Басты ақпарат

Қыруар қаржы неге игерілмеді?

Нұр-Сұлтанды ақылды қалалар санатына қосу, бас шаһардағы сандық технологияны жетілдіру, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы, кибершабуыл, елдегі ІТ саланың ілгерілеуі, кадр мәселесі, E-gov порталының қызмет көрсетуі және осы бағыттағы басқа да өзекті мәселелер туралы «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ басқарма төрағасы Арман Әбдірәсіловпен сұхбаттастық.

[smartslider3 slider=3356]

 

– Арман Асқарұлы, алдымен қазақстандық мемлекеттік органдардың порталдары кибершабуылдан қаншалықты қорғалғанын айтып өтсеңіз.

– Мемлекет үшін кибер қауіпсіздік мәселесі өзекті және қазіргі уақытта осы бағытта нақты жұмыстар атқарылуда. Бізде 2017 жылдан бастап электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелердің және мемлекеттік органдардың ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын сыртқы және ішкі қатерлерден қауіпсіздік деңгейіне қол жеткізуді және қолдауды көздейтін «Қазақстанның киберқалқаны» арнайы жобасы жүзеге асырылуда. Оның аясында электронды өнеркәсіп пен бағдарламалық қамтамасыз етудің сенімді өнімдерінің тізілімі құрылды, Ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталықтарының (АҚЖО) 29-ы ашылды, мемлекеттік органдарға хакерлік шабуылдармен күресетін Ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті үйлестіру орталығы жұмыс істейді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бүкіл сервердің шабуылдары мен осал тұстарын бақылау үшін мемлекеттік органдардың электрондық жүйелері АҚЖО-ға қосылуы керек.

Бұл орайда, елорданың барлық цифрлық саласы біздің назарымыздан тыс қалмақ емес. Біз бас қаланың «ақылды жүйесін» әркез жіті бақылауда ұстаймыз. Өйткені, Нұр-Сұлтан бүгінде туристік аймаққа айналып үлгерген. Ондағы кез келген сандық технологияда кемшілік болмауы тиіс.

Соңғы уақытта хакерлердің шабуылдары пандемия кезінде орын алды. Содан кейін мемлекеттік электрондық қызметтерге – egov.kz порталы, е-лицензия және электрондық үкіметтің барлық компоненттеріне тарихтағы ең ірі шабуылдардың бірі жасалды. Бұл мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің жұмысына әсер еткенімен, біздің мамандар қабылдаған шаралардың арқасында жеке деректерге ешқандай қауіп төнген жоқ.

Жалпы, «Киберқалқан» тұжырымдамасының аясында мемлекеттік органдардың жеке деректерін қорғаудың көптеген озық шешімдері жүзеге асырылуда. Мәселен, «Қашықтағы жұмыс орны» деп аталатын технология – мемлекеттік қызметшілерге интернетсіз, қауіпсіз ішкі инфрақұрылым аясында өзіне қажетті барлық деректермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Дәл қазіргі кезде біз кез келген ақпараттың жоғалу және ағып кету қаупінсіз, қорғаныстың екі еселенген деңгейіне жету үшін барлық электрондық жүйелер мен мемлекеттік органдардың деректер қорын онлайн бұлтқа көшіру үстіндеміз. Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларындағы барлық мемлекеттік деректердің резервтік физикалық серверлерін жасап қойдық, олар арнайы «бұлтта» виртуализацияланады.

– Жалпы, маман ретінде, еліміздің ІТ саласын дамыту, кадр тапшылығын шешу бағытындағы жұмыстарын қалай бағалайсыз?

– Соңғы онжылдықта Қазақстан IT-технология­ны дамыту динамикасы бойынша айтарлықтай алға шықты. Мәселен, БҰҰ-ның соңғы электрондық үкіметінің даму индексі бойынша Қазақстан ТМД-ның барлық елдерінен озып, 29-орында тұр. 15 жыл бұрын бұл рейтингте біз 81-орында болдық. Азия елдерінің ішінде Оңтүстік Корея, Сингапур, Жапония, Кипр және Біріккен Араб Әмірліктеріне ғана жол бердік. Ал бұл елдер цифрлық технологияларды дамыту бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарына кіретіні белгілі. Сөздің орайы келгенде киберқауіпсіздіктің дамуы туралы да айта кетсем, бұл жерде біздің еліміз де халықаралық сарапшылар мойындаған өсімді көрсетуде. Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық электр байланыс одағы дайындаған ғаламдық киберқауіпсіздік индексі бар. Индекс әлемнің 193 еліндегі киберқауіпсіздік саласындағы құқықтық, техникалық және ұйымдас­тырушылық шараларды, сондай-ақ даму әлеуетін және басқа мемлекеттермен ынтымақтастықты ескереді. Бұл жерде біз әлемдік рейтингте 31-орында тұрмыз, ТМД елдері арасында Ресейден кейін екінші орындамыз. Елдің осы рейтингтегі орны да «Қазақстанның киберқалқаны» тұжырымдамасын жүзеге асырудың табыс­тылығын айғақтайды.

Енді сіздің сауалыңыздағы – Қазақстандағы IT-мамандардың тапшылығына келетін болсақ, ішкі нарықтағы сұранысты қанағаттандыру мәселесі ұзақ уақытты талап етеді. Осы уақытқа дейін, IT менеджерлері мен ең инновациялық шешімдер саласындағы мамандарды айтпағанда, бізде әзірлеу­шілер мен бағдарламашылар жетіспей келді. Сандық жетіспеушілік қана емес, сонымен қатар қолда бар кадрлардың көпшілігінің кәсіби деңгейінің төмендігі маңызды мәселе болды. Өйткені еліміздегі бейіндік білім берудің саны мен сапасы әлі де ақсап тұр. Әрине, бұл аталған мәселенің жалғыз себебі емес, сонымен қатар көптеген компанияларда шынымен жақсы мамандарға бәсекеге қабілетті емес жалақы деңгейі сақталған. Ал бұл ең жақсы кадрлардың шетелге көшуіне немесе олардың фрилансерлік жұмысқа өтуіне ықпал етеді.

– Арман Асқарұлы, бізде Тұңғыш Президенттің тұсында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қолға алынды. Осы жобаның орындалу барысына көңіліңіз тола ма? Қандай кемшіліктерін атап айтар едіңіз?

– Қазіргі уақытта «Цифр­лық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижелері бір-біріне қарама-қайшы болып келеді. Сондықтан да бағдарламаны жүзеге асырудың жекелеген бағыттары бойынша ғана жақсы серпінді байқаймыз. Мысалы, Қазақстан Республикасының аумағындағы цифрлық теңсіздік бірте-бірте азаюда – кейбір аймақтарда, соның ішінде танымал туристік бағыттарда бүкіл халықты қамту мүмкін болмаса да, желіге қатысты, ұялы байланысқа да қатысты кемшіліктер бар болғанымен, жалпы интернеттің қамтуы мен сапасы артуда. Экономиканың әртүрлі секторларын цифрландыру және нақты бизнеске цифрлық шешімдерді енгізу көрсеткіштерінің көпшілігінде әлі де қиындықтар бар. Соның ішінде, тиісті жұмыс топтары, кәсіпкерлер де құрылғанымен, бағдарламада нарық қатысушыларының максималды санының мүдделері ескерілмейтініне қатысты кемшіліктер бар. Бағдарламаның шеңберінде бастапқыда цифрландырудың көптеген бағыттары әзірленді, оларға нақты іс-шаралар жоспарына сәйкес түрлі мемлекеттік органдар жауап береді. Біз өз жауапкершілік аймағымыздың шеңберінде жауапты тұлғалар тарапынан міндеттемелерді сапасыз орындау, қандай да бір міндеттерді барынша нәтижеге жеткізбеу орын алып отырғанын, көп миллиондар игерілмегенін көріп отырмыз. «Зерде» холдингі бағдарламаның орындалуына мониторинг жүргізуге жауап берді және барлық заң бұзушылықтар мен кемшіліктерді біз өз есептерімізде атап өттік, дәлелдедік. Алайда әлі де олар толық жойылды деп айтуға болмайды.

– Ал әлеуметтік желі­лерде E-gov электрондық порталының жұмыс істеуі, қызмет көрсетуі жиі сынға ұшырап жатады. Әсіресе, порталдың күрделілігі, қазақшасының сын көтермейтіндігі, жүктеме көбейгенде «құлап» қалатындығы айтылады. Бұған қатысты сіздің пікіріңіз қандай?

– Қазақстандағы E-gov порталы 2006 жылы жұмыс істей бастады. Бастапқыда бұл қарапайым ақпараттық портал ғана болды. Заңнамаға сәйкес, алғашқы 5 жыл сынақ режимінде жұмыс атқарды. Бұл жүйенің барлық мүмкін кемшіліктерін анықтау мақсатында жасалды. Бұл мерзім, әрине, тым ұзақ болып шықты, пайдалану барысына шығаруды тезірек қамтамасыз етуге болар еді, бірақ бұл мұндай жобаны жүзеге асырудағы алғашқы тәжірибеміз еді. Әрине, бәрі де бірден бірқалыпты өткен жоқ. Бастапқыда жобаның бүкіл экожүйе­сінің қызметтері оларды нақтылауды жеңілдету үшін бір-бірімен біріктірілмеген болатын. Командаға сайтты қайта құруға, процестерді бірнеше рет қайта жазуға тура келді. Мұның барлығы қызмет көрсету жылдамдығы мен сапасына әсер етті. Соның ішінде жүйенің тоқтап қалуына байланыс­ты айтсам, оның құрамдас бөліктерінің біріндегі кез келген техникалық сәтті түзету үшін бүкіл жүйені іс жүзінде өшіру қажет болды. Біз соңғы екі жылда бұл жағдайды түзету үшін жұмыс істедік. Бүгінде eGov порталының қолжетімділігі 60%-дан 75%-ға дейін ұлғайды. Жүйені тоқтату қажет болса да, демалыс күндердің түнгі уақытында болады. Сонымен қатар, 2 жылда барлық техникалық ақауларды түзету мүмкін емес екенін де ескеру керек. Өйткені бұл – бірқатар мәселелерді мемлекеттік органдардың өздерімен келісуді талап ететін үлкен инфрақұрылым. Біз тағы 1,5 жыл бойы барлық кемшіліктерді түзетеміз, ақыр соңында бүкіл порталды толық-дерлік қайта жасаймыз.

– Айтпақшы, жақында Өзбекстан БАҚ-ында «Қазақстаннан ІТ саланы, цифрлық дамуды үйренуіміз керек» деген сыңайда материалдар шықты. Біздің осы салада айналадағы елдерден оза шабуымыздың сыры неде?

– Біз үшін көрші Өзбекстаннан немесе басқа елдерден әріптестер біздің жұмысымыздың нәтижелерін жоғары бағалайтыны әрқашан үлкен мәнге ие. Қазақстанның электрондық үкіметті дамыту бойынша БҰҰ рейтингіндегі мұндай жоғары орны біз үшін де үлкен құндылық және бүкіл ұжымды ынталандыра түседі. Менің ойымша, бұл жерде еш құпия жоқ. Кез келген жобаны жүзеге асырудағы жетістіктің кепілі – бұл, ең алдымен, адамдардың өзі. Жасалған және қол жеткізілген барлық нәрсе соңғы 16 жыл ішінде жүздеген адамдардың қажырлы еңбегінің арқасында болды. Бұл, әсіресе, 24/7 режимінде жұмыс істейтін бағдарламашылар, әзірлеушілер, инженерлердің маңдай тері дер едім.

– Әңгімеңізге рахмет!

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button