Басты ақпаратМәселе

Қызды шеше тәрбиелей ме, көше тәрбиелей ме?

Өткенде бір досым «Астананың көшесінде келе жатсам, екі студент қыз бірінің шашынан бірі жұлып төбелесіп жатыр екен, біраз адам қораланып алып, қызық көріп тұр. Ал ана екі қыз ұятты жерлері ашылып жұлысып жатыр, жүгіріп барып орындарынан тұрғызып, ажыратсам, бірін-бірі қоя бермейді, қаным басыма бір-ақ шапты да, екеуін шапалақпен екі тартып ұзыннан түсірдім, тосын тиген соққыдан кейін екеуі екі жаққа қашты, қызық көріп қарап тұрғандардың да жеті атасын жездей қақтадым» деп жаны күйген бір жағдайды айтқан еді. Әрине, Астанада ғана емес, мұндай жағдай еліміздің барлық жерінде бар, әсіресе оқушылар арасындағы әлімжеттілік асқынып барады. 

Соңғы кездері әлеу­меттік желіде де қыздардың бірін-бірі шаштан жұлып, сабап жатқан бейнежазбасы көбейді. Дені – 14-15 жас мөлшеріндегі қыздар. 10, 11 кластың немесе студент қыздар болса керек, бәрі жабылып бір қызды сабағанына, ұрып құлатып, шаштан жұлғанына мәз. Ал айтылып жатқан былапыт сөздерін естісең, жаның түршігеді. Әрине, бұл қоғамда ішінара кездесетін жағдай болғанымен, әдеміліктің, биязылықтың, сұлулықтың символы болған қыздардың дәл осылай алысып-жұлысып жатқаны бала тәрбиелеп отырған ата-ананы бейжай қалдырмайтыны анық.

Бүгінгі қыз – ертеңгі ана. «Қыз өссе – елдің көркі» деп атамыз қазақ қызға қырық үйден тыйым салып, қызын төріне шығарып, төбесіне көтеріп өсірген. Қазақ тарихында қолына қару алып жауға шапқан батыр қыздар болғанымен, қазақ қызын ешқашан алыстырып, жұлыстырмаған. Керек десең, «қызға жымиған да жетеді» деп қыз баланы қарқылдап күлмеуге, дарақы әдет көрсетпеуге шақырған. Қазақ қызы төбелеспек түгілі, дауыс көтеріп те сөйлемеген. Ондай әдепсіздік танытса «көкбет, көргенсіз»-ге балаған.

Оның үстіне, қазіргі шәкірттер ұстазын сыйлауды, олардан қорқуды, ұялуды да ұмытып барады. Оларға мұғалімдердің жекіп ұрсуына, тіл алмаса қатаң жаза қолданып жөнге салуға да мүмкіндік жоқ

Бірақ батысқа еліктеудің әсері ме, жоқ әлде жат жұрттық тәрбиенің ықпалы ма, соңғы кездері қазақ қыздарынан да ұят кете бастады. Әрине, бұл арада біз еркектерді, ер-азаматтарды сүттен ақ, судан тұнық деуден аулақпыз, тұтас қазақ ұлтының ұрпақ тәрбиесі үлкен дағдарысқа ұшырағаны рас. Ұлағатты ұл болмаған жерде, қылықты қыздың болмайтыны да ақиқат. Алайда қыз тәрбиесі-ұлттың тәрбиесі екенін, әйел бір қолымен бесікті тербетсе, енді бір қолымен әлемді тербететінін, әйелдік кіндігінде әлем айналатынын ескерсек, қыз тәрбиесіне ешқашан елеусіз қарай алмаймыз. Қазақтың осы күнге жетуі бір жағынан, «ақ найзаның ұшы, ақ білектің күші» болса, екінші, бір елдігімізді сақтап қалған ұлы құдірет – жар төсегін жайнамаздай күзетіп, жары жауға кеткенде ауылды аман сақтаған аналардың арқасы болатын.

Ұлдың да, қыздың да тәрбиесі – маңызды тақырып. Әр ата-ана өз әлінше баласына тәрбие береді, ешбір ата-ана балам жаман болсын демейді. Бірақ қазір «қызды шеше тәрбиелемейді, көше тәрбиелейді» деп Қадыр ­Мырза-Әлі айтқандай, бүгінгі таңда баланы қоғамдық орта мен әлеуметтік желі тәрбие­лейді. Яғни қазіргі ата-аналар «қызға қырық үйден тыйым» деп қызын қымтап ұстауға шарасыз. Демек, қазір – баланы ата-ана, мектеп (білім беретін орын) және қоғам болып тәрбиелейтін заман. Өкінішке қарай, бала тәрбиесіндегі осы үш жақтың бір-бірімен байланысы үзілген. Мектептердегі тәлім-тәрбие де әлсіз, әсіресе ұлттық тәрбие, ұлттық мінез тұрғысынан тәрбие жүргізу жоқтың қасы. Себебі біздің қазіргі заңдарымыздың көбі баланың адамдық құқық жағына баса мән береді де, балаларға тамаша ұлттық қасиетке тән тәлім-тәрбие беру тұрғысынан ешқандай жауапкершілік жүктелмейді. Жастар тәрбиесіндегі қоғамдық ортаның міндеті мен жауапкершілігі ескерусіз қалған. Сосын да жоғарыдағыдай ұнамсыз жайттар қоғамда күшті дүмпу туғызбаса, біздің заң атқару органдары оған араласа бермейді. Егер біздің заң атқару орындары жоғарыдағыдай жайт туыла қалған жағдайда, қоғамдық тәртіпті бүлдірушілермен қатар, олардың ата-аналарына, ұстаздарына және оқу орнына дұрыс тәрбие бермегендігі үшін қатаң жаза қолданса, мұндай ұятсыз жағдайлар азаяр еді. Бір ауыз сөзбен айтқанда, бізге де ұлттық тәлім-тәрбие мен ұлттық моральды насихаттайтын және қадағалайтын әдеп сақшылары керек сияқты.

Кеңес Одағы кезінде де қыз тәрбиесіне баса назар аударды. Мектеп қабырғасынан «Әйелдер кеңесі» құрылып, қыздардың тәртібін, киім киісін қадағалап отыратын. Ұлттық тәлім-тәрбие де қатар айтылатын. Қазір бізде осындай үрдіс бар ма? Оның үстіне, қазіргі шәкірттер ұстазын сыйлауды, олардан қорқуды, ұялуды да ұмытып барады. Оларға мұғалімдердің жекіп ұрсуына, тіл алмаса қатаң жаза қолданып жөнге салуға да мүмкіндік жоқ.

Шынын айтайық, қазіргі жастардың көбі ұлттық ғұрып-әдет, ұлттық тәлім тәрбиеге пысқырып та қарамайды. «Ұят болады, обал болады, жаман болады» деген үш-ақ ауыз сөзбен бала тәрбиелеген қазақ бұл күнде қазақтың ырым-тыйымымен балаға тосқауыл қоя алмайды. Себебі телефонға есі кеткен жас ұрпақ қазір бәрін «адамзаттық деңгейде» ойлауға көшкен. Сосын да олардың назарында ұят болады, ертеңім не болады деген ұғым екінші орынға сырылды. Көңілі нені қалайды, соны істеп көреді, темекі шегеді, арақ ішеді, төбелеседі, жат жыныстылармен қарым-қатынасқа түседі. «Бәрін өзім білем» деп басынан сөз асырмайды. Мектеп қабыр­ғасында оқып жүріп жүкті болып қалатын қыз балалар көбеюінің бір себебі осында. Бұл кезі келгенде олардың отбасы құру ісіне де ықпал жасайды. Елді, ерді сыйлаудың әйел бақытының бір шырағы екенін естен шығарады да, күйеуімен салғыласып, үйленгеннен кейін аз күнде ажырасып тынады.

Соңғы жылдары каратэ, бокс, таэквондо сияқты спорт түрлерімен айналысатын қыз­дардың қатары көбейген. Әрине, олардың көбі осы спорт саласына қызыққаннан емес, керісінше, жоғарыдағыдай төбелестерде біреу­ден таяқ жемеу үшін баратыны да жасырын емес. Міне, осының өзінен қыздар арасындағы төбелестің бұрымдылар арасында етек алып бара жатқанын айғақтаса керек. Ал мұның арғы жағында мектептердегі әлімжеттік жатыр. Қыздардың осы төбелесін көрген ата-ана енді өз қыздарын қалай тәрбиелейді? Сен мына жақтан әдепті бол, ибалы бол деп тәрбие бергеніңмен, ертең біреудің қызы оған әлімжеттік жасап, сабап жатса, оның обалы кімде деген сұрақтың барлық ата-ананы мазалайтыны рас. Сондықтан, мұндай ерсі қылықты еркіне жіберуге болмайды, бұл бассыздықты еркіне жібермеу үшін бүкіл қоғам болып жұмылмаса, тек ата-ананың, мектептің тәрбие­сі аздық етеді. Соңғы кездері қоғамдық ортада бейәдеп сөйлесе, 69 мың теңге айыппұл салу көзделіп отырғаны сияқты, қыздардың қоғамдық тәртіпті, ұлттық тәрбиені сақтамағаны үшін де айып пен жазаны қатаңдатқан жөн сияқты. Әлеуметтік желіні шулатқан қыздардың төбелесінен біз осындай ой түйдік.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button