Таным

ҚЫРАН ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНАТЫ

3х4_Нурмагамбетов Сагадат copy

ӘНҰРАНЫМЫЗ – «МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ» ӘУЕЛЕГЕНДЕ КЕУДЕНІ МАҚТАНЫШ КЕРНЕП, БОЙДЫ НАМЫС БУАДЫ

Шексіз де шетсіз, түпсіз де терең мұхит айдындары… Телегей теңіздер – адамзат тағдырының әйдік зерде сандығы. Халық қаһарманы Сағадат Қожахметұлының да өмірінің тарыдай болса да сырларын ол ішіне бүгеді… титімдей ғана.

Боп-боз.

Сол көзінің қиығына қонақтағалы қашан. Алғаш қалай байқағаны есінде жоқ.

Кейін айнаға зер сала қарағанда ғана назарына ілігетін. Ол да әуелде ғана. Көзі үйренген соң, көңілінен таса болғалы қашан.

Бүгін айна алдында әдеттегіден ұзағырақ кідірді. Конституция күнінің салтанатына жиналған беті еді. Ескі түйіршік ойда-жоқта назарын аударды. Баяғы сол бүріскен қалпы… Кезіндегі заңды белінен басқан сұрқай тірліктің сарқыншағы дерсің.

Титімдей.

Өседі деуші еді. Өйтпеді. Сол қалпында қала берді. Сырт көзге шалына да қоймайды.

Тарыдай ғана.

Жаңа ойда-жоқта жанарын сүріндірді. Оған да мынау мереке себеп: Алтын заң салтанаты.

Шапшаң жиналды. Шақырған жерге ешқашан кешігіп көрмепті. Бұл жолы да әдеттегідей ертерек келді. Қашаннан қанына сіңген қасиеті. Өзі секілді ардагерлер шоғыры да көп-көрім екен. Бәрінің Тәуелсіздік монументіне жиналған беттері.

Осы орта батырдың жанына жағымды-ақ. Әр жердің, әсілі, өз әдебі бар. Кей-кейде «мұнда қайдан тап келдім» деп жабығар еді. Сосын ондай бас қосулардан аулақ жүруге тырысады. Әлгі шіркіндердің «иіскемейтін қоқыстары, сүйкенбейтін бұрыштары» жоқ. Еріксіз сүйкімдері қашады. Анық-қанығын білмеген «қоламтаны қоздатып, аңдамай шоқ басу» әуелден табиғатына жат.

Ал, ардагерлер болса, талайды көріп, егемендіктің бағасын білетін және не айтса да, таразылап алып қана сөйлейтіндер. Тәубесін ұмытпай, жақсылыққа қуанатындар. Ақсақалдықтың көп «сыбағасының» бірі де. Соған орай жиын-тойға шақыратындар да баршылық. Бәрі де сыйлап, өзгеше құрақ ұшады. Аты аңызға айналған батыр дейді. Төл армиямызды сапқа қойған қолбасшы дейді. Жастық шағы жалындап өткен, сол жігері «базардан қайтқанда» да мұқалмаған сүйегі асыл азамат дейді.

Рас, бұ дүниеге келген соң отша жана тұрып та өртенбей, суша буырқана тұрып та асып, таспай, еңбектен тиянақ тауып, сабырды серік еткенге не жетсін! Бұл да болса, бір басына жетерліктей өмір мектебінің арқасы. Туған ел-жұрты сосын тағы зу етіп, өте шығатын тірліктің тұнығын шайқалтпаған жалын мен жігер, парыз бен парасат иесі ретінде ерекше қастер тұтады.

Мерекеге жиналған ақсақалдар бір-бірімен қуана қауышып, өткен-кеткенді еске алысады. Көзіне ыстық, жүрегіне жақын «қаруластар» ортасының кең пейілі жанын жадыратады. Жақсы орта мен жағымды ойда да жасампаз от бар-ау! Ол көңілді тербеп, жүрегіңді елжіретеді.
Батыр аға ой тұңғиығына тартылып барады екен, қалықтай жөнелген сиқырлы саз оны ардагерлер ортасына қайта оралтты. Аспан төсіне «Менің Қазақстаным» Әнұраны самғай көтерілді.

«Ежелден ер деген даңқымыз шықты ғой…» Жеңіс қырандары да сүйікті әуенге сүйсіне қосылды.

Ғажап ән, өршіл әуен.

Жүйке-жүйкеңе жайылып, ерекше сезімге бөлейді. Өзіңді бүкіл елмен тағдырлас сезінесің. Бір сәтке болса да туған халқыңның тағдырымен біте қайнасып, бірге тыныстайсың.

Кеудеңді мақтаныш кернеп, бойыңды намыс буады. «Намысын бермеген қазағым мықты ғой…». Әсем әуен мен сырлы сезімнің үйлесімі ғажап-ақ! Сұлу саз бен салиқалы сөз перзенттік адал сезіммен өріле үндеседі.

Тебіреністі сәт.

Аса құдіретті сезім! «Менің Қазақстаным!» – жүрек толқытарлық әсерге бөлеп, бойға жасампаз жігер құяды.

Ғажайып әсер.

Тіршілік толқынында тербелген әуен. Әлбетте, ән де тірліктің тынысындай сан-алуан. Бірақ, соның бәрінің ортақ алтын арқауы бар. Баршасы соған тәуелді. Мұнсыз әуен дегенің құр айқай-шу болады да қояды. Ондай даңғаза жүйкеңді жеп, құтылғанша әбден зәрезап етеді.

Музыканың адам жанына, тіпті, суға әрқилы, яғни жағымды, бейтарап және жағымсыз әсерін, жан жары Лира Сабирқызының айтуынша, ғалымдар баяғыда-ақ дәлелдеген. Әдемі әуеннен судың молекулалық құрылымы ерекше мөп-мөлдір сән түзеді екен.

Ал, жары айтса, жанының алақанын білген соң ғана жаяды. Ол арнайы оқып, тоқыған су маманы емес пе?! Кәсібіне қатыстының бәріне қызыға «сүңгіп», өз «құпиясын» екеуара ғана бөлісер еді. Мәселен, рок музыка судың құрылымын быт-шыт қиратады екен. Демек, адам тәні 75-90 пайыз судан тұратын болса, біздің жанымызға отты әуеннің немесе саз сәулесінің әсер күші қаншалықты екені өз-өзінен түсінікті. Табиғатпен, оның тыныс-тіршілігімен үндес ән адамның жанын да, тәнін де баурайды. Сырлы саз көңіл пернесін, тірлік тебіренісін тап басады. Сезімнен өріліп, ақылмен безбенделсе солай.

Әуен, ол – лапылдаған От пен тасыған Судың сапырылысы. Дарын өз жүрегінен туған сырлы сазды сезім отында ширатып, сабырмен суарып, тірлік тебіренісімен тоқайластырады. Осылайша хас шебердің көкірегінен тұтанған ұшқын ән көрігін одан әрі маздатады дерсің.

Өмірдің өзі де – Ән, әрине, сәулелі сезім үшін солай. Ол, бірақ, әркімге бұйыра бермейді… көктен төгілген Күн сәулесінің, көз алдыңда көшкен қазбауыр бұлттардың, аспаннан төгілген жауынның, бұрала аққан бұлақ пен буырқанған теңіздің әрқайсысының дербес үні бар.

Зеңгір жұлдыз бен асқақ арманның, жарқылдаған найзағай мен жалын жігердің, тіпті білте шам мен үміт сәулесінің, ошақтағы от пен жан шуағының, сондай-ақ шатырдан сырт-сырт тамған және жанардан мөлт-мөлт үзілген тамшының да өз әні бар.

Жүректегі сезімнің де өз сыры мен өзгеше сазы болады. Балбұлақтың ерке былдырын, қамыстың құпия күбірін, самалдың сүйкімді сыбырын айтсаңызшы!

Сол сан алуан дыбыс пен сазды елін сүйген Шәмші Қалдаяқов дарынының сұңқар қанатынан суылдай төгілген әуен мәпелей құндақтап, үкілеп ұшырады. Жаныңа жігер құйып, намысқа қайрап салады. Ол бірде отқа орап, тұла бойыңды буып, күйдіре-жандыра көкке шарықтатса, енді бірде үстіңнен мұздай су құйып жібергендей селт еткізіп, салқын сабыр тереңіне сүңгітеді.

Сағадат Қожахметұлының көңіл толқынысы басылар емес. «Апырым-ау, бұған не болды?» От пен судан талай өтті, жаны мұрнының ұшына келген кезі де аз емес. Алайда, сол бір бала жетім көктемінен соң көзіне жас алып көрмепті… Бірақ, қазір қалайша толқымассың?! Бұл – асқақ күй. Туған ел мен жерге деген жүрек тебіренісі мен көңіл қуанышынан туған ерекше хәл! Аспанда самғаған қыран-қазақтың қанаты бұл!

Жан толқытарлық! Қазақ енді ешкімге де, ештеңеге де кіріптар болмақ емес. Иықтан басқан бодандық бұғауына ерегесе еңсесін тіктеп, өксігі көп өткенге салауат айтады.

Әнұран аспан төріне байланып қалғандай.

Асқақ та айбынды. Әлжан ағасы айтушы еді: «Абылайханның әскері Тарбағатайдың баурайында жоңғарлармен соғыс үстінде қатты қалжырайды. Сол кезде он салт атты қыр үстінен ұлттық саз аспаптарымен халық әуендерін шалқытады. Сарбаздардың бойына тың күш құйылып, найзаларын ойнатып, болдырған аттар қайта шиыршық атыпты». Ұлттың арман-мақсаты мен уайым-қайғысы тұнған халық музыкасында осындай тылсым күш бар.

Әнұран барған сайын әуелеп барады… «Ежелден ер деген» даңқты халықтың намысын Шәмшінің дарыны төрткүл дүниеге таратады. Алты алаш енді алған бетінен айнымақ емес.

Тастүйін.

Морт сынуға бар, бірақ иілмейді. Ешқашанда, ешкімнің де алдында. Солқылдақтық жат оған. Бос мәймөңкеңді білмейді. Жүрегің «елім» деп елжірейді. Ешкімге де жалтақ емессің. Еркіндік пен бостандық.

Ерекше асқақ күй!

Әнұран шырқау биікке шалқи самғайды. Осы бір қас-қағым сәтте бүкіл елдің арманы бір-ақ арнаға тоғысып, астасып кеткендей. Біте қайнасып, қабыса үндесіп, туған еліміздің бақытты ертеңіне тілектес қауымды шапағына орайды. Бойға қуат құйып, мәртебеңді өсіреді.

Ерекше үйлесім.

От пен Су бір арнаға құйылады.

Жігер мен Сабыр жарасады.

Жасампаз сезім!

Жетімдік… Жастығын жалмаған соғыс. Бодан заманның белден басқан әділетсіздігі. Адам табиғатына жат тоталитарлық жоян тірліктің барша ызғары жүрегін ерте суытқан. Жанары баяғыда-ақ құрғап, ащы жастың сығындысындай, титімдей түйіршік қана көзінің қиығында бұғып қалған еді.

Титімдей ғана.

Әнұран аяқтала бергенде Сағадат аға еркінен тыс тебіреніп кетті. Салқар сезімі бір демде асыр-тұсыр сарқылдай тасыған. Бұл да бір тоспада талай уақыт тосылып, тауаны шағылып, одан сәл саңылау тапқанда сарқырай жөнелген асау ағын секілді…

Жаужүрек жанының тапталған намыстан өртеніп, өне-бойын қысқалы қаншама жыл. Отанға деген перзенттік сүйіспеншілік сезімі жұлын-жүйкесіне сел-сел тарап, торыққан жанында талай жыл тұншыққан өртке лақ ете құйылды. Ардагердің көзінің қиығындағы ыстық пен суықтың, қуаныш пен қиындықтың сығындысындай, тарыдай түйіршік күлдіреп салды.

Ол дүр сілкінді.

Өне-бойы мұздап қоя берген. Кеудесі қысып, тынысы тарылғандай. Көйлегінің түймелерін ағытып, галстугін босатыңқырап қойды. Көктемнің Алатаудан ескен саумал самалына жүзін тосты. Бақыттан жан толқығанымен, жүрек қысылмайды екен. Бір демде астаң-кестең болған көңілі қайта орнына түсті.

Аспан түстес Ту көк жүзінде Күн сәулесімен шағылыса жарқырай барып, көкпеңбек шаңырақ төсіне бояуша сіңіп жүре берді. Бодандық оты қанатын шарпып, қыстыға күн кеше жүріп, еркіндікке әбден сусаған қыран-қазақ шексіз де шетсіз, түпсіз де терең кең-байтақ өлкенің үстімен баяу қалықтайды. Ол ел амандығының қырағы күзетінде тұрғандай. Бейбіт өмірдің күзетінде… алтыннан өрілген ою-өрнектер келді көз алдына. Оларда да сәулелі сезімге ғана ашылғандай терең сыр бар. Қазағының өнерпаз да сұлу табиғаты мен қайыспас, қайсар тағдыры сайрап жатыр.

Сағадат аға қазір ойлап қараса, егемендікті жариялаған сәтте оның қандай бақыт екенін көпшілік жете сезіне қоймапты. Тіпті, Тәуелсіздік заңын қабылдаған он екінші сайланған Жоғарғы Кеңестің өзі сияқты депутаттары да шаттық құшағында тұрып, оның салмағын жан-жақты саралай алмағаны анық.

Қаһарман жаңағы бір тебіреністі сәтте жанарын соншама уақыт күзеткен ескі түйіршіктің қалай үзіліп түскенін де байқамаған. Ол талай жыл іште маздап, сыртқа шыға алмай тұншыққан орасан от-намыс ұшқынының бір ғана түйіршігі еді. Сырттағы «ызғардан» әбден суып, сүйелге айналғалы қашан. Басынан кешкен «аптап ыстық пен сараяз суықтың» нашар елесі іспетті.

Көзінің қиығынан үзілген ескі түйіршік жермен жосылған жаңбырдың суына қосылуы мұң, жанарын жасқанта жарқ еткен. Намыстың наркескеніндей, бойында талай жыл қайнап, теміртүйнекке айналған ол азаттықтың алауы бұрқ ете түсіп, жанартауша лақылдай атылғанда қайта балқып кеткендей.

Кәдімгідей жанып, көз қарықтыра сәуле шашады. Су тұтқынында шыр көбелек айналып, заулаған күйі қашан зәулім ғимарат тасалағанша көзіне оттай басылып бара жатты. Қалтарысты айнала бере жанарын жасқай тағы бір жарқ еткен. Жаңағы ұшқыннан бейне бір жер мен көкті жалғаған өрт көтерілгендей болды… шығыстан жоғары өрлеген алып Күн нұры айналаны шалқар шуағына орап келе жатыр екен.

ОтАсу…

Сағадат Қожахметұлы Әнұран қанатында тебірене тұрып, тірлік көшінде Тәуелсіздік таңын қарсы алған тағдырына разы көңілмен шүкіршілік етті.

Болат Жүнісбеков,
жазушы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button