Басты ақпаратҚоғам

Қысты болжаудың қырық сыры…

Қаздың майын ішіп, қазы жеп, тұла бойыңызды жылытып жүрмесеңіз, аюдың ішігімен Арқаның үсігінен сақтану қиын. Өйткені «Қыс қыр астында» дейтіндей емес, қырбақ қар түсіп, қылышын көрсетіп табан астында тұр. Енді оған тек құстар ұясын, адам үйін жылылап қана төтеп бермесе, күн көзі жылт еткенге жылына қояйын деп тұрған ауа райы жоқ. Ауа райы демекші, қазіргі кезде бұрынғы заманның болжампаздары сияқты аспан мен жерге, өзен мен көлге немесе желге қарап ертеңгі күн райын біліп отыратын заман емес.

Қазір – технологияның дәуірі. Күнделікті ауа райының қандай болатынын қолыңыздағы смартфоннан қарап біліп отырасыз. Синоптиктер күн сайын ауа райының ауанын байқап, ауаның ыстық-суығын дер кезінде мәлімдеп отырады. Былай қарап тұрсаңыз, қарапайым жұмыс сияқты көрінуі мүмкін. Алайда олардың сол қарапайым еңбегі арқылы қаншама адамның күрделі мәселелері шешіліп жатыр десеңізші?!

Қарашада Астанаға қар жауа ма?

«Қар жауар қарашада қатқақ болып» деп халық өлеңдерінде суреттелгендей, қазақтың «Қараша қауыс, кәрі-құртаңды тауыс» деген айы да келді, міне. Осы айдан бастап Арқаның аязы ашуына қамшы салып бастайтыны да бәрімізге аян. Сондықтан біз алдағы уақыттың ауа райы болжамының қандай болатынын «Қазгидрометтің» ұзақ мерзімді ауа райы болжамы басқармасының басшысы Жұлдыз Исабековадан сұрап көрген болатынбыз. Жұлдыз Қылышбекқызы бізге Астана қаласы бойынша 2024 жылдың қараша айына арналған консультативтік ауа райы болжамы туралы баяндап берді.

– Қазір ауа райының салқындауы, мезгілдің мінезін көрсетуі – заңдылық. Алдағы уақытта қалада айлық орташа ауа температурасы -5, 8°C болуы болжануда, бұл нормаға жақын (норма: -5, 2°C). Ал қараша айының бірінші декадасында түнде температура 0,+5°C-тан -10-15°C-қа дейін төмендейді, күндіз +6+11°C-тан -4-9°C-қа дейін төмендейді. Содан кейін түнде температураның -1+4°C-қа дейін барып, күндіз +4+9°C-қа дейін біртіндеп көтерілуі күтіледі. Ал екінші декадада түнде температураның -15-20°C-қа, күндіз -9-14°C-қа дейін төмендеуі болжануда. Үшінші декаданың басында түнде температураның -2-7°C-қа, күндіз -1+4°C-қа көтерілуі күтіледі. Содан кейін түнде температура -13-18°C-қа, күндіз -7-12°C-қа төмендейді. Ал декаданың соңында түнде температураның -8-13°C-қа, күндіз -2-7°C-қа көтерілуі болжануда. Сонымен қатар ай бойы жауын-шашын мөлшері нормаға жақын болады (норма: 29 мм).

Жауын-шашын (жаңбыр, ылғалды қар) бірінші декаданың басында және соңында, екінші декаданың басында, үшінші декаданың бірінші жартысында күтіледі. Сонымен қатар декаданың ортасында, екінші декаданың ортасында және соңында, үшінші декаданың ортасында қар жауады деп күтілуде. Мұзды көктайғақ бірінші декаданың соңында, екінші және үшінші декаданың басында болуы мүмкін. Айдың ортасында және соңында тұман түседі. Сонымен бірге ай бойы боран жиі болады, – дейді Жұлдыз Исабекова.

Ежелгі қазақ есебі қандай еді?

Қазақ халқы ежелден табиғатпен етене болып, оның бейтаныс тұстарын ашуға, таңғажайып сырларын алдын ала болжап білуге қатты мән берген. Сондай-ақ табиғат құбылыстарын табиғатқа қарап отырып болжаған. Әрі аспан әлеміне қарап жер бетінде болатын құбылыстарды болжап айтатын адамды «Жұлдызшы» деп атаған. Олардың арнайы есеп жазатын бір беті ақ, бір беті қара матадан қапталған қойын дәптерлері де болған деседі.

Міне, солар амал дәптерлеріне аспан денелерін зерттеп, олардағы өзгерістерді салыс­тырып, күннің батуы мен айдың тууына байланысты, жұлдыздардың орнына және олардың көрінуіне байланыс­ты түрлі болжамдар айтатын болған. Мысалы, бір жылда он екі ай, он үш тоғыс, жеті белгі, төрт маусым бар. Ал қазақ осының ішінде жиырма төрт амалға баса мән берген. Бір амалға жеті күн кіреді. Соған байланысты амалдың кіруі, амалдың ортасы, амалдың шығуы деген ұғым бар. Мысалы, ел ішінде амалдың басы қатты болса, ол жадырап шығады, жайма-шуақ болып кірсе, соңы қатты болады деген де ұғым бар. Ал енді тоғыс мәселесіне келсек, қазақ Үркер жұлдызы мен Айдың бірге көрінуін «Тоғыс» деп атаған. Бір жылдың ішінде мұндай жағдай он үш рет қайталанады. Яғни он үш рет тоғысады. Бірақ оның тоғысқанын ылғи да адамдар көре бермейді. Алайда олардың тоғысуын біздің қазіргі айлармен есептегенде «шілденің 21-іне, тамыздың 19-ына, қыркүйектің 17-сіне, қазанның 12-сіне, қарашаның 13-і, желтоқсанның 11-і, ақпанның 3-і, наурыздың 5-і, сәуірдің 9-і, мамырдың 7-сі күндеріне тура келеді» деп есептеп жүр есепшілер. Дәл осы тоғыс кезінде Ай мен Үркердің аралығына қарап та жамандық пен жақсылықтың нышанын анықтаған. Яғни Үркер Айдан алыс көрінсе, онда ол онша жақсылық болып есептелмеген, ал жақын болса, онда жайлары жарасқан екен. Біздің де жайымыз жарасады деп қуанған. Сонымен қатар аспандағы бұлт ортасынан ыдыраса, онда қарлы боран болатыны, ал шетінен ыдыраса, онда күннің жылынатыны, ал жерге қарай көшсе, ол қар жауатынын, будақтап шығып, түнеріп түйдектеліп жоқ болып кетсе, қатты аяз бен боран соғатынның белгісі екенін де білеміз есепшілердің сөзіне сүйенсек.

Диханның тұжырымы

Биыл көктемде бозторғай ұясын ойпаңға емес, қыраңға салды. Әрі жаз жауынды, салқын болды. Сондықтан қыс жаман болады деп айта алмаймыз. Бұл менің даналығым емес, бізге атадан келе жатқан ауа райын дәстүрлі болжау әдісі осылай. Қазір енді жыл құстарының да қайтатын уақыты ғой. Атыздың басында дуадақтар әлі жүр. Соған қарап биыл қыс жайлы болады-ау деп қоямын өз басым. Кім біледі, енді бәрі – бір Жаратушының қолында. Біздікі сол қазақы болжам ғана. Қазір қараша айы болғанымен, құстар да қауырт кете бастағанын көрмедік. Бір-екі рет көргенімде топтасып ұшып барады. Соған қарап күздің аяғы біраз созылады-ау деп те отырмын. Енді тағы да байқаймыз, егер жыл құстары жерге жақын төмен ұшса, онда қыс қатты болады. Атыз басында, тоған-тоғандардан қырға қарай қашақан шылдардың үйірінің молдығына қарағанда қыс суық болатын шығар деп те отырмын. Оған себеп бір жағынан биыл суыр ерте ұйқыға кетті. Демек қыс суық болады деген тұжырымымыз шынға айналуы ғажап емес, – дейді дихан Құнанбай Құлжанқожа.

Орманшының болжамы

Қыс деп аты айтып тұрғандай, қай қыстың да халық үшін оңай болмайтыны анық. Алайда халық арасында неше түрлі нәрсеге қарау арқылы алдағы қысты болжау – дәстүрлі әдет. Мысалы, ел ішіндегі білермендердің арасында мынадай да түсінік бар. Егер көртышқан інінің топырағын аузына үйсе, онда қыс қатты болатынын білгені, алыс үйсе, онда көп суық болмайтынын білдіргені екен. Сонымен қатар көлбақаның қыста құрқылдауы қыстың жайлы болатынының белгісі деп білуге болады немесе жаздыгүні бөгелектер аттың бауырынан әрі-бері ұшып жүрсе, онда қыс жайлы болады. Ал басына шығып, мойнынан асып ұшса, онда қыс қатты болады деп тұжырымдаған. Біздің дана халқымыз қоңыр аңның күйісіне қарап-ақ күннің жағымды және жағымсыз жағын білетін болған.

– Иә, жалпы қазақы таным бойынша арқар ойға түссе, қыс қатты болады. Түз аңдары күз айларында өзен жағалап жайылып, бұлақ маңынан кетпесе, ол – қыста қар жұқа түсетінінің белгісі. Биыл арқар ерте үйірге түсті. Сол себепті де қыс ондай қатты болмайды. Болған күннің өзінде көктем ерте шығады. Ал қардың қалың түсуі екіталай. Өйткені қоңыр аңдардың бүйрек майы бітеу емес. Егер бітеу болса, онда қар қалың түсер еді деп топшылар едік. Бір жағынан, бұғы да кеш шақырды. Міне, мұның бәрі қыстың жайлы болатынын білдіретін белгілер, – дейді орман шаруашылығы маманы Жұмағұл Боранбай.

Ғылым не дейді?

Ал республикада гидрометеорология және табиғи орта мониторингі саласында бірыңғай ғылыми-техникалық саясат жүргізіп, халықты қазіргі және болашақтағы климат пен табиғи орта мәліметтерімен қамтамасыз етіп, қауіпті және апатты гидрометеорология құбылыстарды алдын ала болжап хабарлайтын Қазгидрометтің Қазақстан бойынша консультативтік маусымдық ауа райы болжамы бойынша қараша-қыс алдындағы алғашқы ай болғандықтан, оңтүстік-
батыс, оңтүстік аймақтарда қар аралас жаңбыр жауады деп болжануда. Сонымен қатар бірте-бірте бұрқасын, көктайғақ үдей түседі деп болжануда.

– Жалпы биыл қыс өз мезгілінен кеш те, ерте де түскен жоқ. Қараша айының екінші жартысынан бастап аязды ауа райы болжануда. Суық ауа массалары енген кезде термометрлердің бағандары ең суық күндерде төмендейді. Алдағы уақытта республиканың солтүстігінде, орталығында және шығысында түнгі уақытта -15-24°С дейін, күндіз -7-12°С дейін, ал батыста және елдің оңтүстік жартысында түнде -3-15°С дейін, күндіз 0,-7°С дейінгі ауа температурасы болады деп күтілуде. Алайда негізінен, Орта Азия мен Жерорта теңізінен жылы ауа массаларының келуі әсерінен көбінде күндіз жылы болады. Сондықтан республиканың көп бөлігінде +3 +8°С дейінгі ауа температурасы сақталады. Сонымен қатар қараша айында жауын-шашын мөлшері Қазақстан аумағының басым бөлігінде норма шамасында, солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс жартысында нормадан көп (Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарында, Атырау және Ақтөбе облыстарының солтүстік-батысында, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарының шығысында, Шығыс Қазақстан және Абай облыс­тарының қиыр солтүстігінде), ал елдің оңтүстік өңірлерінде нормадан аз болуы болжануда. (елдің оңтүстік жартысында және Қарағанды мен Ұлытау облысының қиыр оңтүстігінде).

БИЫЛҒЫ ЕРЕКШЕЛІК ҚАНДАЙ?

Консультативтік болжамға сәйкес қыста температура режимі климаттық норма шегінде болжанады, жауын-шашын көпжылдық нормадан асады. Алайда жауын-шашынның тоқтауымен және температураның аномальді төмен фонымен (солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда түнде 30-45 градус аяз, елдің батысы мен оңтүстігінде 25-35 градус аяз) сипатталатын кезеңдер ықтималдығы да жоққа шығарылмайды. Қыстың алғашқы екі айы желтоқсан және қаңтарда Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы норма шамасында деп болжанады, тек қаңтарда елдің батысында, солтүстік-батысында нормадан 1°С жоғары болады деп күтілуде. Ал ақпан айында республиканың басым бөлігінде ауа температурасы нормадан 1° жоғары, еліміздің солтүстік аймақтарында ауа райы қалыпты жағдайда болады. Белсенді циклондар әсерінен жауын-шашын еліміздің көптеген аймақтарында нормадан асып түседі, жауын-шашын республиканың оңтүстік-батыс жартысында климаттық норма шегінде болжанады. Наурызда қыс пен көктем арасындағы өтпелі кезең, жылы күндерден кейін аяз бен қалың қар қайталануы мүмкін. Алдын ала болжам бойынша наурыз айында температура еліміздің басым бөлігінде нормадан 1° жоғары, республиканың оңтүстік-шығыс жартысында норма шамасында болады деп күтілуде, – дейді Жұлдыз Исабекова.

Қыстың қатты не жайлы болатынын төрт түлік малдың соңында жүріп, аспапсыз-ақ аспан денелерін білген шопандардың ақылына қайран қалмай тұра алмайсың мұндайда. Қазақ қыстың қатты болатынын, жылқының қырға шығып үйездеуінен, өрістен қайтқан қойдың езуінде ілінген шөпке қарап біліп отырған. Ал қойы қораға емін-еркін алшақ басып кірсе, қыс жайлы болады деп арқасын кеңге салып, шөптің буынының ерте қатуынан қыстың қатты боларын ерте біліп отырған халқымыздың сол даналық, далалық қасиеті бүгінгі ұрпақтың бойында сақталмауына не себеп деп кейірсің мұндайда. Мейлі, қалай болмасын, қыстың қысатыны анық. Қазақтың «ай қораланса аяғыңды, күн қораланса күрегіңді сайла» деп айтатын сөзіне жан бітетін кезі де келді, міне.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button