Жаңалықтар

Қырғыз елі сотын басқарған қазақ

Өткен жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы ел Президенті Қ.Тоқаев Жарлыққа қол қойды. Осы мәселені іске асыру шеңберінде ғылыми-зерттеу пулы іске қосылды. Республикалық және жергілікті деңгейлерде жұмыс топтары құрылып жұмыстар жүруде. Қазіргі уақытта бұрын жабық болған мұрағат істерді құпиясыздандыру процесі жүріп жатыр. Оның барысында өткеннің драмалық оқиғаларының калейдоскопы толықтырылып, халықтың тарихи-мәдени мұрасына елеулі үлес қосқан көрнекті жерлестердің бұрын белгісіз болып келген тыныс-тіршілігінен жаңа тарихи беттер ашылуда.

Жинақталған ақпарат бойынша, Қазақстан аумағында республиканың 100 мыңнан астам азаматы, түрлі ұлт өкілдері қуғын-сүргінге ұшырады. Республикамыздың шегінен тыс жерлерде, соның ішінде көршілес Қырғызстанда бірқатар тұлғалар саяси қудалауға ұшырады. Онда толық емес мәліметтер бойынша 90-ға жуық жерлесіміз қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың кейбіреулері республиканың тумалары болса, басқалары ХХ ғасырдың 30-шы жылдарының басындағы жаппай ашаршылық кезінде Қырғызстанға қоныс аударуға мәжбүр болған, 120 мың аштықтан қоныс аударғандар қатарында еді. Үшіншілері партиялық және мемлекеттік органдардағы қызметі бойынша осы жерде болды.
Олардың қатарында көрнекті саяси тұлға, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, білікті заңгер Сегізбаев Санжар Бақтыбайұлының (1906-1972 жж.) есімі аталады.
Біз осы бірегей тұлғаның өмірі мен қызметінің кейбір беттерін көрші республиканың мұрағат қорларынан бұрын зерттеушілердің қолы жетпеген мұрағат материалдарын пайдалана отырып, біршама қайта жаңарта алдық.
Тың мұрағат материалдарын сөйлететін болсақ, Санжар Сегізбаев 1906 жылы ақпан айында Ақтөбе облысы Еңбекші ауылында дүниеге келген. 1916 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін, ол анасымен бірге ағасының қамқорлығында қалады, Санжар бала кезінен бастап байға жалданып жұмыс істейді.
1916 жылы 10 жасар Санжар 2 сыныптық шіркеу-приход мектебіне оқуға түседі. Бірақ ол оқуын аяқтай алмай, 1918 жылы 2-сыныптан кетуге мәжбүр болды. Қоғамда болып жатқан күрделі және драмаға толы оқиғалар Санжар сияқты көптеген тұлғалардың өміріне әсер етті. Қазақтың барлық аймақтарында ұлт-азаттық қозғалыс орын алғанын білеміз. Дала аумағының барлық облыстарында патшалық жазалау отрядтары жүрді. Азаматтық соғыстың басталғанын да ұмытпаған жөн.
Санжар Сегізбаевтың мансаптық өсуі автономиялық республикада «жергіліктендіру» (коренизация) саяси-мәдени науқаны саясатын іске асыру кезеңіне 20-шы жылдарға сәйкес келді. Кеңес өкіметі осы саяси-мәдени науқанда ұлттық мәселеге назар аударып, жергілікті ұлт өкілдерін басшы лауазымдарға даярлауды және ілгерілетуді қолға алды. Ұлттық-аумақтық автономиялар құруда бұл жұмыс кадр мәселесінде өз көрінісін тапты, Мысалы, егер 1922 жылы партия органдарындағы қазақтардың үлесі бар болғаны 21,2% пайызды құраса, 1937 жылдың басында 48,8% пайызға дейін өсті.
1921 жылдың желтоқсанына қарай Санжар Бақтыбайұлы Ақтөбе облысы Өлеңті болысының №2 және 3 ауылдық кеңестерінің хатшысы болды, 1923 жылдың қыркүйегіне дейін осында жұмыс істеді. 1923 жылдың қазан айында ол кеңестердің Ұлетті (Улеттинск) болыстық атқару комитетінің төрағасы болды. Сол жылдың наурыз айында Ақтөбе облысы Мағаджар болысының №2 (басқа мұрағат мәліметтері бойынша №11) ауылдық кеңесінің төрағасы болып сайланды. Осы уақытта ол комсомолға кіріп, ауыл жастарын кеңестік жұмыстарға тарту үшін жергілікті комсомол бөлімшесін құрады.
Ол кезде Кеңес өкіметінде қызмет ету және мемлекеттік аппаратты «жергіліктендіру» процесі кеңес қызметкерлерінің қысқа мерзімді біліктілікті арттыру курстарынан өтуін талап ететін. Талапқа сәйкес 1924 жылдың шілдесінде Санжар Орынбор қаласына Қазақ АССР ОАК жанындағы қысқа мерзімді курстарға жіберілді. Бұл курстар қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу жөніндегі нұсқаушыларды даярлау­ға арналды. Курсты аяқтағаннан кейін 1924 жылдың қыркүйегінде С.Б.Сегізбаев «іс жүргізу нұсқау­шысы» мамандығын алды.
Орынбордан оралғаннан кейін, ол 1924 жылдың желтоқсанында Ақтөбе қаласындағы губерния­лық прокуратура хатшысының көмекшісі болды. Осы қызметте 1926 жылдың наурызына дейін жұмыс істеді. Сол жерде 1925-1926 жылдары 2-шақырылған Ақтөбе қалалық комсомол комитетінің бюро мүшесі болып сайланды. 1925 жылы БКП (б)-ға кандидат болып қабылданды.
1926 жылдың сәуір айында С.Б.Сегізбаев сот-прокурор бөлімшесінде 8 айлық аймақтық курс­тардан өту үшін Қазақ АССР жаңа астанасы Қызылордаға барады. Курсты аяқтаған соң 1926 жылдың қараша айында «сот қызметкері» мамандығын алады, (басқа мұрағат материалдары бойынша «әділет қызметкері»). Қызылордадағы оқу іс жүзінде оның болашақ тағдырына ықпал етіп, тамаша кәсіби заңгер ретінде қалыптасуына көмектесті.
1926 жылдың аяғында ол Семей қаласына көшіп, желтоқсан айында губерниялық соттың қосалқы судьясы, ал 1927 жылдың шілдесінен губерниялық соттың қылмыстық алқасының пленум мүшесі болады. Семейде 1927 жылы С.Б.Сегізбаев БКП (б) мүшесіне қабылданады. 1928 жылдың маусым айында Семей округтік соты төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Бұдан басқа, ол 6-шы шақырылған Семей қалалық кеңесінің депутаты (1927-1929 жылдар), Семей округтік атқару комитетінің пленумына мүшелікке кандидат (1929 жылғы наурыз-тамыз), сондай-ақ БКП (б) Семей партиялық ұйымының бюросының бірнеше құрамының мүшесі болады. Семейде ол 1929 жылдың тамызына дейін қызмет етеді.
1929 жылдың қыркүйегінде С.Б.Сегізбаев Мәскеуге кетіп, Жоғары заң курсының студенті болады. Оқу орнын аяқтаған соң 1931 жылдың қаңтарында оған заңгер мамандығы беріледі.
Сол жылдың ақпан айында ол Қазақ АССР жаңа астанасы Алматыға келеді. Алматыда ол 1931 жылдың мамырына дейін РСФСР Жоғарғы сотының Қазақ бөлімшесі президиумының мүшесі, ал сол жылдың маусым айында төрағаның орынбасары дәрежесіне көтеріледі. С.Б.Сегізбаев бұл қызметте 1933 жылдың тамызына дейін жұмыс істейді. Білікті заңгерді Мәскеуге қызметке шақырады. Мәскеуде ол қыркүйек айынан бастап 1937 жылдың қаңтарына дейін РСФСР Жоғарғы Соты пленумының мүшесі және қылмыстық сот алқасының төрағасы болады. Біздің пікірімізше, заң саласында Қазақстаннан шыққан бірде-бір адам осындай жоғары лауазымға ие болмаған. Оның 1935 жылдың 5 қарашасында Қазақ АССР Президиумының «революциялық заңдылықты нығайту және социалистік меншікті қорғау ісіне социалистік құрылысқа белсенді қатысқаны үшін» Қазақ АССР-нің 15 жылдығы «ерекше белгісімен» марапатталуы кездейсоқ емес.
1937 жылдың қаңтарында тәжірибелі заңгер С.Сегізбаев көрші Қырғызстанға жұмысқа ауыстырылды, онда 1937 жылы 1 ақпанда ВКП (б) Қырғыз обкомы Бюросының отырысында Қырғыз КСР Жоғарғы Сотының төрағасы болып бекітіледі.
Жоғары кәсібилік, жұртпен тіл табыса білу, үлкен еңбекқорлық және КСРО-ның басқа халықтарының тілдерін жақсы білуі, ерекше қарым-қатынас қабілеті оған басқа этникалық ортада оңай бейімделуге мүмкіндік береді.
Қырғыз обкомы бюросы ­С.Б.Сегізбаевқа Жоғарғы Соттың жаңа төрағасы ретінде Қырғыз КСР Әділет халық комиссары Қаратал Табылдиновпен бірлесіп, жергілікті қырғыздардың арасынан Жоғарғы Сот аппаратына қызметкерлер іріктеуді жүргізуді тапсырады.
Қазақ және қырғыз мәдениет­терінің, әдет-ғұрыптарының, тілі мен менталитетінің тарихи жақындығына байланысты Қыр­ғызстанға көшу және жұмыс істеу Санжар үшін жергілікті жағдайларға бейімделу тұрғысынан қиын іс болып көрінген жоқ. Сонымен қатар, Сегізбаев полиглот болды. Ол ана тілінде сөйлеп, қарақалпақ және орыс тілдерін еркін меңгерді. Сонымен қатар башқұрт және татар тілдерінде сөйлесу дағдыларына ие болды. Ол Фрунзе қаласында (қазіргі Бішкек-авт.), Қырғыз КСР астанасында тұрған кезде қырғыз тілін жақсы меңгерді. Бұған оның жеке парағындағы жазбалары дәлел бола алады.
Қырғыз КСР Жоғарғы Сотының төрағасы лауазымына тағайындалуымен қатар, ол 1937-1938 жылдары 10-шақырылымдағы Қырғыз КСР КП (б) Фрунзе қалалық комитетінің пленумының мүшесі болды. 1937-1938 жылдар аралығында ол 1-ші шақырылған Қырғызстан КП (б) ОК пленумының мүшесі болады.
1937 ж. 4 ақпанда БКП (б) Қырғыз обкомының бюросы С.Б.Сегізбаев Қырғыз КСР ОАК Президиумы жанындағы жеке рақымшылық істері жөніндегі комиссияның құрамына бекітілді. Оған Қырғыз КСР ОАК төрағасы Әбдіқадір Орозбеков те кіреді, комиссияға республиканың әділет халық комиссары – Қаратал Табылдинов те кірді. Осы жұмыстармен бірге, ол 1937 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесіне сайлауды ұйымдастыруға және өткізуге белсенді қатысады.
Алайда КСРО-да орын алған жаппай саяси қуғын-сүргін ­Сегізбаевты да айналып өтпеді: 1937 жылғы 23 желтоқсанда Қырғыз КСР КП (Б) ОК бюросының отырысында С.Б.Сегізбаев Қырғыз КСР Жоғарғы Сотының төрағасы қызметінен алынды. Осыдан біраз уақыт бұрын ол «халық жауы» деген жаламен партия қатарынан шығарылды. Сегізбаевты қаралау процесі басталып кетті. 1938 жылы 11 желтоқсанда Сегізбаев кеңеске қарсы қызметі үшін деген баппен тұтқындалып, түрмеге жабылды.
Оның тағдыры қыл үстінде тұрған еді. Алайда көптеген әріптестері мен репрессиядан аман қалған Қырғыз Республикасының жоғары басшылары оны қорғау­ға тырысты. 1939 жылдың 15 тамызында Сегізбаевқа қатысты іс тоқтатылып, өзі қамаудан босатылады. Ол ақталды, бұл кейіннен сауалнамалар мен жеке парақтарды толтыру кезінде: оған «партия және комсомол жұмысы бойынша осы күнге дейін ешқандай жазам жоқ» деп ашық жазуға мүмкіндік берді. Кедей мал бағушыдан шыққан «дұрыс» әлеуметтік тегі бар. Оның туыстарының ешқайсысы «сайлау құқығынан айырылған» емес. Патша әкімшілігінде, ақ армияда қызмет етпеген, шетелде туыстары жоқ. Саяси қудалау басталғанға дейін С.Б.Сегізбаевқа ешқандай партиялық ескерту де берілмеген еді. Оның қудалауға түсуінің себептері тіптен белгісіз болды.
1939 жылғы 28 қазанда Қырғыз КСР Жоғарғы Сотының төрағасы Сәдуақас Душеналиев Қырғыз КСР КП/б/ ОК хатшысына жазған хатында мемлекеттік органда жоғары заң білімі және кәсіби тәжірибесі бар кәсіби кадрлардың тапшылығы күшті екеніне назар аударып, С.Б.Сегізбаевты Республика Жоғарғы Сотының мүшесі ретінде жұмысқа тарту мүмкіндігін қарастыруды сұрайды. Білікті маман бола отыра С.Б.Сегізбаев ешқандай мемлекеттік-партиялық лауазымда болмай шын мәніндегі жұмыссыз болып қалады.
Мұрағат құжаттары куәландырғандай, Сегізбаев әділет саласындағы жоғары кәсіби, жұмыс тәжірибесі мол маман болған. Ол Мәскеу, Алматы, Семей, Фрунзе қалаларында сот органдарында басшылық қызмет атқарған және оны Қырғызстандағы әріптестері де жоғары бағалаған. Мысалы, 1935-1937 жылдары Қырғыз АССР Әділет халық комиссариатын басқарған Қаратал Табылдинов оған мынадай мінездеме берді: «Жолдас ­Сегізбаев С.Б. саяси жағынан дамыған, идеологиялық тұрғыдан ұстамды, принципті партиялық-саяси мәселелерде беріктігі мен орнықтылығы бар. Сот жұмысында практикалық тәжірибесі мен техникалық білімі мол, ұйымдастырушылық қабілеті және басшылықта бастама көтеруде белсенділігі бар». Ал Қырғыз КСР Әділет халық комиссариаты жанындағы партбюро хатшысы Смирнов өзінің әріптесінің кәсіби дағдылары мен қасиеттерін қысқаша, бірақ нақты сипаттайды: «сот басшысы жұмысын жақсы біледі. Саяси тұрғыдан дамыған, тәртіпті, өз жұмысында бастамашыл».
Қырғызстанның ірі кеңестік-партиялық функционерлерінің оң мінездемелері назардан тыс қалған жоқ, нәтижесінде 1939 жылдың қарашасында С.Б.Сегізбаев Қырғыз КСР Жоғарғы сотына жұмысқа қайта оралды. Бірақ 1940 жылдың қаңтарына дейін алқа мүшесі ретінде ғана жұмыс істейді. Содан кейін 1940 жылдың ақпанында беделді заңгер Сегізбаев Қырғыз КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы хатшылығының заң бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Қырғызстанда ол әйелі, 3 баласы, анасы және жиенімен Фрунзе қаласында (қазіргі Бішкек) Дзержинский көшесі, 107, №1 пәтерде тұрды.
1940 жылдардың басында ­Сегізбаевтар отбасы Қазақстанға, Семей қаласына оралады, онда отағасы 1926 жылдан 1931 жылға дейінгі кезеңде облыстық сотта жұмыс істеген еді. Содан кейін Сегізбаев Алматы облысының Есік қаласына көшеді, онда Санжар Сегізбаев Еңбекшіқазақ ауданының аудандық атқару комитетінің төрағасы болады. Кейін ол жоғары партия мектебін бітіріп, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің аппаратында жауапты қызметтер атқарады.
Белгілі қайраткер және КСРО-да белгілі заңгер Сегізбаев Санжар Бақтыбайұлы 1972 жылы Алматы қаласында 67 жасында қайтыс болды. Оның балалары әкесінің есімін лайықты жалғастырды. 1941 жылы Семейде оның тұңғыш ұлы Тимур дүниеге келді, кейін ол алматылық «Қайраттың» даңқты футболшысы және капитаны болды. Біршама уақыт осы команданы жаттықтырды.
1951 жылы қазақтың талантты актері және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болған ірі кинодраматург Нұрлан атты екінші ұлы дүниеге келді. ­­С.Б. Сегізбаевтың отбасында барлығы 8 бала болды, олар жақсы білім алып, республикамыздың құрметті азаматтары ретінде танылды. Санжар Сегізбаев есімі ұрпақтарының мәңгілік жадында қалды. Оның есімі көп жылдар бойы қызмет еткен көршілес Қырғызстанда ғана емес, өзінің тарихи отанында да мәңгі сақталуы керек деп ойлаймын. Бішкек, Қызылорда, Алматы, Семей және Ақтөбе қалаларында бірегей тұлға және көрнекті қайраткерді есімімен көше атауын беру лайық. Біз оның өмірінің белгісіз беттерін қалпына келтіруге қатысты ғылыми-зерттеулерді жалғастыруға дайынбыз. 1937-1939 жылдардағы заңсыз саяси қудалау оның есімін тасада қалдыруға негіз бола алмайды. Керісінше оның ерекше кәсіптік қабілеттілігін, өзіндік халықшыл тұлғасын көрсетеді.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
тарих ғылымдарының
докторы, профессор

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button