Қызмет көрсетушілерге сертификаттар тапсырылды
Кеше қала әкімдігінде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық шеңберінде қызмет көрсететін компаниялар мен қонақ үйлер және кәсіпкерлерге салтанатты түрде сертификаттар тапсырылды.
Сертификаттарды қала мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының басшысы Наиль Нұров және Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов тапсырды.
Салтанатты жиынның шымылдығын ашқан Ерлан Ермекұлы дүбірлі дода кезінде қатысушылармен шетелден келетін қонақтарға қызмет көрсететіндерге сәттлік тілеп, төрткүл дүние құлағын түрген халқаралық жарыс кезінде жоғары деңгейдегі дайындық пен сервистік қызметтердің сапалы болуы барынша маңызды екендігін атап өтті. Салтанатты рәсім аясында ойынға қатысушылар, қонақ үйлер, мейрамханалар және ұлттық кәдесыйларды ұсынатын кәсіпорындар арнайы қызмет өтеу құқына ие екендіктерін білдіретін сертификаттарға ие болды.
Аталған жарыс кезінде қаладағы қонақ үйлер, халықаралық спортшылар мен әртістерді қабылдаса, отандық компаниялар ойын ұйымдастырушыларымен бірлесе отырып, елдің мәдени мұрасын көрсететін өнімдерді туристерге ұсынатын болады. Сонлай-ақ, қатаң іріктеуден өткен қоғамдық тамақтандыру объектілері ойындардың негізгі алаңдарында жанкүйерлер мен қатысушыларды сапалы тамақтандыруды қамтамасыз етеді.
Сертификаттарды 52 қоғамдық тамақтандыру компаниясы, Қазақстанның кәдесыйларын ұсынатын 20 компания және жарысқа қатысушылар орналасқан 22 қонақ үй алды. Бұл кәсіпкерлердің әрқайсысы мұқият конкурстық іріктеуден өтуі ойындарға дайындықтың жоғары деңгейін көрсетеді.
Шапағат ӘБДІР