Жаңалықтар

Қырсыздарға ескерту жасалды

Бүгінге бас қаланың келбетін бұзып, тазалық нормаларына атүсті қарайтындар азаймай тұр. Керек болса үйінен шығатын тұрмыстық қалдықтарын арнаулы жәшіктерге тастауға ерініп, үй айналасына шашып кете беретін тұрғындар да бар. Мұндай олқылықтар, әсіресе, үй-жайын жалға берушілер арасында көп таралған.

dsc_9340

Көпшілігі үй-жайларын жалға беріп, ақша табуды жақсы білгенімен, аулаға арнайы қоқыс жәшігін орнату туралы талап барын мүлдем естімеген болып жатады. Заң бойынша, пәтерін жалға беруші тұрғындар «Астана-Тазалық» мекемесімен қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару туралы қоғамдық келісімшартқа отырып, жалдап отырған адамның санына қарай ақша төлеуі тиіс екен. Алайда, көбі бұл заңдылықтың белінен басып, үйінде тұратын адам санына қарай азын-аулақ ақша төлеп құтылып жатады.

Осындай заңсыздықтарды реттеу және алдын алу мақсатында қала әкімі Әділбек Жақсыбеков арнайы жұмыс топтарын құрып, аптаның әр бейсенбісінде арнайы рейдтер жүргізуді тапсырған-ды. Осындай кезекті рейд-шарасына «Астана ақшамы» газетінің тілшілері де қатысып, санитарлық талап мәселесіне қатысты тәртіп бұзушылық фактілерін бірге тексеріп көрді.

«Астана-Тазарту» кәсіпорнының бақылаушылары мен полиция инспекторлары және «Астана Эко-Полигон НС» мамандары бірнеше жеке секторға барып, тексеру жүргізіп, экология талаптарын бұзу және тұратын адамдардың санын жасыру фактілерін анықтады. Нәтижесінде хаттамалар толтырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button