Қысқы кезеңде су айдындарындағы қауіпсіздік
Астана қаласы Коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында қыс мезгілінде су айдындарындағы қауіпсіздік шараларына арналған баспасөз брифингі өтті, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Ринат Маратұлы Смағұлов атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, қала тұрғындарына сақтық шаралары туралы ескерту жасады.
Күзгі және қысқы кезеңде елорданың су айдындарындағы жұқа мұз тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруде. Мұз үстінде жүру салдарынан болатын жазатайым оқиғаларды болдырмау мақсатында Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырып жатыр.
Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Ринат Смағұловтың айтуынша, мамандардың басты міндеті – тұрғындарға ықтимал қауіп-қатер туралы алдын ала ескерту.
«Мұз қату кезеңі басталғалы бері Департамент қызметкерлері полиция қызметкерлерімен бірлесіп, 78 рейдтік тексеру жүргіздік. Рейд кезінде тұрғындармен түсіндіру әңгімелері өтіп, мұз үстінде қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша 8 мыннан астам ақпараттық материалдары таратылды. Бұл шаралар азаматтардың мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелері туралы хабардар болуға көмектеседі», – деп атап өтті ол.
Қауіпті аймақтарда, атап айтқанда, жер астынан су шығатын жерлерде, көпірлердің астында, тар арналарда, су төгілетін жерлерде аудандық әкімдіктермен бірлесіп, 100-ден астам ескерту белгілері орнатылған.
Бұл бағыттағы жеке жұмыс балалармен де жүргізіліп жатыр. Департамент мамандары білім беру мекемелерінде балалар мен студенттерге қажетті дағдыларды үйретіп, түрлі сабақтар өткізеді. Бұл балаларға ықтимал қайғылы оқиғалардың алдын алуға көмектеседі.
Бүгінгі күні мұздың қалыңдығы 5-6 см, бірақ кейбір жерлерде одан да жұқа, бұл мұз үстімен жүруге және мұз үстінде балық аулауға өте қауіпті. Ринат Смағұлов маңызды ережелерді атап өтті: Мұз үстінде болған кезде: мұздың жұқа және дұрыс қатпаған жерлерінде жүруге; мұз үстіне топтасып жүруге; сумен шайылып жатқан жерлерге, ойықтарға жақындауға; қараңғы уақытта мұзға шығуға, бір участкеде 2-ден артық ойық тесуге; мұз үйстінде от жағуға тыйым салынады.
Атқарылған шаралардың арқасында күзгі және қысқы маусымда елорданың су айдындарында адамд қазасы оқиғалары тіркелмеді.
«Мұз астынан балық аулауға тек арнайы құтқару құралдары болған жағдайда ғана рұқсат етіледі, бірақ қазіргі уақытта мұз әлі толық қатпағандықтан, мұзға шықпауға кеңес береміз. Балық аулау өміріңізге үлкен қауіп төндіруі мүмкін», – деп атап өтті Ринат Смағұлов.
Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды мұздағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға және ата-аналарды балалардың мұзға өз бетінше шығуын қадағалауға шақырады.