Әлеумет

ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУГЕ КӨҢІЛІҢІЗ ТОЛА МА?

Өркениетті елдерде қызмет көрсету сапасы алдыңғы орында тұрады. Кез келген жеке тұлға сауда орталығына, дәмханаға немесе қонақ үйге бас сұқса, сол мекеменің маманы алдынан құшақ жая шығып,  құдайы қонағы келгендей жаны қалмай күтіп, қызмет көрсетіп жатады. Тіпті, ол азамат әлгі орындарға жай кіріп шықса да қызметкерлер ізгі ілтипат білдіріп, шығарып салады. Міне, осыдан-ақ, адамның мәдениеті, қала берді қоғамның мәдениеті айқын көрінеді.

Әрине, біз де өркенді елдің өнегелі жолына бет бұрдық. Уақыт талабы жаңаша үрдістерді алып келді. Бүгінгі таңда елордада азық-түлік дүкендері мен шағын маркеттер, атағынан ат үркетін сауда орталықтарынан көп нәрсе жоқ. Одан қалды асхана дейсің бе, дәмхана дейсің бе, сәулеті мен дәулеті келіскен ресторандар да жетерлік. Зәулім қонақ үйлердің де саны молырақ. Әп-сәтте түр-түсіңізді әдемілеп беретін сән салондары да көп. Қысқасы, жеке тұлғаларға қызмет көрсететін орындардан аяқ алып жүре алмайсыз. Ал олардың қызмет көрсету сапасы қандай?.. Мәселе осында.
Бірде қызымның шашын қидыру үшін сән салонына бардық. – Он бес минут кідіре тұрыңыздар, – деді администратор. Қош, күткен уақыт өтті, еш хабар болмады. Жарты сағаттан асты. Кішкентайым тыпырши бастады. Сәлден соң салон қызметкері шығып, – Менің уақытым жоқ, басқа клиент келеді, – деп дүңк еткізді. Қарапайым құрмет те, тіпті, соншама күткен уақытымызды алғаны үшін кешірім де сұраған жоқ. Амалсыздан басқа салонға бардық. Ондағы қызмет көрсету сапасы жоғары деңгейде екен. Шаштаразшы қыз сол демде екі жасар балдырғанның тілін тауып, үйіріп алды. Қайшыдан қатты қорқатын қызым, қайта салоннан көңілденіп шықты.
Тағы бір мысал. Түскі уақытта дәмханаға ауқаттануға бардым. Қабағы түюлі, аспазшы қыз селсоқ қарсы алды. Мәзірден қалаған тағамымды айттым. Тырс етіп ләм деген жоқ. Әлден кейін тасыр-тұсыр ыдысқа асты салып, алдыма тарс еткізді. Жүрегім зірк ете қалды. Көңілі болмай тұрған шығар деген оймен ақшамды ұсындым. Бір кезде ақшамның артығын қолыма емес, өзіме қарай лақтырып жіберді. Ол қалықтап барып, дымқыл еденге түсті.
– Қарындасым, бұныңыз не, қолыма берсеңіз болмай ма? – дедім. Көзімен бір алара қарады да, өз жөнімен кете берді.
Расы керек, бас қаладағы асхана мен шағын кафелердің сервистік қызметі көп жағдайда сын көтермейді. Әрине, барлығына бірдей топырақ шашпаймыз. Олардың арасында аталған қызметке толық жауап беретін орындар да жеткілікті. Дегенмен, адамдар көп шоғырланған орындардағы шағын дәмханалардың қызмет көрсету сапасына онша көңіліміз толмайды.
Қыр астынан «ЕХРО 2017» халықаралық көрмесі қол бұлғайды. Оған әлемнің барлық елі көз тігіп отырғаны жасырын емес. Қаншама қонақ алыстан ат арытып келмек. Ал, біз оларға сапалы қызмет көрсетуге дайынбыз ба?!

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button