Қысқы каникул қалай өтеді?
2024 жылғы 30 желтоқсаннан 2025 жылғы 8 қаңтарға дейінгі қысқы каникул кезінде Астанада мектеп оқушыларының толыққанды демалысы мен бос уақытын тиімді өткізуді қамтамасыз ету мақсатында сан алуан іс-шара өтеді. Қыс қызығы елордадағы түрлі сырғанақтар мен мұз алаңдары да болғалы отыр. Одан бөлек, елордалық Білім басқармасы қалада өтетін іс-шаралардың циклограммасын ұсынды. Олардың мазмұны мен бағыты мәдени-ағарту, дене шынықтыру-сауықтыру, профилактикалық және экскурсиялық нысандарды қамтиды.
Астана қалалық Білім басқармасы берген мәліметтерге сүйенсек, жаңа жылдық демалыс кезінде білім беру ұйымдарында 48000-нан астам оқушыны қамтитын 170 іс-шара өтеді. 7222 оқушыны қамти отырып, мәдени-демалыс іс-шараларын өткізу де жоспарланған, атап айтқанда, театрлар – 1200 балаға, кітапханалар – 680 балаға, мұражайлар – 810 балаға, кинотеатрлар 4532 балаға іс-шаралар өткізеді. Сондай-ақ 2 Оқушы сарайында 20-30 желтоқсан аралығында 16805 бала қатысқан жаңа жылдық ертеңгіліктер ұйымдастырылды. Жаңа жылдық мерекеде 28 студент жатақханада қалып, қалғандары тұрғылықты жеріне кетеді. Барлық жатақханада колледж әкімшілігі мен педагогтары тарапынан кезекшілік ұйымдастырылады.
Демалыста қосымша білім беру ұйымдарында кесте бойынша шығармашылық бірлестіктер мен спорт секциялары жұмыс істейді. Онда 27 мыңнан астам тәрбиеленуші үйірмелерге барады. Барлық білім беру мекемесінде іс-шаралар жоспары, спорт клубтарының, үйірмелер мен секциялардың жұмыс кестесі, мектеп кітапханаларының, компьютер сыныптарының, балаларға қосымша білім беру мекемелерінің жұмыстары, дарынды, үлгерімі төмен балалармен қосымша сабақтар өткізу, қорытынды аттестаттауға дайындық бойынша факультативтер орналастырылған ақпарат стендтері ресімделді.
Қысқы демалыс кезінде әртүрлі ведомстволық есепте тұрған оқушыларға ерекше назар аударылады. Есепте тұрған 697 оқушының әрбіріне жеке жұмыс жоспары жасалды, жасөспірімдер мектепте де, балалардың қосымша білім беру ұйымдарында да өтетін іс-шараларға тартылды. Бұл мәселе тұрақты бақылауда және ұйым басшылары ай сайын қауіпсіздік және үйдегі қауіпсіз мінез-құлық мәселелері бойынша оқыту семинарлары, оқу жаттығулары, төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіз мінез-құлық ережелері бойынша нұсқаулықтар өткізеді. Барлық іс-шара «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыру аясында балалар мен студенттердің бойында экологиялық мәдениетті тәрбиелеуге, рухани-адамгершілік қасиеттерді, азаматтық жауапкершілік пен толеранттылықты қалыптастыруға бағытталған.
– Бізде «Әкелер мектебі» деген клуб бар, солардың ұйымдастыруымен 7 қаңтарда Ұлттық музейге 6-7-сыныптан үздік оқитын 200 баланы экскурсияға апаруды жоспарлап отырмыз. Аталған клуб балалардың барып-келуін тегін ұйымдастыруда. Сонымен қатар каникулда мектептегі үйірмелер бірінші жартыжылдықтағы жұмыстарының қорытындысын көрсетеді, көрмелер өткізеді. Сондай-ақ «Алау» мұз айдынына оқушылар сынып жетекшілерімен бірге барады. Сосын қысқы эстафеталық ойындар өткіземіз, – дейді Астанадағы №59 мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жаннұр Асипова.
Бірқатар ата-ана балаларының әбден тынығып, ұйқысын қандырып, киноға барып, қаладағы сырғанақтарда ойнап, демалысын бірқалыпты өткізуін қолдаса, кейбір ата-ана жағдайына қарай Астанада күннің көзі аз түсетініне байланысты ауа райы жылы елдерге саяхаттап барып келуді, сол жақта балаларының бойына Д3 дәруменін алып қайтуды жөн санайды. Ал кей ата-ана балаларын ата-әжесінің ауылына, Алматы, Шымкент және басқа да қалаларға каникулға жібереді. Қаладағы қосымша білім беру ұйымдарында үйірмелер үздіксіз жұмыс істейтіндіктен, балалар сол машығын да дамытуын жалғастыра береді.
Қай жерде қандай сырғанақтар бар?
Астанада қысты қызықты өткізу үшін биыл көптеген мұз айдыны мен сырғанақ ашылды. Сондай 60 нысан елорданың 6 ауданында салынды.
Есіл ауданындағы ЭКСПО кешені аумағында қала қонақтары мен тұрғындары үшін қысқы серуен мен сырғанақтың ерекше түрлері қарастырылған. Мәселен, сырғанақ, төбеден сырғанау, жайлы кафе, ыңғайлы паркинг қысқы демалысты қызықты ете түседі. Әсіресе ауданы 1300 шаршы метрлік мұзды сырғанақ – ең басты сырғанау нысаны. Бұл жерде коньки жалдап бір сағат сырғанау бағасы – 2000 теңге. Ал өзінің конькиі бар адамдар тегін сырғанайды. Жұмыс істеу уақыты – жұмыс күндері сағат 12:00- 22:00 аралығы, ал демалыс күндері сағат 10:00-22:00 аралығы. Төбеден, дөңестен сырғанауды жақсы көретіндер үшін екі биіктік бар, бірінің биіктігі 7 метр болса, екіншісі балаларға арналған – 5 метр. Тюбингті жарты сағатқа жалдау ақысы – 1000 теңге. Бұл жерде күн сайын таңертең сағат 11:00-ден түнгі 24:00-ге дейін келіп сырғанауға болады. Сонымен қатар бұл ауданда Пригородный тұрғын алабында да сырғанақ бар, жаңа жылдық шырша Ботаникалық бақта, ЭКСПО аумағында, Қабанбай батыр көшесіндегі көпір маңында, Достық көшесіндегі жаңа саябақта қойылды.
Сарыарқа ауданында 12 төбеден сырғанау мен 4 сырғанақ бар. Олар қалалық алаңда, Бөгенбай батыр даңғылындағы гүлзарда, Көктал паркінде, Есіл өзені жағалауында және басқа орындарда жасалған.
Байқоңыр ауданында Жастар сарайы аумағында, Ататүрік саябағында, Жазушылар аллеясында, «Өндіріс», «Кирпичный», «Қазқалашық» және басқа да тұрғын алаптарда сырғанақтардың түр-түрі бар.
Алматы және Сарайшық аудандарында «Қазақ елі» монументі алаңында екі үлкен мұзды сырғанақ пен жаңа жылдық шырша қала көркін ашады. Алаң аумағында мұздан жасалған түрлі мүсін қысқы демалысты қызықты ете түседі. Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы маңында да сырғанақтар мен шыршалар, фотоаймақтар қойылған. Оның бер жағындағы Триатлон саябағы да сырғанақтарымен қызықтырады. Sana Sport кешені аумағы – сондай тартымды нысанның бірі. Тағы бір 4 сырғанақ «Теміржолшылар», «Өндіріс», «Интернациональный» және «Күйгенжар» тұрғын алаптарында ашылған.
Нұра ауданында тақырыптық шағын сәулет мүсіндері мұздан жасалып, қалаға көрік берсе, 7 төбеден сырғанау және сырғанақтар балалар үшін нағыз ойын алаңы болады. 14 желтоқсаннан бастап Орталық қалалық парктегі «Сағат-мұнара» жанынан басталатын 290 метрлік желілік сырғанақ жұмыс істеп тұр. «Астана Арена» стадионы аумағында 2 сырғанақ пен 2 төбеден сырғанау нысаны пайда болды. Қала бойынша ең биік, 25 метрлік шырша осы жерде. Сол сияқты Жағалау гүлзары мен «Үркер» тұрғын алабында, «Жасыл квартал» тұрғын үй кешені жанындағы Ғашықтар саябағы аумағында да жаңа жылдық фото аймақтар қала тұрғындарының қысқы демалысын қызықты ету түсу үшін ашылған.
Райхан РАХМЕТОВА