Мәдениет

Қыздарбектің күйлері күмбірледі

«Астана» концерт залында қалалық «Сарыарқа» халық музыка ансамблінің XXI концерттік маусымының соңғы кеші қазақтың дарынды күйшілерінің бірі Қыздарбек Төребайұлының шығармаларына арналды.

Қыздарбек – Арқадағы шертпе күй мектебінің өкілі. Жасынан ауылдағы үлкендерден домбыра үйреніп, өнер соңына түседі. Ол өнердегі пірі Итаяқ күйшіні ерекше қадір тұтқан. Тіпті, ел ішінде Қыздарбек өз ұстазы Итаяқпен, Тоқа Шоңманұлымен күй жарыстырған деген де сөз бар. Өнертанушылардың айтуынша, күйшінің жеке қорында 100-ге тарта күй болған. Бірақ оның бәрі кейінгі ұрпаққа толық жеткен жоқ. Оған себеп те көп. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін отаршылдық қамытты кигісі келмеген арқаның дәулескер күйшілері азат рухты аңсап, «58 статья», «Өткінші» деген күйлер шығарды. Кейін бұл шығармалардың авторларының бәрі қудаланды. Осындай ауыр азапты Қыздарбек те көрді.
Кеште белгілі күйші, өнертанушы Жанғали Жүзбаев Қыздарбектің ұстазы Итаяқтың «Қосбасарын» шертіп, айтулы күйшінің өмірінен аз-кем сыр айтты.
«Ақселеу Сейдімбек ағамыз өз еңбегінде Арқаның атақты күйшілері Қыздарбек, Сембек, Әбди, Мақаш, Кәрібек туралы жазды. Қыздарбектің күйлерін бізге жеткізген – Дәулетбек Сәдуақасұлы мен Орал Исатайұлы. Бұл кісілер болмағанда күйшінің мұрасы ескерусіз қалар еді. Әбікен Хасенов көзі тірісінде осы жазықсыз атылып кеткен күйшілердің есімдерін атап, шығармаларын орындай алмады. Бұл түсінікті де. Қыз­дарбек – өзі қатарлас күйшілер арасында махаббат лирикасына барған адам. Оның «Сылқым қыз» атты күйі елге кеңірек тараған» деді ол.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button