Қысқы маусымға дайындық дұрыс па?
Жанға жайлы, шуақты күндер сырғып өте шықты. Жаңбырлы, сұрғылт күздің соңынан «қылышын сүйретіп» қыс келеді. Бұл ретте қаладағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртып, қысқы жылыту маусымына дайындық жұмысын жандандыруда. Жергілікті әкімдік пен жауапты мекемелер қысқа толық дайын.
Елорданы алдағы жылыту маусымына дайындау бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Дереккөздердің жалпы дайындығы 99,2 пайызды құрайды. Жылу желілерінің жалпы дайындығы – 100 пайыз. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында Астана қаласы Энергетика басқармасының басшысы Нұрлан Көпешов мәлімдеген болатын.
– «Астана теплотранзит» АҚ жұмысы аясында қаланың 9,7 км жылу желілері ауыстырылды, ағымдағы жөндеу – 1,2 км, қайта жаңарту – 8,5 км. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ желілері бойынша жалпы дайындық 100 пайызды құрайды. Тұрғын үй қоры объектілерін жылыту маусымына және әлеуметтік-мәдени тұрмысқа дайындау бойынша жұмыс толық тәртіппен орындалады. 3350 тұрғын үйді қысқы жылыту маусымына дайындау қажет еді. Қазірге дейін оның ішінде 3057 тұрғын үй жылыту маусымына дайын, – деді басқарма басшысы.
«Астана-Теплотранзит» АҚ басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Марат Сейітқазиев болса елордада ауа температурасының күрт төмендеп кетуіне байланысты биыл жылыту маусымы қыркүйектің 24-і күні басталғанын және 2024-2025 жылдың қысқы жылу беру маусымына дайындық аясында 55 жылу магистральдарының гидравликалық сынақтан өткенін атап өтті. Биылғы жылыту маусымына дайындық шеңберінде «Астана-Энергия» АҚ негізгі жабдықты жаңарту және жөндеу бойынша елеулі жұмыс жүргізілгенін мәлімдеді. Қазіргі таңда 14 сорғы станциясы және 1 жылу пункті жұмыс істеп тұр. Әлеуметтік сала мен тұрғын үй нысандарына жылу берілді.
Елордадағы Сарыарқа ауданы алдағы қысқы маусымға дайындықты толық аяқтады. Аудан әкімінің орынбасары Ержан Жұмағұловтың айтуынша, аталған ауданды қардан тазалау жұмысын 20 мердігер ұйым атқарады. Олар көшелердің қауіпсіздігі мен тазалығын қыстың қиын жағдайларында қамтамасыз етеді.
– Санитарлық тазалау жұмысына 571 арнайы техника мен 739 жол жұмысшысы қатысады. Жұмысшыларға арналған 25 тамақтану және жылыну пункті дайын. Қар қалың жауған күндері техниканың саны 585-ке дейін көбейеді, бұл көшелерді қардан жылдам тазалауға мүмкіндік береді. Жалпы техника саны жыл сайын көбейіп отырады, – деді әкім орынбасары.
Қарды шығару және оны төгу үшін Астрахан тас жолының бойында 53 гектарлық полигон дайындалған. Қар полигонында қауіпсіздік пен тиімділікті арттыру мақсатында бейнебақылау камералары мен самосвал техникасының нөмірін тіркейтін жүйе орнатылған. Тұрақты жарықтандыру және үздіксіз электрмен жабдықтау қамтамасыз етілген. Бұған қоса, қар көлемі артқан жағдайда қолдануға болатын қосымша 20 гектарлық резервтік қар полигоны дайын тұр.
Полигон аумағы толығымен автоматтандырылған. Ауа райының қолайсыздығына байланысты аудан аумағында коммуналдық қызметкерлер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Көктайғақтың алдын алу мақсатында аудан көшелеріне 8 мыңға жуық текше метр жерге құм және тұз қоспасын себу жұмысы жүргізілуде.
Алматы ауданы да қыс мезгіліне толық дайын. Қыста аудан көшелерін қардан 590 арнайы техника тазартады.
Бүгінгі таңда жолдарды өңдеу үшін көктайғаққа қарсы 5 мың тоннадан астам материал сатып алынды. Барлық техникада GPS-трекер орнатылған, олар техниканың қозғалысы мен жұмыс уақытын бақылауға мүмкіндік береді.
Ауданда негізгі қар полигоны «Железнодорожный» тұрғын алабында анықталды, онда орындалған рейстер туралы автоматтандырылған тіркеу жүргізіледі.
«Астана Тазалық» ЖШС 2024-2025 жылдардағы қысқы маусымда қала көшелерінің тазалығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тәулік бойы жұмыс істеуге дайын. Бұл ретте, мекеменің баспасөз қызметі хабарлағандай, қысқы мезгілде олар 377 техниканы іске қосуды жоспарлап отыр. Жауын-шашын мол болған жағдайда, қар жинау үшін шамамен 433 қосымша арнайы техника тарту көзделді. Қысқы кезеңде көшелерді тазалауға 691 жол жұмысшысының шығуы жоспарлануда. Ақпаратты хабарлау, жинау және өңдеу үшін тәулік бойы жедел байланыс диспетчерлік пункті (109), сондай-ақ GPS көмегімен техниканың қызметін бақылау бөлімі жұмыс істейді.
Жылыту маусымына дайындықта маңызды жұмыс – отын қорын дайындау. Осы процестің шеңберінде көмірмен, мазутпен, газбен, электрмен жабдықтау станцияларында авариялық-резервтік және жедел іс-шаралар талаптарына сәйкес қамтамасыз етілген.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ