Басты ақпарат

Қытайда демографиялық дағдарыс бола ма?

Жуырда ғана дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына арналған «Орталық Азия – ҚХР» саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытаймен сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға барынша күш салу керектігін айтты. «Хабар» арнасына берген сұхбатында да Президент «Біз көршілерді алмастыра алмаймыз… Бізге Қытайды зерттеу керек» деп елдер арасындағы ынтымақтас­тықтың негізінде өзара түсіністік пен сенім жататындығын аңғартты.

[smartslider3 slider=1978]

Біздің қоғамда Қытайдың демографиялық экспансиясы туралы синофобияға сілтейтін үрейлі болжалдың жиі айтылатыны жасырын емес. Әрине, соңғы жылдары әлем бойынша Қытайдың мәдени-экономикалық экспансиясы туралы алаңдаушылық ұлғая түскеніне қарамастан, Қытай қаупін тек демографиялық қысыммен байланыстыратын ескі тұжырымдаманың салқыны әлі сақталып келеді. Қытайдағы демографиялық ахуал, шынымен, біздің ұйқымызды қашыратындай қорқынышты ма? Тарих пен бүгінгі өмір шындығы не айтады?

Ху Хуаньюн сызығы

1935 жылы қытайлық талантты географ ғалым Ху Хуаньюн «Қытайдағы халықтың орналасуы» дейтін мақаласында Қытайдың алғашқы демографиялық картасын ұсына отырып, «Егер (Қытайдың солтүстік шығысындағы) Хэйлунцзянның Айхуэйінен оңтүстік-батысқа – Юньнаннің Тэнчжунына қарай көлбеу сызық сызсақ, Қытай оңтүстік-шығыс және солтүстік-батыс деген екі бөлікке бөлінеді. Оңтүстік-шығыс Қытай бүкіл Қытайдың жер көлемінің 36 пайызын ұстайды, бірақ Қытайдағы халықтың 96 пайызы осында орналасқан, ал Қытайдың жалпы жер көлемінің 64 пайызын алып жатқан солтүстік-батыс Қытайда халықтың небәрі 4 пайызы ғана тұрады» деп жазады. Арада 90 жылға таяу уақыт өтсе де, Қытайдың Ху Хуаньюн анықтаған демографиялық ахуалында айтарлықтай өзгеріс болған жоқ, 2010 жылғы халық санағы бойынша Қытайдағы халықтың 94 пайызы әлі де ел аумағының 43 пайызын құрайтын Шығыс Қытайда тұрады екен.

Соңғы зерттеулер Ху Хуаньюн сызығының 400 миллиметрлік изогиетамен үйлес келетінін анықтап отыр. Жауын-шашынның көп жылғы орташа мөлшерінің бірдей нүктелерін қосудан пайда болған бұл изогиетаның шығысындағы аймақтарда ірі өзендердің барлығы дерлік теңізге құяды, жауын-шашын мөлшері тұрақты, климаты Оңтүстік-Шығыс Азиядан келетін муссонның әсерімен өзгеріп отырады, бұл суармалы егін шаруашылығын дамытуға ыңғайлы. Мыңжылдықтар бойы аграрлық Қытай өркениетінің алтын бесігі болып келген және халықтың басым көпшілігі орналасқан бұл өлкелер, әсіресе жағалаулық аймақтар «ашық есік» саясаты жүргізіле бастағаннан кейін қарқынды дамып, ширек ғасырда Қытайды әлем экономикасындағы елеулі күшке айналдырды.

Әрине, Қытайда экономиканың қарқынды дамуы, әсіресе, инфрақұрылым жағдайының жақсаруы нәтижесінде бізбен іргелес Батыс Қытай аймағында демографиялық өсімнің шамалы артқаны байқалады. Алайда 2021 жылғы Қытайдың жылжымайтын мүлік нарығындағы девелоперлік қызметке салынған инвестицияның 96,3 пайызы әлі де Ху Хуаньюн сызығының шығысындағы провинцияларға тиесілі екенін ескергенде, демографиялық ахуалда айтарлықтай өзгеріс болды дей алмаймыз. Басқаша айтқанда, Қытайдың демографиялық өсімі, сөз жоқ, жер тапшылығын тудырады деуге ешқандай негіз жоқ, ғасырлар бойы суармалы егін шаруашылығын дамытуға ыңғайсыз саналып келген жерлерді заманауи технологияның жәрдемімен игеруге Қытайдың қазіргі экономикалық әлеуеті әбден жетеді. Оның үстіне қазіргі Қытай – дәстүрлі аграрлық ел емес, индустрияланған мемлекет, осы тұрғыдан да елдегі аумақтық кеңістікті тиімді пайдалануына Қытайдың мүмкіндігі жеткілікті.

Оңтүстік-Шығыс Азия қалай «Қытайланды»?

Қытайдың демографиялық экспансиясы жөніндегі жорамалға жел беретін тағы бір дәйек – Оңтүстік-Шығыс Азияның «қытайланып» кеткені туралы миф. Әрине, бұл аймақтағы халықтың жалпы санындағы этникалық қытайлардың үлесі ауыз толтырып айтарлықтай. Мысалы, Сингапурда халықтың 76,2 пайызын этникалық қытайлар құрайды. Дамудың сингапурлық тәжірибесін көбірек зерделейтін Қазақстан экономикалық тұрғыдан ғана емес, демографиялық тұрғыдан да екінші Сингапурға айналуы мүмкін бе?

Хуанхэ мен Янцзы дарияларының бойында өмірге келген Қытай өркениеті мыңдаған жылға жалғасқан даму тарихында әр тарапқа ірге кеңейтіп баққанмен, табиғи-климаттық және геосаяси шектеулерге байланысты солтүстік және батыс бағыттарда үнемі тойтарысқа ұшырап отырды. Еуразиялық далалық аймаққа Қытай өркениеті елеулі әсер ете алмады, Орта Азия бағытында біраз жетістікке жеткенмен, Қытай ықпалы соңғы кезге дейін тарихи Шығыс Түркістан аумағының шегінен аса алмады, тіпті бұл өлкенің өзінде Қытай билігі үзіліссіз және тұрақты болған жоқ, аймақтың басы бүтін Қытай құрамына енуі маньчжурлер орнатқан Цинь әулетінің билігі кезінде ғана іске асты және өлкеде X ғасырдан кейін басталған исламдану үдерісі қытай мәдениетінің бұл бағыттағы әсерінің күшеюіне соңғы жылдарға дейін тосқауыл болып келді. Керісінше, қытай өркениетінің шығыс және оңтүстік бағыттардағы экспансиясы аса сәтті болды, Оңтүстік Қытайдағы көптеген тарихи этностар бұл күнде ұлттық ерекшелігін толықтай жоғалтты, Корей түбегін, Жапон аралдарын және Үндіқытай түбегінің шығыс бөлігін, кейде шартты түрде Оңтүстік-Шығыс Азияның шағын аймақтарын қамтитын қазіргі Қытай әлемінің қалыптасуы – мыңдаған жылдардың жемісі.

«Қытайдың халықаралық миграциясы туралы есептегі» деректерге сүйенсек, қазіргі таңда әлемдегі Қытай мигранттарының саны 10 млн-нан асады, 2019 жылы қытайлық мигранттар үшін тартымды елдердің алдыңғы үштігіне АҚШ, Жапония және Канада еніп отыр

Қытайлардың Оңтүстік-Шығыс Азия өлкелеріне қоныс аударуы VIII ғасырда басталып, XIX ғасырдан кейін шырқау шегіне жетті. Алайда 1947 жылдан кейін табиғи өсім аймақтағы этникалық қытайлардың халық санының өсуінің басты себебіне айналды, яғни бүгінде аймақтағы қытай саны материктік немесе тайвандық, гонконгтік мигранттардың есебінен көбейіп жатқан жоқ. Демек, Оңтүстік-Шығыс Азияның «қытайлануын», шын мәнінде, қытай өркениеті ықпалының кеңеюімен сабақтас тарихи үрдіс ретінде қарастыруға болады.

Миграция толқыны

1980 жылдардың аяғына қарай Қытайда шетелге бағытталған кезекті көші-қон толқыны басталды. Бұл, негізінен, шетелде білім алу және трансұлттық неке арқылы іске асты. Қазіргі таңда әлемнің әр шалғайындағы қытай мигранттарының қатары үздіксіз түрде өсіп келеді. «Қытайдың халықаралық миграциясы туралы есептегі» деректерге сүйенсек, қазіргі таңда әлемдегі Қытай мигранттарының саны 10 млн-нан асады, 2019 жылы қытайлық мигранттар үшін тартымды елдердің алдыңғы үштігіне АҚШ, Жапония және Канада еніп отыр. Мысалы, 2019 жылы АҚШ-тағы хуацяолар мен этникалық қытайлардың саны 5 млн-нан асса, Жапонияда бұл көрсеткіш 1 млн-ды құрады. Қытай мигранттарын ең қызықтыратын 20 елдің 13-і – дамыған мемлекет, 2015 жылдан 2019 жылға дейін Еуропаға қоныс аударған қытайлықтардың саны 13,7 пайызға өскен, бұл елдер әлеуметтік қамсыздандырудың сенімді жүйесімен, медициналық көмектің жетілген тетіктерімен, білім алудың төмен өзіндік құнымен, жеке тұлғаның дамуына ұсынатын мол мүмкіндіктерімен және көші-қон саясатының салыстырмалы кеңдігімен қытайлық мигранттарды қызықтырады дейді сарапшылар.

2016 жылы Қытай билігі демографиялық саясатқа түзету енгізіп, екі балалы болуға рұқсат етті, өткен жылы шектеу үш балаға көбейтілді

Аяқталмаған урбанизация

Қытайдағы 2020 жылғы халық санағының нәтижесі көрсеткендей, қазіргі күнде Қытай халқының 63,89 пайызы, атап айтқанда, 900 млн-нан көбірек тұрғын қалада тұрады екен. Дамыған елдермен салыстырғанда, бұл көрсеткіш жоғары емес, мысалы, ЭЫДҰ елдерінде урбанизацияның орташа деңгейі 78 пайызды құрайды. Соңғы кезде Қытайда әлемдік деңгейдегі мегаполистердің үлкен тобы пайда болды, сондықтан ірі қалаларға шоғырланған халық санының үлесі әлі де өсе түсетіні даусыз. Демек, Қытайда урбанизация үдерісі соңғы межеге жеткен жоқ. Бұған қоса, экономиканың жаңа формацияларын дамытуға және қала мен ауылдардың айырмашылығын жоюға ел билігінің айрықша ден қойып отырғанын ескерсек, Қытайдан келетін демографиялық қысымның едәуір бәсеңдейтінін сеніммен айтуға болады.

Алып елде өсу кеміді ме?

17 қаңтар күні жарияланған ресми дерек бойынша 2021 жылы Қытайда бала табу коэффициенті тағы да төмендеген, сөйтіп, әлемдегі халық саны ең көп бұл елдің, іс жүзінде, экономикалық және саяси тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін демографиялық дағдарыспен бетпе-бет келіп отырғаны айқындала түсті.

Елдегі демографиялық өсімді тежеу мақсатында 1971 жылы қолданысқа енген отбасын жоспарлау саясаты Қытайда білім беру, медициналық жәрдем көрсету, халықты баспанамен қамту салаларында әлеуметтік мәселелердің шектен тыс қордаланбауына мүмкіндік жасағанмен, жалпыұлттық стратегияға елеулі зардап әкелуі мүмкін салдар да тудырды. 2016 жылы Қытай билігі демографиялық саясатқа түзету енгізіп, екі балалы болуға рұқсат етті, өткен жылы шектеу үш балаға көбейтілді, алайда бала табу коэффициенті көтеріле қойған жоқ, керісінше, бірнеше жыл қатарынан үздіксіз төмендеді. Халықаралық қолданбалы жүйелі анализ институтының деректеріне сүйенсек, қытайлықтардың саны 2025-2028 жылдары шарықтау шегіне жетіп, әрі қарай азая бастауға тиіс. Оны айтпағанда, абсолютті өсімнің төмендеуі қазірдің өзінде ішкі сұранысты азайтып жіберді, ал халықтың қартаюы мен жұмыс қолының кемуі және гендерлік баланстың бұзылуы да әлеуметтік-экономикалық дамуға тұсау боларлық түйткілге айналып үлгерді. Висконсин университеті Мэдисон филиалының профессоры И.Фусянның «Қытай ел билігі мен халықаралық қауымдастықтың қиялы жетпейтін демографиялық дағдарысқа тап болды» деп ескертуі, сірә, тегін болмаса керек. Бұл тұрғыдан да Қытайдың демографиялық экспансиясынан қауіптенудің реті жоқ.

Еңбек миграциясының тәуекелі

Шығыстағы көршімізден демографиялық экспансияның болмауы бұл бағыттағы экономикалық, саяси қауіптің толық сейілуін білдірмейді. Аймақтағы Қытай мүддесінің нығаюына байланысты таяу болашақта Орталық Азияда Қытай ықпалының күшейе түсетіні күмән тудырмайды. Бірқатар факторлар Қытайдың еңбек миграциясынан алаңдаудың негізсіз еместігін көрсетеді. Елдегі экологиялық ахуалдың ушығуына және экономикалық дамудың жаңа сатысына көтерілгеннен кейін индустриялық құрылымды реформалауға қажеттіліктің артуына байланысты Қытай өкіметі 2014 жылдан кейін экологиялық тұрғыдан тиімсіз өндірісті Батыс Қытайға және Африка, Батыс және Оңтүстік-Шығыс Азия аймақтарына көшірудің қамын жасай бастады. Бұл тізімде кедей елдер ғана емес, дамушы елдер де бар. Ал қытайлық еңбек мигранттарының бірінші кезекте тілдік кедергілерге байланысты Қытай компаниялары жұмыс істеп тұрған елдерді таңдайтыны өз-өзінен түсінікті. Оны айтпағанда, шетелге көшірілетін өндірістер жұмыс күшін көп қажетсінетін, бірақ экологиялық проблемаларды қоса алып жүретін нысандар екені де анық. Бұл ретте экологиялық жағдайы онсыз да оңып тұрмаған елдер (мысалы, Қазақстан) қытайлық өндірістерді қабылдағанда, экологиялық және миграциялық тәуекелдерді бірдей бағалаудың қажеттілігін қаперде ұстағаны жөн.

Қорыта айтқанда, Қытайдың демографиялық экспансиясы туралы мифтің негізі жоқ, бірақ бұл ешқандай қауіп жоқ деген сөз емес. Қытайдағы демографиялық дағдарыстың ықтимал салдары, постпандемиялық кезеңдегі геосаяси ахуалдың айқындалмаған бағыттары, ғаламдық жылынудың аймақтағы экологиялық жағдайға жасайтын әсері, Батыс Қытайдың экологиялық-демографиялық келбетін өзгерту мақсатында қолға алынған ірі жобаларының перспективасы туралы сындарлы зерттеулер жүргізілмей тұрып, болашақты болжай алмаймыз. Ол үшін, Президент айтқандай, «бізге Қытайды зерттеу керек». Ал Қытайға қарсы көңіл күйдің іс жүзінде өмір сүріп отырғанын ескергенде, халықтың Қарулы күштеріміз бен күштік құрылымдарымызға сенімі құлдырағаннан кейін құрылған жаңа Үкімет бірінші кезекте солтүстік пен шығыстағы шекаралық аймақтарды дамытудың кешенді жоспарын ұсынып, оны іске асырудың тетіктерін жедел қалыптастыра алмаса, ел-жұрттың көңіліндегі алаңды сейілту, сірә, қиын.

Ерлан МАЗАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button