Қала тіршілігіҚоғам

Қысқа дайындық қалыпты

Нұр-Сұлтан қаласында «Қыс-2021» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды. Төтенше жағдайға дайындық шарасына елорданың төтенше жағдай қызметі, полиция, азаматтық қорғаныс, жедел жәрдем, тазалық және тағы басқа қызмет мамандары қатысты.

[smartslider3 slider=887]

Оқу-жаттығу қала сыртындағы Сары­арқа ауданының қар полигонында өтті және ол 5 кезеңнен тұрды. Бірінші – қаланың жедел әрекет ету жиынтық жасағының сап түзеуі, екінші – қарлы бораннан және жолда аударылған автобустан адамдарды шығару, зардап шеккендерді эвакуациялау, үшінші – қарлы боранда аңшылар мен балықшыларды іздеу, төртінші – жол-көлік апатына ұшыраған көліктен адамдарды құтқару және қабылдау, жылыту бекеттерінің дайындығы және медициналық, психологиялық көмек көрсету.

– Бүгін елорданың азаматтық қорғаныс қызметінің қыс мезгіліне дайындығы пысықталып жатыр. Азаматтық қорғаныс қызметі елордамен қатар оның іргесінде орналасқан елді мекен тұрғындарына да көмек көрсетеді. Алдымызда қыс келе жатыр, осы орайда қорғаныс қызметі төтенше жағдайға сақадай сай болуы тиіс. Сондықтан да қыс түспей дайындықты тағы бір пысықтап жатырмыз. Бұл жерде бірнеше сала бойынша қызмет түрі бар, олардың төтенше жағдайда бір кісідей жұмылып жұмыс істеуі өте маңызды. Оның үстіне мамандар техникамен жұмыс істейді, оның да дайындығы назарда. Оқу-жаттығу барысында қолдан төтенше жағдай ұйымдастырылады. Сол арқылы мамандар мен техниканың қаншалықты жылдам әрі тиімді әрекет ететінін тексереміз, – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ермек Қизатов шара барысында.

Сондай-ақ қорғаныс қызметінен бөлек, төтенше жағдай туындағанда Ұлттық ұлан мен еріктілер де жұмылдырылады.

– «Қыс-2021» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына елорданың 32 мекемесі қатысып отыр. Әр мекеменің өз міндеті бар. Және төтенше жағдай туындағанда әр мекеме өз жұмысын атқарып қана қоймай, басқа қызмет түрлерімен өзара ықпалдасып әрекет етуі тиіс. Осындай оқу-жаттығу жылына 2 рет өтеді: қыста және көктемде. Дайындық шарасына азаматтық қорғаныс саласының 145 маманы мен 37 техника қатысып отыр, – деді қалалық Төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайды жою басқармасының басшысы Эльдор Райымбеков.

Бауыржан СЕГІЗБАЕВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button