Қытайдың жеңіл рельсті пойыздарына тапсырыс беріліп жатыр
Қытайдан Астана LRT желісімен қатынайтын жеңіл рельсті пойыздарды сатып алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Бұл туралы елорда әкімдігінің Kazinform тілшісіне берген ресми жауабында айтылған.
Әкімдіктің баспасөз қызметі бүгінгі күнде Астана LRT-нің құрылысы қай кезеңге келгені жайлы мәлімет берген:
«Эстакадалық бөліктің құрылысы, станцияларда темірбетон жұмыстары аяқталды, сондай-ақ Есіл өзені арқылы көпір салынды. Орындалған бетон құю жұмыстарының жалпы көлемі – шамамен 450 мың шаршы метр. Сонымен қатар, бұрғылау-тығыздау қадаларын, тіректерді орнату, құрама арқалықтарды монтаждау және монолитті арқалықтарды құю бойынша жұмыстар толық көлемде орындалды».
Сондай-ақ, жергілікті атқарушы орган Астана LRT желісімен қатынайтын жылжымалы құрамға тапсырыс беру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
«Шарт талаптарына сәйкес 19 жылжымалы құрам сатып алынады. Жылжымалы құрамдарды өндіруші ел — ҚХР. Бүгінгі таңда жылжымалы құрамға тапсырыс беру жұмыстары жүргізіліп жатыр», – делінген жауапта.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада LRT депосының құрылысы басталғаны туралы жазған едік. Депо халықаралық әуежай маңайында орналасады және LRT жүйесіне техникалық қызмет көрсету мен басқару орталығына айналады.