ҚЫСТАН ҚЫСЫЛМАЙТЫН ҚАЛА
Сейсенбi күнi елорда әкiмдiгiнде өткен кеңесте қала басшысы Иманғали Тасмағамбетов 2011-2012 жылғы жылу беру маусымының қорытындысын шығарды.
«Бұл қыс алдыңғы жылдарға қарағанда едәуiр қатты болды. Соған қарамастан тиiстi құрылым басшылары мен ондағы қызметкерлердiң кәсiби бiлiктiлiктерiнiң арқасында жылу беру маусымында еш кедергi болған жоқ», – дей келе, Астана әкiмi алдымен жылу беру маусымына тыңғылықты дайындалып, оны жоғары деңгейде өткерген әрiптестерiне ризашылығын бiлдiрдi. Бұл ретте тұтынушыларға электр энергиясын жеткiзудiң, жылу, ыстық және суық су берудiң технологиялық өлшемдерi сақталып, жылу орталықтарының, электр желiсi нысандарының, қаланы сумен және орталықтанған газбен қамтамасыз ету жүйелерiнiң жұмысында iркiлiстерге жол берiлмеген екен. Ең бастысы, 189 күнге созылған жылу беру маусымында Елбасы қала алдына қойған стратегиялық мiндеттердi шешуге ерекше көңiл аударылған.
Кеңесте жылу беру маусымын өткiзу жөнiндегi қалалық штабтың жетекшiсi, Астана әкiмiнiң орынбасары Василий Крылов баяндама жасады. Оның мәлiмдеуiнше, осы мерзiм аралығында қалалық штаб мүшелерi апта сайын бас қосып, халыққа көмiр жеткiзу мен газгольдерлердi толтырудан бастап ЖЭО-ның технологиялық және техникалық жұмыс ерекшелiктерiне дейiнгi сан алуан мәселелердi шұғыл түрде шешiп отырған.
Қыстың қатты болғаны қалалықтарға аян. Оны өткен жылу беру маусымында елорданың энергия көздерiнде 1 948 мың тонна, яғни 29 969 вагон көмiр мен 27 996 тонна (466 цистерна!) мазут жұмсалғанынан-ақ аңғару қиын емес. Энергокөздерден 1 197 млн кВт/сағ. электр энергиясы және 4 млн154 мың Г/кал жылу энергиясы жiберiлген. Бұл өткен жылғы көрсеткiштермен салыстырғанда 7,5 пайызға жоғары.
Қаланы газбен қамту мәселесi де үнемi штабтың бақылауында болды. Өткен жылу беру маусымында 3 358 тонна немесе 146 цистерна сұйытылған көмiрсутегi газы толтырылғанын, ал «Астана Газ Қызмет» ЖШС-нiң 342 топтық резервуар құрылғыларына қызмет көрсететiнiн, сондай-ақ 1215 көппәтерлi тұрғын үйдi, яғни 68 703 тұтынушыны газбен қамтамасыз ететiнiн ескерткен штаб жетекшiсi су колонкаларын оңтайландыру бойынша жүргiзiлген жұмыстарға жеке-жеке тоқталып өттi. Мәселен, олардың 223-i алынып тасталып, суды тиiмсiз пайдалану фактiлерi азайған. Кәрiз коллекторларының жұмысын жақсартып, өткiзу мүмкiндiгiн қайта қалпына келтiру мақсатында ай сайын магистральды коллекторларға гидродинамикалық тазартылу жасалынып отырған.
Атқарылған шаруалардың арқасында Астана қыстан қысылмай шықты. Дегенмен: «Алдымызда үлкен мiндет тұр. Келер жылу маусымын өткеруде жөндеу жұмыстарын бiрлесе өткiзумiз қажет», – дедi әкiм. Қаладағы барлық идаралар мен қызмет көрсету салаларының, ПИК-тердiң қатысуымен үйлесiмдi жұмыстар атқаруды талап ете отырып, Астана басшысы дебиторлық берешектi қысқарту қажеттiгiн де ескерттi.
«Бiздегi дебиторлық берешек – 1 млрд 900 млн теңге. Оның негiзгiсi жылудан келедi. Сондықтан, бiз жөндеу жұмыстарын қайта инвестициялайтын болсақ, онда дебиторлық берешек бойынша барынша нәтижелi жұмыс iстеуiмiз керек. Сол үшiн де, күзгi-қысқы жылу кезеңiне дайындық пен оның сапасына қатысты мәселелердiң iшiндегi маңыздыларының бiрi – осы дебиторлық берешектi азайту. Бұл ерекше бақылауда болады» дедi қала басшысы.
Сондай-ақ, әкiм қала тұрғындарының өмiрiндегi Тұрғын үй инспекциясының маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол үкiметтiң жаңа заң шығаруға шешiм қабылдағанын, соған сәйкес жергiлiктi атқарушы билiк жанынан Тұрғын үй инспекциясының басқармасы құрылатындығын да айтып өттi.
Өткен маусымда қала тұрғындарынан температуралық көрсеткiштер деңгейiнiң төмендiгi, сумен жабдықтаудағы iркiлiстер, кәрiз жұмыстарындағы қолайсыздықтар және т.б. мәселелер жөнiнде 863 шағым келiп түскен. Мұның басым бөлiгi жаңадан пайдалануға берiлген әлеуметтiк және тұрғын үй нысандарының құрылысы кезiнде жiберiлген кемшiлiктерге байланысты орын алған. Осыған орай, елорда әкiмi өзiнiң орынбасарларына және прокуратураға нақты мiндеттер жүктедi. Ал, қаланың барлық коммуналдық қызметтерi мен энергетикалық кешен кәсiпорындарына келер қыстың қамына қазiрден бастап кiрiсе берудi тапсырған И.Тасмағамбетов жиналысты қорытындылай келе, барша астаналықтарды сүйiктi қаламыздың таза да жайлы болуы мақсатында 21 сәуiр күнi Астанада өтетiн жалпықалалық сенбiлiкке белсендi түрде қатысуға шақырды.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ