Экономика

Қызғалдақ терiп қайтайық!..

Ұлыстың ұлы күнi таяса да, «Самарханның көк тасын ерiтетiндей» күн қызуына сараңдық танытуда. Өңiрiмiздегi табиғат райының мiнезi солай болса керек, термометр сынабының бағанасы бел ортасынан жоғарыламай тұр.
Ә дегенде, +1-дi нұсқап, бiр қуантып едi елордалықтарды. Алайда, содан берi сыртқы тонымызды әлi тастай алмай келемiз. «Осындайда қайдағы қызғалдақ терген, жын айналдырған ба?!» деп сөгерсiз. Жоқ! Бәрi рас! Қызғалдақ жайқалып тұр! Қияр жемiсiн беруде! Астанада!
Айдалада ақ отау…
Астананың адуынды алты айлық қысы айылын жиып, демiн iшiне тартқан. Көктем берген қуат па, әйтеуiр, бас шаһардың тiршiлiгi қарбалас әдетiнен таймаған. Сол тiршiлiктiң базарын қыздырып, тiлшiлер қосынан жолға шыққанбыз. Көпке мәлiм «Шанхай» жақты бетке алып келемiз. Тақтайдай асфальт жолдан бағытымызды солға бұрып, қиыршық шағыл тасты жолға түстiк. Көп ұзамай сайын дала төсiнен орын тепкен жылыжай көрiндi. Бiзге де керегi – осы нысан. Бiр қарағанда, «айдаладағы ақ отауды» еске түсiредi. «Ақ отаудың» биiктiгi екi-үш метр. Алайда, кiретiн аузы бар…
Қарсы алған еңгезердей жiгiт ағасы шаруашылық директоры екенiн айтты. Есiмi – Нұрлан Әбдiкенов. Ә дегеннен қарапайым целлофанмен қапталған жылыжайдың iшiне бастап кiрдi. Ұзын дәлiздiң сол қапталы – қызғалдақ алқабы, оң қапталы – қияр алқабы. Алдымен аралағанымыз – қыр гүлдерi…
Қыр гүлдерi жайқалады – қызыл, сары, ақ…
Ауаның температурасы – 15 градустан жоғары. Бiрнеше қатарға бойлай егiлген қызғалдақ көшеттерi түстерiне қарай топтасыпты – қызыл, сары, ақ дегендей… Тiптi, кейбiрi қауыз жарып, жұла түсуге қимастығыңды оятады! Әдемi! Ару қыздарын қызғалдаққа теңеген қазақ халқы қандай ақылды, ә?!
Хош, сонымен қызықтыратын сұрақ көп-ақ. Алдымызда бастап келе жатқан шаруашылық иесiнiң аузынан сөз шығару тiлшi деген бiзге де қиынға соқты. Аз сөйлейдi, көп ойланады. Iстiң адамы екенiн бiрден байқатты. Ары айналшықтап, берi айналшықтап, әр нәрсенiң басын бiр шалып, бiраз жайға қаныққандай да болдық. Жылыжай шаруашылығы «Байтал» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң қарамағында екен. Гүл өсiрудi осыдан төрт жыл бұрын кәсiпке айналдырған көрiнедi. Алғашында Астана әкiмдiгiнiң тапсырысымен қала iшiне отырғызылатын гүлдердi еккен екен. Ендi қызғалдақ гүлiн өсiрудi қолға алыпты. Бастама жаман емес. Тапсырыс берушiлер әлден табылып жатыр. Бiз нысанды аралап жүрген кездiң өзiнде жеке гүл сатушылар келiп, мамандармен саудаласып жатты.
«Қызғалдақ отырғызуды ақпан айының басында бастағанбыз. Наурыздың сегiзiне таман, халықаралық әйелдер мейрамына қарсы толық қауыз ашып, гүлдедi. Күтiмi қиын болса да, ойдағыдай», – дейдi Нұрлан Бүркiтбайұлы. Оның айтуынша, қазiр гүл отырғызу науқанының бел орта-сы. Көктем шуағын шаша петунья, тагетис, кохия, алиссум, вербена, ци-ни-рария, сальвия сынды көше жағалауларына, бақтарға, басқа да көрiктi орындарға қойылатын гүлдердi еге бастайды.

Қыста да қиярдан құр қалмаймыз
Иә, астаналықтар ендi қыста да қияр жейдi!
Қызғалдақ алқабынан шығып, қияр алқабына аяңдағанда, өзiңiздi жаздың жаймашуақ таңдарында жүргендей сезiнедi екенсiз. 400 шаршы метр аумақты алып жатқан алқаптың температурасы – 28 градус. Жерден жоғарыға бойлай iлiнген жiптерге бұратылып өскен қияр сабақтары мәйегiн жайып, алды түйiндей бастаған. Тiптi, кейбiрiн жұлып алып жей берiңiз!
«Гүл отырғызу – маусымдық шаруа ғой. Ақпанда басталып, маусым айында тоқтайды. Сосын қайта орын даярлауға кiрiсуiмiз керек келесi ақ-панға дейiн. Ал қиярды биыл бiрiншi рет отырғыздық. Шығымы жаман болмауы тиiс. Мұның бiр жақсысы, жыл бойы еге беремiз. Жыл бойы жемiсiн бередi», – дейдi шаруашылық директоры. Айтпақшы, ЖШС тара-пынан Астана әкiмдiгiне ұсыныс жолданғанын айтты. «Байталдықтар» үш гектарға жуық жердi жалға алып, қияр, қызанақ егуге дайындап жатыр екен.
Немiстiң технологиясы несiбемiздi толтыруда
Әлгiнде байқағанбыз, әр қияр мен қызғалдақтың түбiндегi топыраққа ұзын құбыр желiсiнен тараған резеңке құбыршалар кiргiзiлген. Сол арқылы алқап суарылады екен. Бұл – немiс технологиясының жемiсi. Ал қарапайым топырақтардың өзi терiскейдегi көршiмiз Ресей елiнен жеткiзiледi. Шаруашылық мамандары жыл сайын Германия, Голландия елдерiне барып, тәжiрибе алмасып қайтады екен. Қалай болғанда да ол елдерде ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамыған ғой.
«Жылыжайда тұрақты жұмыспен отыз шақты адам қамтылған. Ал маусымдық жұмыстарға 150-ге жуық адам тартамыз. Жылыжайдың температурасын тұрақты қалыпта ұстау үшiн күнiне 2-4 тонна көмiр отыны жағылады», – дейдi Нұрлан Бүркiтбайұлы.
Десе де, көкейде бiр ой мазалайды. Неге жылыжай жұмысшыларының басым көпшiлiгi өзге ұлт өкiлдерiнен? Қандастарымыз некен-саяқ… Басшылары «қазақтар келмейдi мұндай жұмысқа» дейдi. Неге? Әлде бау-бақша өсiруге ебiмiз жоқ па, әлде, бiздiң қол емес пе?
Кәсiптiк бiлiм саласына миллиардтап қаражат жұмсалуда. Шүкiр, игерiп жатырмыз. Ендi осы әңгiме өзегiне айналған салаға да қолдау көрсетiп, өзiмiзден мамандар даярлау iсiн қолға алсақ, нұр жауар едi-ау!

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button