Шартарап

Қырғи-қабақ соғыс қайта бастала ма?

Ресей, АҚШ, НАТО сынды үш оттың ортасында қалған Украина тағы екі облысынан айырыла ма? 21 ақпан түстен кейін Ресей Президенті Владимир Путин Украинаның шығысындағы «Луганск халық республикасы» мен «Донецк халық республикасының» тәуелсіздігін мойындау туралы жарлыққа қол қойып, бейбітшілікті сақтау мақсатында аталған өңірлерге Ресей әскерін кіргізу туралы бұйрық берді. Осылайша батысқа бет бұрып, еркін әлемге есік ашам, Ресейден іргені аулақ саламын деген Украинаның тұтастығына үлкен қауіп төнді. 

[smartslider3 slider=2230]

Бүкіл әлемді тіксіндірді

21 ақпан күні Путин қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, Донецк мен Лугансктің жағдайын талқылады. Талқыда мемлекеттік Дума мен федерация кеңесінің мүшелері «ЛХР», «ДХР» тәуелсіздігін мойындау туралы хаты ортаға салынды. «Донецк тұрғындарының 90 пайызы сусыз қалды», «Лугансктің үштен екісінде газ жоқ» деп байбалам салған депутаттар Украина Донбасс пен Луганскте геноцид жасап жатыр, сондықтан оның тәуелсіздігін тез арада мойындау керек деп Путинге өтініш жасады. Осыдан кейін телеарна арқылы халыққа арнайы үндеу жасаған Владимир Путин Кремль Украинаның шығысындағы сепаратистік «Донецк халық республикасы» және «Луганск халық республикасын» «тәуелсіз мемлекет» деп танып, олармен «дос­тық пен ынтымақтастық келісімін» жасайтынын мәлімдеді. Келісімде Ресейдің аталған екі аймаққа әскери көмек көрсететіні де айтылды. Бір сағатқа жуық сөйлеген сөзінде Путин Украинаны «Ресейге жау пиғылдағы, өзінің тарихы жоқ, большевиктер мен тікелей Лениннің орыс жерлеріне Донбассты қосып құрастырған мемлекет» деп атап, Украинаның өзін тәуелсіз мемлекет деп танымайтынын аңғартты. Әлемдік сарапшылар Ресей басшысының бұл сөзін бүкіл Кеңес Одағының шекпенінен шыққан елдерге жасалған ескерту деп бағалап жатыр. АҚШ-тың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі тұрақты өкілі Линда Томас-Гринфилд Путин «Минск келісімінің түгін қалдыр­мады» деп мәлімдеп, Мәскеу Ресей империясының Совет Одағына дейінгі 100 жыл бұрынғы аймақтарын қайтарғысы келеді деп сынады. «Путин әлемді Біріккен Ұлттар Ұйымы жоқ, империялар басқарған уақытқа кері шегергісі келеді. Бірақ әлем ілгері жылжып кетті. Қазір 1919 жыл емес, 2022 жыл» деді ол.

Ресей билігінің «ДХР» және «ЛХР»-ды мойындауы өңірдегі жағдайды орнықтыру мақсатында жасалған «Минск келісімінің» күші жойылғанын көрсетеді. Оны Мәскеудегі баспасөз жиыны кезінде Путиннің өзі де айтты. Сондай-ақ бұл – Будапешт келісімінің де қоқыста қалғанының белгісі. 1994 жылы қол қойылған Будапешт келісімінде ядролық қаруы бар төрт ел, ішінде Ресей де бар, Украинаның аумақтық қауіпсіздігіне қол сұғылмайтынына кепілдік берген еді. Енді, міне, аузынан дәт, қолынан хат берген Ресей оның бәрін қайырып қойып, бауырлас елге басып кірудің алдында тұр. Әлемдік қауымдастық Мәскеудің бұл әрекетін «Ресей өз мүддесіне келгенде халықаралық келісімдердің бәрін қоқыс жәшігіне тастайтынын анық көрсетті» деп бағалап жатыр.

Бұрынғы сценарий қайталанды

Ресейдің өзге елдің құрамындағы аймақтарды «тәуелсіз ел» деп жария­лауы – үйреншікті әдеті. Мәселен, Грузияның 20 пайыз территориясынан айырылуына апарып соққан Оңтүстік Осетия және Абхазияның тәуелсіздік жариялауы; Днестр жағалауы республикасының Молдовадан бөлінуі; Қырымның қолдан кетуі бәрі Ресейдің ықпалымен жүзеге асты. Бірақ өзін «тәуелсіз» деп жариялаған бұл «республикалар» бірін-бірі мойындағаны болмаса, халықаралық қауымдастық тәуелсіз деп таныған жоқ.

Соғысқа ұласуы мүмкін

Мәскеудегі баспасөз жиыны кезінде Путин Украина мен Ресей арасындағы «қақтығысты реттеу үшін» Киев Ресейдің Қырымды басып алғанын мойындап, НАТО құрамына кіруден бас тартуы тиіс деп мәлімдеді. Сонымен қатар, Ресей «Донецк және Луганск халық республикаларының» шекараларын мойындағанын ауызға алған ол бұл облыстардың басым бөлігі Украина билігінің бақылауында екенін де еске салып, «Біз олардың тәуелсіздігін мойындадық, олардың барлық негізгі құжаттарын, Конституциясын да танимыз. Ал Конституцияда олар Украина құрамында болғанда Донецк және Луганск облыстарының шекарасы деп көрсетілген» деді.

Шынымен де, жағдай екі облыс­тың қолдан кетуімен ғана тоқтап қалмайтын секілді. Себебі Ресейдің қаулысынан кейін аталмыш «ЛХР», «ДХР» басшылары «Украина армиясы біздің елдің аумағынан өз еріктерімен шығып кетсін, егер шықпаса, біз өз жерімізді азат ету үшін тиісті әрекет жасаймыз» деп мәлімдеме таратты. Батыс БАҚ-тары да Ресейдің Украинаның шығысына әскер кіргізуін Киевке басып кірудің бастапқы қадамы деп бағалап отыр. Осыған байланысты Украина армиясы да дайындықты күшейтіп, запастағы жауынгерлерді де әскер қатарына шақырып жатыр. Әрине, Қырымнан бір, Донбасс пен Лугансктен екі айырылған Украина армиясы өз бақылауындағы жерден кет дегенге кете қалмасы анық. Есесіне жікшілдердің қолындағы аумақтарға шабуыл жасауы әбден мүмкін. Олар шабуыл жасамаған күннің өзінде Ресейге арқа сүйеген сепаратистер «өз территориясын» азат етуді сылтау етіп соғысты бастайды да, оның соңын Ресей жалғауы мүмкін. Міне, осы қажеттілік үшін 22 ақпанда Ресей парламентінің жоғарғы палатасы Владимир Путинге Донбасстағы жағдайға байланысты Ресей армиясын шетелде пайдалануға рұқсат берді.

Шектеулер құрсауында

2014 жылдан бастап батыстың қысымы мен санкциясынан көз ашпай келе жатқан Ресей бұл жолы да әлем елдері мен халықаралық ұйымдардың қатаң қарсылығына ұшырады. Мәскеудің Украинаның иелігіндегі екі облысты «тәуелсіз ел» деп жариялауы халықаралық заңдар мен келісімдерге мүлде қайшы. Осыны алға тартқан АҚШ алдымен «ДХР» және «ЛХР»-на санкция салып, аталған «республикаларда» жұмыс істегісі келген кез келген адамның санкцияға ілінетінін ескертті. Сонымен қатар, АҚШ Ресей элитасының бірқатар өкілдері мен олардың отбасы мүшелеріне, сондай-ақ екі банк – ВЭБ және әскери банкке санкция салды. Ақ үй басшысы Байден «ДХР» және «ЛХР» тәуелсіздігін мойындау Ресейдің көрші елге басып кіруінің алғашқы қадамы деп атап, Мәскеу алған бетінен қайтпаса, 2014 жылғыдан да ауқымы кең санкция салатынын ескертті. НАТО Мәскеу «Украинаның шығысындағы қақтығысты ушықтырып, Украинаны басып алуға сылтау іздеп отыр» деп мәлімдеді. Ұлыбритания Премьер-министрі Борис Джонсон Парламентке Ресейдің бес банкіне және үш басшыға санкция салғанын, Ұлыбританиядағы активтерін тоқтатқанын және олармен қаржылық операцияларды тоқтатқанын мәлімдеді. Еуроодақтың «қара тізіміне» Ресей мемлекеттік думасының 351 депутаты мен 27 жеке және заңды тұлғалар енді.

БҰҰ Ресейдің сепаратистік республикалар тәуелсіздігін мойындау туралы шешіміне алаңдаушылық білдіріп, Украина тұтастығын қолдай беретінін айтты. БҰҰ демекші, аталған ұйым Украина мәселесі бойынша шұғыл отырысын өткізген болатын. Жиналысқа қатысушылар Ресейдің әрекетін қатаң айыптап, Мәскеуді мәселені ушықтырмауға шақырды.

Ал Германия болса, «Путиннің Украинаның шығысындағы сепаратистік «Халық республикаларын» мойындауы Нормандия форматы және Еуропадағы қауіпсіздік, сондай-ақ ынтымақтастық ұйымының көп жылдық жұмысын астан-кестен етті. Біз серіктес мемлекеттермен бірлесе отырып, халықаралық құқықтың бұзылуына жауап береміз» деп мәлімдеп, «Солтүстік ағын – 2» газ құбырын сертификациядан өткізуді тоқтатты. Ресей газын Еуропаға тасымалдауға бағытталған қуаттылығы 55 млрд текше метрлік газ құбыры Ленинград облысынан басталып, Украинаны айналып өтіп, Германияның Балтық жағалауына қарай созылып жатыр. Жылына 110 миллиард текше метр газ тасымалдайтын бұл жобаға 11 миллиард АҚШ доллары жұмсалған. Бұған дейін АҚШ газ құбыры жобасына қатысқан компанияларға санкция салған.

Қысқасы, Шығыс Еуропадағы шиеленіске байланысты Батыс елдері Ресейге қарсы санкциялар тізбегін жариялай бастады. Бұл – екі тарап арасындағы «қырғи-қабақ соғыстың» жаңа деңгейге көтерілгендігінің белгісі. «Солтүстік ағын –2» жобасының тоқтатылуы Ресей үшін үлкен зиян. Мүмкін Еуропаға жіберетін газ бен Донбасстың көмірін Қытайға сататын шығар, бірақ бұл сауда да түбінде Ресей үшін баянды болмайды. Ресейді қолдағаны үшін Қытай да санкция­ға ілінуі ғажап емес. Өйткені бүгін Ресейді шаужайлай алмаса, ертең Қытайдың Тайваньды басып алуға әрекет жасайтынын АҚШ-та сезіп отыр. Сол себепті АҚШ Қытайға «Ресейге қолдау көрсетем деп құрдымға кетпе» деп ескерту де жасаған. Оның үстіне Батыс елдері Ресейді әлемдік қаржы жүйесінен шығарып тастауы мүмкін. Бұл рубльдің құнсыздануын тездетіп, онсыз да сіңіріне сүйеніп тұрған Ресей экономикасына «жығылған үстіне жұдырық» болғалы тұр. Бұл өз кезегінде Ресеймен бір экономикалық одақта отырған Қазақстанға да оңай соқпайды. Кеше бір-ақ күнде теңгеміздің 440-қа (бір АҚШ долларына шаққанда) дейін көтерілгені – соның дәлелі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button