Қызметтік иттердің қылмысты ашудағы көмегі

Елордадағы №55 орта мектеп оқушылары мен құрылыс-техникалық колледжінің бірінші курс студенттері Астана қалалық полиция департаментінің кинологиялық қызмет көрсету орталығына барды. Кинологиялық қызмет көрсету орталығы бастығының орынбасары полиция майоры Рауан Дәулетов мектеп оқушылары мен студенттерге бөлімнің жұмысы, кинолог мамандығының қыр-сырын, иттерді оқыту және күтіп-баптау туралы айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Рауан Дәулетовтің айтуынша, иттер қызмет етуге 2-3 айлық күшік кезінен бастап үйретіледі, өйткені бұл уақыт оларға командалар мен дағдыларды үйрету үшін қолайлы.
«Әр иттің өзіндік жеке міндеттері бар: қылмыскерлерді ізімен іздейтін иттерді, із-түзсіз жоғалған адамдарды, жарылғыш заттар мен қару-жарақ бойынша жұмыс істейтін иттер, психоактивті заттарды іздейтін иттердің жеке санаты бар. Жуырда кинологиялық орталықта арнайы жасақпен жұмыс істейтін барлау иттерінің жаңа бөлімшесі ашылды. Мұнда біз иттерді детекторлық иттер ретінде үйретеміз, бұл бөлім одорология деп аталады, яғни иістерді зерттеу. Өйткені, әр адамның өзіндік идентификациялық жеке иісі болады, бұл иісті тек иттер ғана ажырата алады», – деді тәртіп сақшысы.
Қызмет көрсетуге бельгиялық және неміс тұқымдары, сол сияқты ротвейлер, алабай сияқты ит тұқымдары қолайлы екені атап өтілді.
«Кез келген тұқымды ит қызмет көрсетуге жарамайды. Кез келген итті үйретуге болады, бірақ ол іс барысында пайдалы бола ма? Мысалы, хаскиді алайық, олар тек жүгіргісі келеді. Ал қазақтың тазыларын үйрету өте қиын. Оларға команда беруді үйретуге болады, олар жаныңда жүреді, бағынады. Бірақ есірткі іздеуге мәжбүрлеу іс жүзінде мүмкін емес», – деді Дәулетов.
Лекция оқып, жұрттың сұрақтарына жауап бергеннен кейін полиция қызметкерлері қонақтарға есірткіні іздеу және аса қауіпті қылмыскерді ұстау бойынша көрсетілім жаттығуларын өткізді. Әдетте мұндай сабақтар тет-а-тет бойынша өткізіледі, бөлмеде бөтен иіс болмауы керек. Бірақ мектеп оқушыларының өз көзімен көруіне мүмкіндік жасалды.