Қызмет көрсету сапасы – басты назарда
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті – елорда аумағында мемлекеттік қызметтің сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз етіп отырған мекеме.
Біз Астана қаласы аумағында орналасқан мемлекеттік қызмет көрсететін мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардағы қызмет көрсету сапасын бағалаймыз, заңнаманың сақталуын бақылаймыз, сонымен қатар мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бойынша шаралар қолданамыз, азаматтардың мемлекеттік қызмет сапасына қатысты шағымдарды қараймыз.
Агенттіктің Астана қаласы бойынша аумақтық департаменті мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау бағытында қандай жұмыстар атқарады? Осыған шолу жасайық.
Департамент мемлекеттік қызмет көрсететін мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың жұмысын үнемі назарда ұстайды. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібінің, тиісті заңнаманың бұзылуының алдын алу мақсатында қала аумағындағы мемлекеттік органдарға әдістемелік-тәжірибелік көмек көрсетеді. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда нұсқама беріп, қайта болдырмау үшін ұсыныстар жолдайды.
Жоғарыда айтқанымыздай, Департамент азаматтардың шағымын қарайды. Егер шағым негізді болса, азаматтардың құқықтарын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізеді. Мәселен, мемлекеттік қызмет көрсету сапасына байланысты ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Департаментке 111 жеке және заңды тұлғадан шағым келіп түсті. Олардың ішінде негізді барлық өтініш қанағаттандырылды. Нәтижесінде 15 қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді. Өз қызметін тиісті деңгейде атқармаған 15 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылып, рұқсат құжаттарын беру мерзімі мен тәртібін бұзғаны үшін 8 әкімшілік хаттама толтырылып, әкімшілік айыппұл салынды.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына баға беруде қоғамның орны ерекше. Осыған байланысты Департамент азаматтардың қанағаттану деңгейін анықтау мақсатында және мемлекеттік қызмет көрсетілетін орындарда қажеттілігі жоғары мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта қалыптастыру үшін қоғам өкілдерімен бірлесе отырып, тұрақты түрде мемлекеттік қызмет көрсететін мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарға мониторинг жұмысын жүргізеді.
Сондай-ақ ведомствоаралық жұмыс тобының отырыстарын ұйымдастырады. Онда анықталған кемшіліктердің орнын толтыру бойынша тиісті мекемелер мен ұйымдарға ұсыныс береді. Осыған қоса, қордаланған мәселелерді қозғап, қоғамның мүддесіне жұмыс істейтін Қоғамдық кеңестің отырысына қатысады. Күн тәртібіне маңызды мәселелер шығарып, шешу жолын ұсынады.
Жыл басынан бастап Департамент ауқымды ақпараттық-түсіндірме іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Мәселен, азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша ақпарат беру мақсатында «Қызмет алушылар күні», мемлекеттік қызмет көрсететін қызметкерлерге арналған «Қызмет беруші мектебі» жобасы, мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы қызметкерлердің азаматтарға сапалы қызмет көрсетуін жетілдіру мақсатында «Ең алдымен адамдар» оқыту бағдарламасы өткізілді.
Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту міндетіне де тоқталайық. Дебюрократизация экономикалық, стратегиялық мақсаттар мен бағдарламаларды сапалы іске асыруды, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсетуді қамтамасыз ететін кәсіби және дербес мемлекеттік аппаратты қалыптастыру үшін басымдық болып табылады. Аталған бағыт бойынша Департамент көлік және қорғаныс өнеркәсібі салаларында талдау және мониторинг жүргізді, анықталған бюрократиялық мәселелер бойынша шешу жолдарын әзірледі.
Департамент мемлекеттік қызметтерді көрсету барысындағы жеке және заңды тұлғалардың құқықтарының сақталуын алдағы уақытта да жіті бақылауда ұстайтын болады. Егер мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде құқықтарыңыз бұзылса, Департаментке жазбаша түрде немесе «электронды үкімет» веб-порталы арқылы, «Е-otinish» платформасы арқылы электронды түрде, сондай-ақ EgovKzBot 2.0 «Кеңес 1414» телеграм-боты арқылы жүгіне алатындарыңызды еске саламыз.
Мақсат МУСИН,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы