Мәдениет

ҚЫЗДЫҢ КӨРКІ – ӘШЕКЕЙ

бұйымдар

Қазақтың қалыптасқан тамаша салты бар. Қыз баланың сәбилік еркелігі қалып, бойжете бастағанда жеңгелері селтиген шашын жіңішке етіп өріп, көйлегінің өңіріне тана, моншақ тағып береді. Қызының ес жиып, етек жинап қалған белгісіне анасы да қуанып, дастарқан жайып атап өтеді екен. Ата дәстүріміз бұл күнде заман талабына сай жаңа мазмұнға ие болды деуге болады. Жас ұрпақ өзге жұрттың жылтырақ, арзанқол әшекейлеріне әуес болмай, өз халқының зергерлік дәстүріне қанығып өсетін болады. Бойжеткен әпкелерінің ізіне еріп жүрген жеткіншек қыздарымыз да өздерінің жасына қарай ұлттық нақышпен жасалған әшекей бұйымдарды тағып, келбетіне көрік қоса алады. Алғашқы балалар ұлттық зергерлік бұйымдарының бренді «Amina Jewels Kazakhstan» құрылғанда осы мақсатты көздеген еді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қырым Алтынбеков, Берік Әлібай, Аман Мұқажан, Сержан Баширов, Мұрат Дүйсенов, Илья Казаков, Икрам Рафиков, Зуфар Юлдабаев, Серікқали Көкенов сияқты алтын қолды шеберлер Әмина Шоқпарованың идеясын қолдап, жаңа жоба қанат қаққан еді. Ол туралы Әмина былай дейді: «Адамның талғамын бала жасынан тәрбиелеген дұрыс. Бұл халық тәрбиесінің бір қыры – зергерлік бұйымдарды таға білуіне де қатысты мәселе. Қыз баланың тақиясына  үкі тағып, асыл тастармен,  тана-моншақтармен зерлеп, бұрымына шашбау байлауының да мәні бар. Заманға сай салтымыз жаңғырса да әдемілікке деген құштарлық санамызда қалып қойды. Түрлі зергерлік заттардың арасында сақина, білезік, тұмар, өңіржиек секілді тағы да басқа әшекей-үшекейлерге деген сұраныс артып келеді. Осындай алтын-күмістен жасалған бұйымдар жасөспірім қыздарымның да бойынан табылсын деген көптеген аналардың ниеті шеберлер арасынан қолдау тапты. Суретші-реставратор, сақ ескерткіштерін қалпына келтіруші Қырым Алтынбеков – біздің шеберлеріміздің көшбасшысы. Күміс, сүйек, киіз, түрлі тастардан әшекей заттарын жасайтын мүсінші, зергер әрі педагог Сержан Баширов та – темірден түйін түйетін шебер. Оның туындылары Варшавада Азия және Мұхит елдері музейінде, Мәскеудегі Шығыс халықтарының мұражайында,
Назарбаев  орталығында  сақтаулы  тұр­ғанын айтқым келеді. Аты белгілі ісмерлер мен суретшілердің ұлттық мәдение­ті­міздің насихатталуына атсалыс­қаны мені қуантты».

Әрине, балаларға осындай бұйымдардың қалай жасалатынын көргеннің өзі қызық. Осы мақсатта атақты зергерлер жасөспірімдерге шеберлік сабақтарын да өткізді. Олар әп-сәтте шеберлердің қолқанатына айналып, түрлі  бұйымдардың қалай жасалатынына қанықты. Мұндай сабақтарға қатысқан балалар қазақ қолөнеріне, мәдениеті мен дәстүріне бейжай қарамайтын болады. Алтын қолды ісмерлер де осы жастардың арасынан шығады.

Қалалық «Кәсіпкерлік саладағы жетістіктері  үшін» байқауының жеңімпазы Әмина Шоқпарованың ұйымдастыруымен өткізілетін көрме-жәрмеңкелер ұлттық мәдениетіміздің жанашырлары арасында қолдау тауып келеді. Жәрмеңке-көрме барысында жас өнерпаздардың да шығармашылығын дәріптеп, оларды халыққа танытуда ізгі істер жалғасын табуда.

Қымбат металдардан жасалып, асыл тастармен безендірілген қолөнер туындыларын сатудың ерекшелігі бар. Қалыптасқан дәстүрге өзгеріс енгізіп  ұлттық мәнерге икемдеп түрлі кештер өткізіп жүрміз. Ондағы мақсатымыз халқымыздың мұрасын дәріптеу болса, шеберлердің туындыларын насихаттау арқылы асыл заттардың иесін табуына да септігіміз тиеді, дейді Әмина Шоқпарова.

 

Айгүл УАЙСОВА

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button