Басты ақпаратҚала тіршілігі

Қырағы камера – қауіпсіз қала кепілі

Елорда көшелерінде «Сергек» фотобейне фиксация­лау жүйесі енгізілгеніне жылға жуық уақыт болып қалды. Нәтижесінде желмен жарысқан «шумахер» жүргізушілер бір-екі айыппұлдан кейін сабаларына түсіп, жол ережесіне бағына бастады. Жаңа құрылғы іске қосылғалы бері бас қаламызда жол апаттар саны да едәуір азайғаны байқалады.

Материалымыздың негізгі бөлігіне өтпес бұрын жылдамдық өлшейтін құрылғының шығу тарихына тоқталып өтейік. Бұл құрылғыны алғаш рет Нидерланд елінің әйгілі автошабандозы Морис Гетсонидес ойлап тауыпты. Оны жаттығу барысында жүргізу жылдамдығын арттыру үшін қолданған екен. Автокөлік жарысында айтарлықтай жетістіктерге жетпегенмен, осы өнертабысы арқылы жаңа кәсіптің көзін тапқан. Аталған аппаратты дамыту үшін 1958 жылы өзінің компаниясын құрыпты. Уақыт өте келе Морис Гетсонидес туындысы түрлі елдерде дамып, тек жылдамдықты ғана емес, түрлі заң бұзушылықтарды анықтайтын деңгейге жетті.
«Сергек» біздің елде өткен жылдың 15 қыр­күйегінде қосылып, жол тәртібін бұзған жүргізушілерді жауапкершілікке тарта бас­тады. Ең алдымен жылдамдық режимін шамадан тыс асырып, қоғамдық көлік қозғалатын жолақпен жүрген (Bus Lane автобус жолы) немесе тоқтау сызығын кесіп өткен мәселелерді қарастырады. Бұған қоса, ұсақ ереже бұзушылықтар да назардан тыс қалмайды.
Өткен жылы елорда аумағындағы көше қиылыстарында, қаланың сызықтық аймақтарында, сол сияқты ойын-сауық орталықтары, театр, спорт алаңдары, музей секілді жұрт көбірек жиналатын жерлерде 13000 камера қолданысқа енетіні белгілі болды. Ал 24 сағат бойы тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған аппараттардан түскен бейнемате­риалдар Тіршілік қызметін кешенді қамтамасыз ету жүйесі мен Астана қаласы Ішкі істер департаменті Жедел басқару орталығына қарасты Ахуалдық орталықтың бақылауына жіберіледі.
Бір айта кетерлігі, аталған камералар орнатылатын орындарды Әкімшілік полиция басқармасы мен Жергілікті полиция қызметкерлері бірлесе отырып зерттеген.
Сонымен қатар, қалалық әкімдік жұ­мыстарының басым бөлігі балалардың қауіпсіздігіне арналған. Осыған байланысты оқу мекемелері мен балабақшаларға жақын тұстағы көлік қозғалысының жылдамдығы 40 км/сағ-қа дейін шектелгенін ескере кеткен жөн. Себебі бұл жер телімдері сурет және бейне жазу жүйелерінің назарына ерекше алынған.

Тәртіп сақшыларына  артылар жүк ауыр

Бас қалада тәртіп қатаң. Жоғарыда аты аталған «Сергек» пен жылдамдықты анықтауға арналған түрлі фотоаппараттар полицей қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп отырғаны анық. Алайда тәртіп сақшыларына артылар жүктің де салмағы ауыр. Жол тәртібін күшейту мақсатында Астанада түрлі шаралар ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, жақында, тамыздың 8-10 күндері жүргізушілер арасындағы көлік тәртібін сақтау, жол-көлік апаттарының санын азайту, сондай-ақ, жол ережесін бұзудың алдын алу мақсатында «Қауіпсіз жол» атты іс-шара өтті. Аталған іс-шара барысында полиция қызметкерлері жол ережесін өрескел бұзуды анықтауға бағытталған бірқатар рейд жүргізді.
Сонымен қатар, көлік ұйымының өкіл­дерімен бірлесе отырып, қоғамдық автокөлік жүргізушілері арасында жол ережесін анықтауға басымдық берілді. Жедел алдын алу іс-шарасы барысында «Сергек» жүйесі 6000 тәртіп бұзушылықты әшкереледі. Ал полицейлер жол жүру ережесін бұзған 700 көлік иесін анықтаған. Нақтырақ айтқанда, автомобильді ішімдік ішкен күйде жүргізгені, жол қиылысындағы ережені бұзғаны, жылдамдықты күшейткені, басып озу ережелерін бұзғаны, қарсы жолға шығып кеткені, қауіпсіздік белдігін тақпағаны, сондай-ақ, телефон қолданғаны сияқты себептермен шара қолданылып, белгілі бір көлемде айыппұл салынды.

2018 жылдың алғашқы алты айында аталған орталықтың операторлары бейнетіркеуші камералар арқылы 2 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Ал айыппұлдың жалпы сомасы 14 млн теңгені құраған.

Жол апаты 21 пайызға азайды

Жақында Астана әкімдігі қалада әртүрлі салада жүзеге асып жатқан төрт жобаны таныстырды. Олардың арасында iKomek қалалық жедел мониторинг және әрекет ету орталығы, сондай-ақ, «Сергек» жүйесі ерекше аталып өтті. Әкімдік өкілдері мәлімдегендей, аталған жүйе енгізілгелі бері қалада жол-көлік оқиғасының едәуір азайғаны байқалған.
– Өткен жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы – 21 пайызға, одан жарақат алғандар саны – 20 пайызға, ал оқыс оқиғалар саны екі есеге азайды. Сонымен қатар, Астана әкімдігі қаланы барынша жайлы және қолайлы ету мақсатында цифрландыру бойынша тағы бірнеше жобаны жүзеге асыруды қолға алғалы отыр. Яғни қылмыскерді анықтау және бет-бейнені предиктивті талдау, – деді Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров.
Қазіргі уақытта iKomek қалалық жедел мониторинг және әрекет ету орталығы жүйелі мәселелерді шешіп қана қоймай, қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге маңыз береді. Айтпақшы, «Сергек» тек көлік жүргізушілерінің жол ережесін бұзғанын ғана анықтайды деген ойда болсаңыз, қателесесіз. Ол қоғамдық орындарда ішімдік ішіп, белгіленбеген орындарда темекі шеккендерді де назардан тыс қалдырмайды.
Мәселен, 2018 жылдың алғашқы алты айын­да аталған орталықтың операторлары бейнетіркеуші камералар арқылы 2 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Ал айыппұлдың жалпы сомасы 14 млн теңгені құраған.
Нақтырақ айтқанда, алкогольді ішімдік ішудің 1830 оқиғасы, қоғамдық орындарға мас күйінде келу (ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабы) және қоғамдық орындарда темекі шегудің 111 оқиғасы тіркелген (ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабы). Міне, осыған қарап бас қалада көлік жүргізушілерінің ғана емес, жаяу жүргіншілердің де қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстауы ерекше бақылауда болатынын айта кеткен жөн.

Айыппұл мөлшері

Өткен жылдың 28 желтоқсанында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізу туралы заңына қол қойды. Ол заң бойынша ең төменгі айлық есептік көрсеткіш мөлшері (АЕК) 2269 теңгеден 2405 теңгеге көтерілді.
Елімізде ең жоғарғы айыппұл мөлшері 200 АЕК-ті құрайды. Бұл айыппұл жол жүру ережесіне бағынбай, автокөлікті мас күйде басқарғаны үшін салынады. Сондай-ақ, аяғы ауыр келіншек немесе зейнеткер секілді әкімшілік арест қолданылмайтын азаматтардан өзгелері 3 жылдан 5 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылады. Ал мүгедектер тұрағына көлігін қойғаны үшін – 50 АЕК, яғни 120250 теңге төлеуге міндетті.
Сонымен қатар, жылдамдықты қажетті мөлшерден 10-20 км/сағатқа арттырғаны үшін 5 АЕК айыппұл салынса, 20-40 км/сағ үшін – 10 АЕК, ал 40 км/сағаттан арттырған көлік иелерін 20 АЕК күтіп тұр. Егер айыппұл 7 күннің ішінде төленсе, 50 пайыз жеңілдік жасалады. Сондықтан мекенжайыңызға айыппұл қағазы келген болса, уақыт созбай, тезірек төлегеніңіз абзал.
Айта кетер бір мәселе, автомобильді сенімхат бойынша өзге біреу жүргізіп жүрсе де, оның жол ережесі үшін салынған айыппұлдары көлік иесінің мекенжайына тікелей жолданады.
Астана еліміздің бас қаласына айналғалы 20 жылдан аса уақыт болды. Осы уақыт аралығында халық саны артып, бүгінде бір миллионнан асты. Тиісінше көлік саны да артып, «кептелісі жоқ қала» деген түсінік жойылып барады. Көлік көп жерде жол ережесінің жиі сақталмауы да заңдылық. Ал «Сергек» секілді түрлі құрылғылар қала ішінде тәртіп орнатып қана қоймай, түрлі заң бұзушылықтардың алдын алады.

Аян ӘБДУӘЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button