Жаңалықтар

Қызмет көрсету жеңілдеді

Қала тұрғындары жиі баратын мекеменің бірі – Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық. Өйткені, жәрдемақы, зейнетақы және тағы басқа әлеуметтік төлемдерді осы мекеме тағайындайды. Бүгінде азаматтардың уақытын үнемдеп, оларға сапалы қызмет көрсетуде орталықтың атқарар жүгі орасан.

ERM_3328

Былтыр сол жағалауда орын тепкен «Нұрсая» тұрғын үй кешеніне Алматы және Есіл аудандық бөлімшелері көшірілді. Содан бері жұмыс қарқыны біршама жеңілдеп, халықтың талап-тілегі орындалды. Мұнда әлеуметтік төлем бойынша мемлекеттік қызмет алуға келетін азаматтарға әрі қызметкерлерге де қолайлы мүмкіндіктер қарастырылған. Әр адамды қабылдауға берілген уақытты сақтауға мүмкіндік беретін электронды кезек жүйесі көптің көңілінен шықты. Күту залдарында кеңесші-маман келушілерге әлеуметтік төлем тағайындау мәселелері бойынша ақпараттық мәлімет беріп отырады.
– Біздің орталық ауқымды жұмыстар атқарады. Мемле­кет­тік базалық зейнетақылар, әлеу­меттік жәрдемақылар және еңбек ету қабілетінен, асырау­шысынан, жұмысынан айырыл­ғандарға әлеуметтік төлемдер тағайын­даймыз. Сонымен қатар жүктілігіне, бала күтіміне байланысты төлемдер де осында рәсімделеді.
Жаңадан көшіп келген ғима­ратымыз кең әрі жарық. Опера­циялық залдар соңғы үлгідегі заманауи техникалармен, жұмсақ жиһаздармен жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдайлар қарастырылған. Яғни, оларға арналған пандустар, арнайы кіру есігі мен көлік қоятын орындар бар, – дейді «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы» департаментінің директоры Сағира Айтанаева.
Қос орталыққа күніне әртүрлі сауалдармен 500-ден астам адам келеді. Алматы ауданы бойынша бір айдың ішінде 7500-ден астам тұрғынға қызмет көрсетілсе, Есіл ауданы бойынша 4500 адамнан құжат қабылданған. Іс-құжаттардың барлығы уақытылы өңделіп, әлеуметтік төлемдермен дер кезінде қамтамасыз етілген.
Айта кеткен жөн, тұрғындар үшін қызмет көрсету тағы же­ңілдейтін болды. Жоғарыда ай­тылған әлеуметтік төлемдер бұдан былай тек Алматы және Есіл ау­дандық бөлімшелерде ғана емес, сонымен қатар Достық, Сауран, Күйші Дина, Сәтпаев, Сейфуллин көшелері мен Республика даңғылында орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталықтарында да рәсімделетін болды.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button