Басты ақпаратДенсаулықЖаңалықтар

«Қызыл» аймақта қалса да, ахуал қалыпты

Елорда – қазіргі таңда елімізде қауіпті індет бойынша «қызыл» аймақта тұрған 5 өңірдің бірі. Дегенмен тамыздың аяғы мен қыркүйектің басында қала бойынша эпидемиологиялық жағдай жақсарды. Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі шаралар туралы Орталық коммуникациялар қызметінде қала әкімінің орынбасары Асхат Ораловтың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Бүгінгі таңда қалада күн сайын орта есеппен 200-280 жаңа инфекциялық жағдай тіркелуде. Қыркүйек айында тамыз айымен салыстырғанда сырқаттанушылық көрсеткіші 3,5 есе төмендегені байқалды.
[smartslider3 slider=245] Сондай-ақ осы аптада өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда науқастар саны 8 пайызға артқаны анықталды.
«Пандемия басталғалы елордада коронавируспен сырқаттанудың 144161 жағдайы тіркелді, оның ішінде 139 мыңнан астам адам сауығып шықты. Бұл жалпы науқастардың 97 пайызын құрайды. Қазіргі уақытта елордада 990 төсек-орын қоры бар 7 инфекциялық стационар қызмет етеді. Ал жаз мезгілінде, сырқаттану өршіген кезде 4 мыңға жуық төсек-орын қоры бар 16 инфекциялық стационар қызмет атқарған еді. Бүгінгі мәліметке сүйенсек, дәл қазір стационарларда 578 адам ем қабылдап жатыр, осылайша төсек-орынның 58,4 пайызы бос емес. Жаз айларында бұл көрсеткіш 70 пайыздан астам еді. Шілде айының басында осы дертті емдейтін аурухана ретінде бейімделген көпбейінді №1 қалалық аурухана осы аптада инфекциялық қызметін тоқтатып, өзінің бастапқы қызметіне оралды» деді әкім орынбасары.
Бүгінде елорда стационарларында барлығы 127 реанимациялық төсек-орын бар, соның 56 төсегінде пациенттер емделіп жатыр.
Асхат Оралов елорда тұрғындарының 67 пайыздан астамы коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін алғанын айтты. Бұл – қала бойынша дертке қарсы вакцина алуға тиісті контингенттің көп бөлігі. «Коронавируспен күрестің басты құралдарының бірі – халықты вакцинациялау. Елорда бойынша вакцина алуға жататын халық саны – 647 мың адам. Оның 68 пайызы немесе 436 мыңнан астам азамат вакцинаның бірінші компонентін алды, ал толық иммундаудан 401 мыңнан аса азамат өтті. Халықты жаппай вакцинамен қамту үшін 36 медициналық ұйымда және қаланың 5 сауда кешенінде екпе пункттері ашылған. Жаппай егу басталғалы бері сауда орталықтарындағы екпе пункттерден 100 мыңға жуық азамат екпе алды. Халықты вакцинациялау үшін 300-ден астам медициналық қызметкер жұмылдырылған» деді қала әкімінің орынбасары.
Қала әкімдігі азаматтарды вакцинациядан өтуге ынталандырудың әлемдік тәжірибеде бар шараларын да ұйымдастырды. Сол мақсатта әкімдік демеушілермен бірлесіп, әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларда апта сайын екпе алғандар арасында бағалы сыйлықтардың ұтыс ойынын өткізді. Осы аралықта барлығы 22 iPhone12, 8 тоңазытқыш, 6 теледидар, 2 планшет, 6 микротолқынды пеш, 5 принтер, 2 бейнетіркегіш, кір жуғыш машина, «ақылды» техника, ауа ылғалдандырғыш және т. б. ойнатылыпты.
Журналистер сұрағына сонымен қатар елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов пен қаланың бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова жауап берді. Брифингте сөз алған Т.Мұратов мобильді бригадалар күн сайын коронавирусқа қатысты амбулаториялық ем алатын пациенттердің үйіне екі мыңнан астам шақыртуға баратынын жеткізді. 12 қазандағы жағдай бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында 2573 пациент коронавирустық инфекция бойынша және 16 адам амбулаториялық негізде үйде емделуде. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы елорда ауруханаларында науқастарды жоспарлы емдеуге жатқызу және емдеу қалай қалпына келтірілетінін түсіндірді. Қазір көп адамдар ковидтік стационарларға айналған ауруханаларда жоспарлы емдеу тоқтап қалды ма деп алаңдайды. Бірақ басқарма басшысының айтуынша, пандемияның ауыр кезеңінде бұл қажетті және мәжбүрлі шара болды, енді коронавирус дерті азайған соң олар қайтадан қалыпты қызметіне кірісуде. Мәселен, 6 қазанда №2 көпбейінді қалалық ауруханада тәуліктік және күндізгі стационарларға жоспарлы емдеуге жатқызу жанданды. Сондай-ақ осы аптада жоспарлы емдеу үшін пациенттерді №1 көпбейінді қалалық аурухана қабылдай бастайды, ол шілде айында инфекциялық стационарға айналып, төрт мыңнан астам пациентті емдеген болатын.
Үшінші спикер – елорданың бас дәрігері Сархат Бейсенова тұмау маусымы басталып, оның коронавирус ауруының артуымен тұспа-тұс келгенін жеткізді. Дәрігердің айтуынша, екі вирус та тыныс алу жүйесіне әсер етеді, сондықтан вакцинаны уақытында алу керек. Өйткені олар вирусты жұқтыру ықтималдығын азайтады және аурудың асқынуынан қорғайды. «Вакцинация мен ұжымдық иммунитетті дамыту арқылы аурудың деңгейі төмендеп, біртіндеп қалыпты өмірге ораламыз, тиісінше, карантин шаралары жеңілдетілетінін атап өтеміз. Алдын алу шаралары ретінде азаматтарды тұмауға қарсы вакцинациялау жалғасуда» деп түйіндеді ол.

[smartslider3 slider=258]

Сырқаттардың жас шамасы бойынша деректерді келтірген ол жұқтырғандар арасында ересектер саны 79,7 пайызды құрайтынын, оның 20,3 пайызы 30-39 жас аралығында болса, 27,8 пайызы 40-59 жаста, 20,1 пайызы 18-29 жаста, ал 11,5 пайызы 60 жастан асқандар екенін жеткізді. Дерттің балалар арасында асқынуына жол берілмеген. Қазір қалада коронавирус диагнозы бар 758 бала амбулаторлық, 48-і стационарлық ем алып жатыр.
«Қыркүйекте коронавирус жұқтырған балалардың үлесі 16-дан 24,3 пайызға дейін, жасөспірімдер 2,5-тен 5,4 пайызға дейін өсті. Ал науқас оқушылардың үлесі 2,3-тен 20 пайызға дейін артқан. Оқу жылының басынан бері коронавирус жұқтырған оқушылар саны 2232 болған, бұл ауру жұқтырған жалпы халықтың 19,6 пайызын және оқушылардың 1 пайызын құрайды. Олардың 642-сі немесе 29 пайызы мектепке бармай тұрып ауырып қалған, осылайша оқушылар арасында 1590 жағдай оқу басталған соң тіркелген» деп атап өтті Сархат Бейсенова.
Коронавирустың түрлі штамдарына қатысты да мәліметтер берген спикерлердің айтуынша, тамыз айында жүргізілген молекулалық-генетикалық зерттеулердің нәтижелері бойынша дельта штамы да, британдық штамм да, нигериялық штамм да елордада және басқа аймақтарда тарап жатыр. Мәселен, нигериялық штамм барлық зерттелген материалдардың 6 пайызын құрайды. Жыл басынан бері 226 сынама жүйеленген болса, оның ішінде дельта мен альфа штамдары кіретін 112 жоғары патогенді штамм анықталды.
Сөз соңында Асхат Оралов коронавируспен күресте басты құралдардың бірі халықты вакцинациялау екенін қайталап, жобалық кеңсе 2021 жылдың 7 қыркүйегіндегі алгоритмге сәйкес вакцинациялау картасы негізінде кәсіпорындар тізімін жасайтынын мәлімдеді. Тізімге офлайн жұмыс істейтіндердің саны 50 пайыздан асатын және 60 пайызға дейінгі қызметкерлері коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның бірінші компонентін алғандар кіруі тиіс. «Бұл тізімдер жергілікті атқарушы органға жіберіледі, ол мониторингтік топтың тексеру жүргізуін ұйымдастыруы керек. Тексеруден кейін материалдар одан әрі әрекет ету үшін біздің органға жіберілуі қажет» деді әкім орынбасары. Аталған бұйрық 17 қазан күні күшіне енеді. Тексеру жұмыстары алгоритм бойынша басталады.

[smartslider3 slider=259]

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button