы мен әділдікке деген сенімін ашып көрсетуге құрылған.

Жазушының «Төзім шеңбері» романында әйел тағдыры мен оның өмірлік күресінің көрінісі жақсы бейнеленген. Романның басты кейіпкері Күнсұлудың өз өміріндегі әртүрлі кезеңдер мен ауыртпалықтарды шешу жолындағы әрекеті нәзік жанды адамнан гөрі қайратты жанның әрекетіне келеді. Оның алғашқы жары Сәлкенмен қарым-қатынасы, Мәскеуде білім алу кезіндегі екеуінің ­айырылысуы, ауылдағы өмірі, өз махаббатын іздеу жолындағы күресі – романның негізгі арқауы. Сәлкеннің Мәскеуде оқып келгеннен кейін қатты өзгергені, өз әйелі Күнсұлуды менсінбей, өзінен төмен са­науы, сол себепті ажырасуы баяндалады. Сәлкеннің ішкі толғаныстары мен тебіренген сәттері де әсерлі шыққан. Романда Күнсұлудың тұрмыс-тіршілігі мен оның жан дүние­сінің күресі біртұтас бейнеленіп, оқырманға күш-жігер, үміт сыйлайды. С.Мыңжасарова қазақ әдебиетінде әйелдің рөлі мен орны туралы тақырыптарды қозғай отырып, олардың ішкі әлеміне шынайы көзқарас қалыптастыр­ды. Білім алып, оқыған қазақ жігіттерінің ХХ ­ғасыр басындағы тіршілігін ұлы жазушы М.Әуезовтің «Оқыған азамат», «Үйлену», «Сөніп-жану» деген әңгімелерінде көрсеткенін білеміз. Сәлкеннің де бейнесі сондай тұрақсыз, жеке басының ғана бақытын ойлаған еркектің образы болып шыққан. Мәс­кеуге оқуға жіберіп, үйдегі бар тіршілікке ие болып қалған әйелін бағаламаған еркектің болашағы туралы жазушы қазбаламай жайына қалдырады. Оны оқырмандарының еншісіне беріп, әрі қарай Күнсұлудың қиындықтан шыққан жолын бейнелейді. Бұл да жазушының өзіндік шешімі деуге болады.

Сара Мыңжасарованың шығармаларындағы әйелдің өзін-өзі табуы, қоғамдағы рөлін түсінуі және өмірлік күрестерден тайсалмай өтуі оның Жорж Санд, Шарлотта Бронте, Джейн Остин сияқты шетелдік жазушылардың шығармаларымен үндестігін көрсетеді. Яғни әрбір кейіпкердің өмірлік тәжірибесі арқылы әйелдің өзін-өзі ашу процесі айқындалады.

Қазақ әдебиетіндегі әйелдер прозасы, ­соның ішінде Сара Мыңжасарованың шығармашылығы – әйелдерге тән өмірлік күрестерді, олардың ішкі әлемін терең суреттейтін айрықша бағыт. Әйелдер прозасы әлі де заманауи әдебиетте өзекті және маңызын сақтап келеді. Сара Мыңжасарова өз шығармалары арқылы қазақ әдебиетінде әйелдер бейнесін жаңа қырынан танытып, әйел тағдыры мен әлемін шеберлікпен ­суреттеген қаламгер ретінде есте қалады.

 Мөлдір АМАНҒАЗЫҚЫЗЫ,

А.Құсайынов атындағы Еуразия ­гуманитарлық институтының доценті, философия докторы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button