Қала тіршілігі

ҚЫСТА ҮЙІМІЗ ЖЫЛЫ БОЛАДЫ

erm_0972

Жылу мен жарықсыз қала тіршілігін елестету мүмкін емес. Елордаға таратылатын электр энергиясының көбі «Астана-Энергия» АҚ-ның жылу энергия орталықтарында өндіріледі. Күні кеше Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Болат Танабергеновтың бастамасымен осы нысандарға арнайы баспасөз туры өткізілді.

Автоматтандырылған орталық

Бұл арнайы шараның мақсаты – өндіріс нысанындағы инвестициялық бағдарламалардың орындалуының ашықтығын және жариялылығын қамтамасыз ету болатын. Сол себепті бұған «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы, қалалық Кәсіпкерлер палатасы, «Әділет» тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамы өкілдері де қатысты.

 «Астана-Энергия» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Олег Уткин келгендерді алдымен ЖЭО-2 өндірістік аумағының жаңа басқару орталығымен таныстырды. Бір жыл бойы жобаланып, екі жылдан астам уақытта іске қосылған орталық барлық өндіріс үрдісін электронды автоматты түрде басқаруға мүмкіндік береді екен.

– Мына үлкен экранда жалпы электр мен жылу өндіру жүйесі көрініп тұр. Операторлар осы экран арқылы жалпы бақылау жасап отырады. Қалыпты нормадан ауытқу байқалған кезде, арнайы дабыл белгісі жанады. Мұндай жағдайда оператор оны тиісті құрылымдарға хабарлап отырады. Осындай басқару орталығы Қазақстандағы кәсіпорындардың бір-екеуінде ғана кездеседі. Бұл – біздің жұмыс барысымыздағы жаңа технология, – деп таныстырды орталықты Олег Валерьевич.

erm_1002

Қазандық та компьютермен қадағаланады

Бұдан соң ол бізді қазандық цехына бастап барды. Мұнда да барлық жұмыс үрдісі компьютермен автоматты түрде басқарылып отырады. Цех ішінде №7 станса қазандық агрегатын басқарып отыратын монитор бар екен.

– Мұнда да барлық жұмыс автоматты түрде атқарылады. Қазір қазандық көмір отыны арқылы жағылып жатыр. Осы агрегатта қайнаған ыстық судың буы турбиналық цехқа жөнелтіледі. Ол цехта 5 турбиналы үлкен агрегат жұмыс істейді. Осында ыстық су буының күшімен қозғалған генераторлар электр қуатын өндіреді. Ал пайдалану нәтижесінде қызуы төмендеген ыстық су қайтадан турбиналы агрегаттарға беріліп, ол жерде қалыпты температураға дейін қыздырылған соң, жылу желісіне жіберіледі. Бүгінде қаланы жылу және электр қуатымен қамтып отырған – жалғыз біздің кәсіпорын. Рас, қыс мезгілінде ғана қаланың электр қуатына деген сұранысын толық жаба алмаймыз, – деді бізге О. Уткин.

Оның айтуынша, бұл цехта қазандықтың бүкіл жұмысы қадағаланады. Осында отыратын оператор-машинист компьютер мониторына келіп түскен барлық дабылдарды жіті бақылайды. Ақау шыққанда ғана қарауындағы арнайы бригаданы жөндеуге жөнелтеді. Ал қалған ауытқушылық немесе көлемді азайту, көбейту бәрі автоматты түрде орындалады.

erm_1024

Инвестициялық міндеттемелер қалай орындалған?

Жалпы цехтың жұмысымен танысып шыққаннан кейін арнайы өкілдер «Астана-Энергия» АҚ-ның конференция залында бас қосты. Жиында Олег Уткин кәсіпорында инвестициялық бағдарламалардың орындалуы жөнінде әңгімелесе, «Астана-Энергия» АҚ басқарма төрағасының қаржы жөніндегі орынбасары Ардақ Тиес кәсіпорынның кіріс-шығысын, жалпы қаржылық есебі туралы толық баяндады.

– Біздің кәсіпорын тек осы өндірістік нысанмен ғана шектелмейді. Кәсіпорынның құрамына аудандық жеті қазандық кіреді. Қазандықтарда тұтынылатын көмір, мазут сияқты отындарды тікелей өндірушілердің өздерінен сатып аламыз. Бұл бізге орташа босату тарифін бірқалыпты ұстауға мүмкіндік беріп отыр. Қазір біз Қазақстан бойынша жылудың орташа босату тарифін арзанға ұсынуда екінші орындамыз. Өзге өңірлерде ЖЭО босататын жылудың құны біздегіден екі-үш есе қымбат. Ал енді инвестициялық міндеттемелерге келетін болсақ, ол бізде бекітілген кестеге сай орындалып жатыр. Мәселен, 2015 жылы бекітілген инвестициялық бағдарлама бойынша 665 868 мың теңге қаралса, ол іс жүзінде 713 058 мың теңге көлемінде орындалды. Сондай-ақ, №1 станса қазандық агрегаттарының көмекші құрылғыларын қайта жасақтау, жылжымалы айдаушы техникалар алу, №4 стансадағы өстік қозғалыс жүйесін бақылау датчигін алу сияқты міндеттемелердің бәрі жоспарда көрсетілгендей орындалды. Ал биылғы инвестициялық міндеттемелердің барлығы уақытымен және толық 100 пайыз көлемінде атқарылып жатыр, – деді бұл жөнінде Олег Уткин.

Кеткен шығыннан түскен табыс жоғары

«Астана-Энергия» АҚ-ның да бюджеттік бағдарламасы үш жылға қаралып бекітіледі екен. Бұдан бұрынғы үш жыл бұрын кәсіпорынның жылу энергиясынан түсірген табысы осы энергияны өндіруге кеткен шығыннан төмен болып келген. Бұл, негізінен, тарифтің өсуіне жол бермеу, өндірісте қолданылатын көмір және мазут отындарының бағасы жылдан жылға қымбаттауы, аудандық қазандықтардың кәсіпорынның құрамына енгізілуі сияқты факторлар әсерінен қалыптасса керек.

– Дегенмен биылдан бастап жоғарыда айтып өткен жағдайларға қарамастан, кәсіпорынның жылу қуатын өткізуден түсірген табысы оны өндіруге кеткен шығыннан арта бастады. Кәсіпорын кіріс-шығыстардан бөлек, қоршаған ортаны қорғау шараларына, қызметкерлерді оқып-үйрету ісіне де тұрақты түрде қаржы жұмсап отырады. Бұдан бөлек, көптеген жұмыстарды да өз қаржымызға атқарып келеміз, – деді қаржылық жағдайға қатысты Ардақ Тиес.

Әр саладан келіп баспасөз турына қатысқан өкілдер өндірістік базаны аралап, кәсіпорын өмірімен жақын танысып, есеп-қисаптарын да өз көзімен көргеннен кейін, жалпы жұмысына оң бағаларын берді. Жұмсалып жатқан инвестициялар нәтижесінде тозған жабдықтар уақытылы ауыстырылып, экологиялық шаралар да дер кезінде орындалып келеді екен. Сондай-ақ, жылу қуатын өндіру де арта түскен.

Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button