Қала мен Сала

Қырқыншыда туған кезекші

Стансаның теміржол жағалай орналасқан екі ғимараты бар. Бірі – әкімшілік, екіншісі – нағыз өндіріс мамандары отыратын ЭЦ-қосыны. Осы қосынның үшінші қабатында «қозғалыстың қожайыны» – станса кезекшілері отырады. Оларды өздері стансаның «ми жүйесінің орталығы» деп те атайды. Өмірінің 39 жылын осында өткізіп, тапжылмай еңбек етіп келе жатқан Жақыпбек Назаровты сол жерде пульт табло алдында таптық. Қаптаған қара телефондардың бірінен соң біріне ­жауап беріп, келген пойыздар қозғалысын реттеп, қауырт жұмыс үстінде отыр екен.

Тәулік бойына жалғасатын тоқтау­сыз тасымал, арасы үзілмейтін пойыздар қозғалысын реттеуде, оларды станса жолдарына уақытына, санатына, жүк түріне қарай бөліп орналастыруда станса кезекшісінің білгірлігі мен тәжірибесі аса қажет. Білікті маман болмаса, үсті-үстіне келіп жатқан пойыз вагондары кептетіліп, не әрі, не бері шыға алмай, жетер жеріне жете алмай қалуы мүмкін. Осындай істі атқарудағы шеберлігі сан жылдық тәжірибемен келген Жақыпбек Жаналыұлы енді екі жылдан соң зейнетке де шығады. Оның тағы бір ерекшелігі – өзі нағыз осы жердің тумасы болуы. Қырқыншыда туып, сонда 50 жыл өмір сүріп, аталған мекемеде табан аудармай жұмыс істеп келеді. 11 жылдан бері Астананың өзінде тұрады. Теміржолшылар отбасынан шыққан оның әулетінің саладағы еңбек өтілі жүз жылдан асады.  Туған екі қызы да – теміржолшы.

– Әкем осы стансада 1960 жылдары кезекші, анам техникалық кеңсе қызметкері болып өмір бойы еңбек еткен. Нағашы атам соғыс кезінде паровоз машинисі болған. Көзімді ашқалы көргенім теміржол болды. Ата-анам­ның жұмысқа бара жатқаны, келе жатқаны, киген жұмыс киімдері, жұмыс орнына барғандағы алған әсерім менің болашақта кім болатынымды нақты анықтауыма әсер етті. Ақыры еңбек жолымды 1984 жылы осы жерде парк кезекшісі болып бастадым. Ол кезде стансада тек 9 жол бар еді. Одан бері көп нәрсе өзгерді. Қырқыншы дамып, өркендеді. Ең бастысы, жұмыс жеңілдеді. Компьютер арқылы «Гид Урал» ақпараттық жүйесімен жұмыс істей бастағаннан кейін барлық бағыттан келе жатқан пойыздарды өзіміз көре алатын болдық. Бұрын олардың келе жатқанын орталық диспетчердің хабарлауы арқылы біліп отыратынбыз. Мұнда Павлодардан келе жатқан пойыз­дарды Қарағандыға бұрамыз. Ол пойыз Астанаға бармайды. Елорданың Қырқыншысыз дамуы мүмкін емес. Қаладағы кәсіпкерліктің, құрылыс­тың, басқа да көптеген саланың дамуы үшін қажетті жүктер тек қана Қырқыншыдан түсіріледі. Жалпы бұл Қазақстан бойынша 5 бағытта жұмыс істейтін жалғыз станса, – дейді кейіпкеріміз.

Оның міндетіне – стансаға тәулігіне келетін 30 жұп жүк, 20 жұп жолаушылар пойызының қозғалысын үйлестіру кіреді. Салаға сіңірген еңбегі бағаланып, талай рет марапаттарға ие болған. Атап айтқанда, теміржолдың «Үздік маман» және «Адал еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталған.

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button