Басты ақпаратҚала тіршілігі

Қыс бойы 3 млн текше метр қар шығарылды

Демалыс күндері қар жауып, Астана ақ ұлпаға қайта оранды. Алайда қаланың коммуналдық қызметтері мерекелік демалыс күндерінде де дамыл таппай, елорда аумағын қардан тазалады. «Астана тазалық» ЖШС мамандары таратқан мәлімет бойынша, қыс айларында қала сыртына шығарылған қардың мөлшері шамамен 3 млн текше метрді құраған.

Ал 25 наурыз күні бір тәуліктің ішінде «Астана тазалық» ЖШС елорда аумағынан 30 мыңға тарта текше метр қарды сыртқа шығарыпты.
«Қаланы қардан тазарту жұмыстарына 312 жұмысшы мен 589 техника бірлігі жұмылдырылды. Бір тәулік ішінде Астана аумағынан шығарылған қардың мөлшері 29 862 текше метрді құрады. Қыс басынан елордадан полигонға қардың 2 996 170 текше метрі шығарылды» делінген кәсіпорынның хабарламасында.
Сондай-ақ аталмыш компанияның мәлі­метіне сүйенсек, 25 наурызда бір тәуліктің ішінде жолдарға тұз араластырылған құм қоспасының 193 тоннасы, көктайғаққа қарсы реагенттің 21,6 тоннасы себілген екен.
Астана әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына қатысты барлық мәселелер бойынша тәулік бойы 109 нөмірі немесе «Smart Astana» мобильді қосымшасы мен Facebook әлеуметтік желісіндегі чат-боттар арқылы елорда әкімдігінің Бірыңғай байланыс орталығына (iKomek) хабарласуға болатынын, сонымен қатар үй алдындағы қардан уақытында тазаламау мәселесіне қатысты ПИК-тер мен басқару компания­ларына хабарласу керектігін ескертеді.
Қазіргі уақытта ауа райының қолайсыздығына байланысты қаланың коммуналдық қызметтерінің барлығы жұмыстың күшейтілген режиміне көшті. Астана қаласының әр ауданында құм шашыратқыштар, автогрейдерлер, жүк тиегіштер сынды арнайы техникалар жұмыс істеп жатыр.
Елорда билігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін барынша сақтауға шақырады. Көлікті басқару кезінде жылдамдық режимі мен тиісті ара қашықтықты сақтай отырып, жылдам қозғалыс, оқыс әрекет жасамауға тырысыңыз. Жаяу жүргіншілер де барынша абай болғаны жөн. Олар жолдың екінші жағына тек жаяу жүргіншілер өтпесі арқылы ғана өтуі керек. Қала жолдарында арнайы техника жұмыс істеп жатқандықтан, көліктерді өткізу деңгейі біршама төмендеуі мүмкін. Осыған орай, өз көлігіңіздің қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлап алғаныңыз абзал.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button